"Қазақстан халқы Ассамблеясы Ұлттық Ассамблеяға айналу қажет" - Бақыт Смағұл
2019 ж. 27 қаңтар
4088
2
Алғаш тәуелсіздік алған жылдары елдегі тұрақтылықты сақтау мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жақсы бастама ретінде қабылданды. Осы жылдар ішінде қазақ ұлтының азшылығы салдарынан басқа этностарға арқа сүйеу мемлекеттік саясатқа айналды. Ассамблея құрамынан Парламентке депутат сайлау да өзге этностар құқығын тым асырып, шарықтатып жіберді. Осылай әлемге Қазақстандағы саяси тұрақтылықтың басты дәнекері Ассамблея деп жар салдық.
Шындығында, елдегі тыныштықтың сақталуы Ассамблеяның қарымды қаракеті арқасында ғана болды десек оңбай қателесеміз. Біз осы жалаң саясатымыз арқылы қазақтың емес, басқалардың емін-еркін тілін дамытып, дәстүрін өркендетіп, салтын жаңғыртуға жол аштық. Солай-ақ, болсын делік, бірақ, мемлекет құраушы ұлт – қазақтың тілі орыс тілінің ығында қалып қойғаны еш жасырын емес.
Қазір қоғамда Ассамблеяны тарату жөнінде көп пікірлер білдірілуде. Шынында, бұл құрылым өзінің мән-маңызын жоғалтып, өміршеңдігінен қол үзіп бара жатқанын мойындаған жөн. Жеке топтың қамын ойлап, солардың ғана күйін күйттеушілік қазақтың тәуелсіз мемлекетіне жаны ашымастықтың белгісі. Бұл өз кезегінде Ассамблеяның көшін ілгері жылжытып, мәртебесін биіктете алмасы анық. Сондықтан мұндай құрылымы бізге керек пе, жоқ па?! Бар мәселе, осында. Енді оның астарына үңіліп көрейікші:
1.Ассамблеядағы этностар өкілдері ұлтаралық ынтымақтың жанданып, қандай бір кикілжің оқиғалардың белең алуына жол бермеу үшін бар жұмыстарын құруы тиіс еді. Елдегі тыныштықты сақтау ісінде ең бірінші көмекші де солар болуы керек-ті. Бірақ, олар сырттан бақылаушы рөлінде қалғаны ешкімге жасырын емес. 2.Қазіргі Ассамблея Қазақстанның шаңырағы астында үй ішінен үй тігіп алып, қазақы құндылықтарға құлшыныс танытпай келе жатқанын да жиі байқаймыз. Тіпті, Елбасы жарлығымен бекіген Алғыс айту күні де қазақ халқына олардың бастамасымен емес, жергілікті биліктің қарымымен алғыс сұрап алу қаншалықты қисынға келеді. 3.Бүгінде еліміздің көп өңірінде өзге этностардың қазақ халқына деген ризашылығы ретінде ескерткіштер тұрғызылуда. Ақмолалық ассамблея өкілдеріне мұндай ұсыныс түссе де, олар бұған бей-жайлық танытып, ауыздарын қу шөппен сүртушілігі ойландырмай қолмайды. Әлде олардың атынан қазақ халқына ризашылық білдіруге арналған ескерткішті өзіміз қойсақ па екен?! 4.Осы күнге дейін Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуына мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқы басты дәнекер болғанын мойындайтын уақыт жетті. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде талай шовинистік көріністер кезінде өзін де, өзгені де сабырға шақырып, басқаның қабағына көбірек қарайлаған да қазақтар еді. 5.Көптеген өркениетті елдерде оның мемлекет құраушы халқы ұлттық саясат жүргізудің негізгі арнасы ретінде қарастырылады. Аз этностар сол негізгі ұлттың қабағына қарап, маңайына топтасады. Бізде осы құндылықтар өмірлік үрдіске айналуы керек. Қазақтың маңайына топтасса, басқа этностардың да бұдан ұтылмасы анық, ең бастысы, елдік мүддені қалыптастыруға да айқара жол ашылады. Аз этностар ертеңгі күнге сеніммен қарайтын болады. Себебі, ортақ мемлекеттік тілге деген мүдделілік олардың қазақ мемлекетімен өз тағдырларын байланыстырып, одан әрі терең тамыр жаюына мүмкіндік береді. 6.Азаттық алғанымызға ширек ғасыр өтті. Тұрғылықты халықтың да басымдыққа ие ұлт болып қалыптасқанын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Ендігі жерде елдегі саяси тұрақтылық пен этносаралық татулықтың сақталуына бар жауапкершілікті қазақ ұлты өз мойнына ала алатын дәрежеге жеткенін мойындау маңызды. Бұл ұлттық идеологияның басты арқауына айналуы тиіс. 7.Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымын жаңаша құрып, оны Қазақ ұлттық ассамблеясына айналдыру аса қажет деген ой қосар едім. Себебі, қазақ қашаннан басқаларды өз қанатының астына алып, қамқорлық қолын созып келеді. Ұлттық ассамблея ең алдымен әр этностың сырттан бақылап, өз мүддесін ғана ойлаушылығынан арылтады. Осы елдік мүдденің басында қазақ ұлты тұрса, қалған этностар оның маңайына топтасар еді.
Бақыт Смағұл,
«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Қазақ үні