"Түркістан екі дүние есігі ғой..."
2019 ж. 26 қаңтар
3876
0
Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылды, оның бұрынғы орталығы Шымкентке Астана мен Алматы қатарында «республикалық мәртебе» берілді. Өзіміз «күллі түркі дүниесінің рухани астанасы» атап жүрген Түркістан осы жағдайға байланысты қайта түлеп, күрт жаңғыру үстінде. Оның астарында облыс орталығы дәрежесін иеленуден басқа да сыр жатқан болуы мүмкін. Бірақ, біз ол жайлы сөз қозғамақшы емеспіз. Айтарымыз, Түркістанның бүгінгі түлеуі оның бүгін болмаса да ертең, ертең болмаса да арғы күні мерзімі келіп, толғағы пісіп тұрған игілікті іске – еліміздің астанасы аталуына жұмыс істеп жатқандығы жайлы. Тарихи әділеттіктің ертелі-кеш салтанат құрмай тұра алмайтындығы жайлы.
Түркістанның ел астанасына айналуы не үшін әділеттілік атануы тиіс? Оның бірнеше себебі бар. Ең бастысы – Түркістандай қаласы бар елдің оны астана етпеуі – шындап келгенде үлкен күнә. Әдеттегідей қазақы қалпымызға салынып, барды бағалай білмеушілік.
Біріншіден, Түркістан географиялық тұрғыдан өте қолайлы орналасқан қала. Орталық Азияның кіндік қаласы. Батыс пен Шығыстың нағыз ортасы. 1994 жылы әлемге әйгілі америкалық «Боинг» компаниясы өзінің ұшақтарына техникалық қызмет көрсететін, Қытай, ТМД және Таяу Шығыс елдерін қамтитын орасан үлкен 8,5 млн. долларлық Өңірлік Техникалық Орталық салып беруді мойнына алғанда сол уақыттағы премьер-министр С.Терещенко өзінің кеңесшісі, ресейлік «Трансаэро» компаниясының президенті Плешаковтың мүддесі үшін (тек ол үшін ғана емес екенін бәріміздің ішіміз сезіп отыр ғой...) керемет пайдалы жобадан бас тартып, Орталықты өзбектер қағып әкетіп еді...
Екіншіден, Түркістанда 365 күннің кемі 345-350 күні ауа райы ашық. Климаты жұмсақ. Жыл он екі ай бойы теңізден соғатын бриз секілді Қаратаудан самал есіп тұрады.
Үшіншіден, Түркістаннан Қызылордаға қарай солтүстік жақ теп-тегіс ашық дала, қаланың дамуына өте ыңғайлы.
Төртіншіден, қаланың шығысында Қаратау тұр, батысында сұлу Сырдария ағып жатыр. Демалыс аймағы үшін өте қолайлы.
Бесіншіден, қазақтың жері үшін отыз жыл бойы аттан түспеген «Еңсегей бойлы ер Есім» ханнан Абылай ханға дейінгі хандарымыз, батырларымыз, билеріміз жерленген киелі топырақ.
Алтыншыдан, бұрын да қазақ елінің астанасы болған шаһар. Және 1500-жылдығы (шын мәнінде одан да көп) осыдан 24 жыл бұрын тойланған, қазақ халқының күні кеше пайда болмағанын, керісінше, тамыры өте тереңде жатқанын дәлелдеп тұрған көне елді мекен.
Жетіншіден, Яссауидей әулие мәңгілік қоныс тепкен қала. «Таяқ мініп келген бала тай мініп қайтатын» құтты, берекелі жер. Түркі дүниесінің рухани ғана емес, саяси де, экономикалық та, мәдени де орталығы болуға сұранып-ақ тұрған байтақ. Ал, ондай деңгейге болашақта жетуіміз мүмкін емес деп ешкім айта алмайды. Қазақтай дарынға, талантқа бай ұлт әлемде жоқ. Тек біз «дұрыс экономикалық реформа мергеннің оғы секілді – бір атқаннан тиеді» деген данышпан Ленин сөзін іске асыра алмай келеміз, саны бар, сапасы жоқ реформалар күрт дамып, әлемнің алдына түсіп кетуімізге кедергі болып, адымымызды аштырмай тұр.
Ташкент үшін талас
Негізі біз 1925 жылы орыстардың озбырлығынан алғашқы астанамыз Орынбордан айрылғаннан кейін Ташкент пен Түркістанның біреуін астана етуіміз керек еді. «Түркістан автономиялық өлкесінің орталығы Ташкент қаласындағы әдеби, мәдени, оқу-ағарту салаларында қазақтар саны басым, әрі, ықпалы мол болды. Өлке басшыларының да дені қазақтар еді (Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов, т.б.). Жоғары және орта дәрежелі оқу орындарының көбінде қазақ тілінде дәріс жүріп, қазақша көптеген газет-журналдар шығып тұрды. Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов, Зиябек Рүстемов, Құрманбек Жандарбеков, Жамал Омарова сынды тұлғалар осында қызмет атқарды. Қысқасы, сол кездегі Ташкент қаласын қазақтың мәдени орталығы деуге толық негіз бар-тын. Оның үстіне, қаланы қоршаған айнала төңіректегі халықтың басым бөлігі қазақтар болғандықтан, Ташкент қаласы ресми тұрғыда пәлен ұлтқа тиесілі деп саналмайтын, бірақ, қалада өзбектердің сан жағынан молдау екені рас-тын. ...Арадан бес-алты жыл өтер-өтпесте Түркістан өлкесі тарап, қырғыз өз алдына, өзбек өз алдына республикаға айналды, бұған дейін қырғыздың астанасы Фрунзе, өзбектің астанасы Самарқан еді. ...Міне, осы шақта аяқ астынан Ташкент қаласын өзбектерге астана ету жөнінде әңгіме көтеріліп, оны бүкілхалықтық референдум өткізу арқылы шешу қызу қолға алынды. Ташкент үшін талас басталды. Оны иемдену үшін қазақ, өзбек, сарт (өзбек емес) – үш халық өкілдері әрекетке көшті. Басы-қасында – кейін РСФСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болған – Тұрар Рысқұлов, сондай-ақ, Өзбекстан Министрлер Кеңесінің сол кездегі төрағасы (семейлік қазақ) Сұлтан Сегізбаев және өзін өзбек емес, сарт деп санайтын Акмал Икрамов тұрды. ...Бүкіл уәләятта сан жағынан басым қазақтар Ташкентті қолдан шығармауға мүмкіндік мол еді. Жайбарақат жарықтықтар онша алаңдамай, нақты жағдайға кезінде тиісті мән бере қоймады емес пе. Нақты жағдай былай-тын. Сұрхандария уалаятынан Ташкент аңғарына қоныс аударған қазақтардың көбі өздерін өзбекпіз деп, соларға қосылды. Сарттар да өзбекке қосыламыз десті. Алашапқын күндерде Сұлтан Сегізбаев «біз сендермен бірікпейміз» деп қанша шіренгенімен, бәрібір, олармен тізе қосты. Сарттар болса «бұдан былай өзімізді ешқашан сарт демей, өзбекпіз дейміз, сарт дегенді ауызға алмаймыз» деп ант-су ішті. Сөйтіп, өзбектер сан жағынан көп болып, референдумда жеңіп шықты. Жайбасар, аңқау қазақтар сан соғып қалды». (Зәкір Асабаев, «Ташкент үшін талас», «Қазақ үні» ұлттық порталы, 14.05.2014).
Сөйтіп, 1930 жылы өзбек астанасы Самарқандтан Ташкенге көшіп келді. Тарихшы Ахмет Тоқтабаевты тыңдасақ. «1925 жылы қазақтар Орынбордан көшетін болғанда Ташкент үшін талас жүріп жатқан болатын. Қазақтың игі жақсысының ол күресте ұтылып қалатын себебі, Мәскеу Ленин мен Сталин, Фрунзе мен Куйбышевтар өзбек жағында болды. Оқығандары көп қазақтың қолына ірі қаланың өткенін қаламады. Қазақ басшылығының Ақмешіт-Қызылордаға тоқтаған себебі, біріншіден, ол кезде Сырдың суы мол, «Еділдің бойы ен тоғай, Ел толтырсам деп едім» деп Махамбет армандағандай, дарияның екі жағы қалың жыныс, ну тоғай, малшылыққа да, егіншілікке де өте қолайлы қала болған. Екіншіден, олар қазағы көп қаланың астана болғанын қолай көрді ғой. Рас, ауа райы онша оңып тұрмаған еді...
Ал, Түркістанға келсек, оның ресурсы ары барса жарты миллион адамға жетеді. Жалпы, бізге «миллиондық» қаланың көп болғанының түкке қажеті жоқ. Себебі, біз судың зардабын, соның ішінде Түркістан қаласы, ертең-ақ тарта бастаймыз. Күнгейдегі өзендердің бастауы өзбек, қырғыз, тәжік жерінде. Шығыстағы өзендер Қытайдан келеді. Алматының өзі енді бір жиырма жылдан соң судан тарыға бастайтын болады. Біздің елімізге қалаларды ірілендірудің орнына ауылдарды қалпына келтіріп, экономиканың басты салмағын солай аудару қажет. Патшалық Ресей тұсында Арқа жерінде 5 мыңнан астам ауыл болған. Әні, соларды қалпына келтіру кезек күттірмес мәселе».
Жарайды, әдеттегідей қазақы алауыздық (Сұлтан Сегізбаевты алайық) пен жайбасарлықтың кесірінен Ташкенттей қаламыздан айрылып қалайық. Бірақ, Қызылордадан көшкенде таудың бір қуысындағы Алматыны таңдағанша, ең құрығанда Түркістан үшін неге бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмаймыз? Тағы да сол көп «шылық» – рушылдық, жүзшілдік. Сұлтанбек Қожанов Түркістанға тартса өзінің туған өлкесіне бұрған болып көрінгісі келмепті деген сөз бар. Ал, Ораз Жандосов өзінің туған өлкесіне, Жетісуға бұрмады ма? Бір орысы жоқ Түркістан тұрғанда қып-қызыл орыстық қамал-қала Алматыны таңдау деген санаға сыймайтын тірлік қой! Шағын, сұлу кейпінде курорттық қала болып қалуға тиіс Алматыда қазақтың саны 1986 жылы ғана – онда студенттердің есебінен! – 16 пайызға зорға жеткен жоқ па?
Су мәселесін қалай шешуге болады?
«Сулы жер – нулы жер. Нулы жер – рулы ел». Бөлтірік шешен Міне, біз «Түркістанды астана етуге болмайды, су тапшылығы оған мүмкіндік бермейді, Қазақстанның өзі болашақта екінші Сахараға айналуы мүмкін» деген тарихшы пікірін естідік. Ол кісі де «асыра сілтеп отыр» деуге аузымыз бармайды, айтып отырғаны дұрыс, мәселе туған кезде тыпырламай, соның алдын-ала қимылдау – бұл мемлекеттің мойнында міндет. Шымкентте елімізге белгілі сәулетші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бақытжан Әшірбаев тұрады. Ақын, әнші, фотосуретші, қысқасы, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ең бастысы, нағыз жан-жақты жасампаз жан. Әне, сол Бәкең зейнеткерлікке шыққан екі жылдан бері өз еркімен облыс пен республика үшін қандай қосымша жұмыс көздерін ашуға болады деген тақырыппен айналысып келеді. Ал, бұл мәселемен айналысқан адам ең алдымен жер мен суды зерттеуге мәжбүр болатыны белгілі. Сәулетшіге сұрақ қояр алдында оның бұдан 12 жыл бұрын осы жолдар авторына берген сұхбатын еске алдық: «...Түркiстанда жүргенде таудан ағып, Кентау қаласының астына кетiп жатқан суды суағармен (водоводпен) Түркiстанға әкелу деген жобамен айналыстым. Түркiстанда су жоқ қой. Кентау Түркiстаннан 300 метр биiк тұр. Сол себептi судың қатты қарқынын бәсейту үшiн суағардың әр жерiнде иiн жасалады. Мен сол иiндердiң орнына генераторлар қоюды ұсындым. Әрқайсысы 1,5 мегаватт канадалық генераторларды таптым да. Екi қаланың да электр энергиясына, суға деген мәселесi шешiлер едi. Үкiметке бардым. Қасым-Жомарт Тоқаев – Премьер, оның орынбасары – Даниал Ахметовке кiрдiм. Ол кiсi бiраз министрлiктiң басын қосып, талқыладық. Барлығы мақұлдады. Бiрақ сонымен қалды... Кейiн бiлсем, ол кезде Ораз Жандосов басқаратын «КЕГОК» компаниясы Кентаудың астындағы бос шахталарға кетiп жатқан суды насостармен сорып отыру үшiн жылына бюджеттен 800 миллион теңге алады екен! Суды сормаса қаланың асты зәктеп, үйдiң бәрi құлайды деген болжам болған. Кейiн шахталардағы суды сорғанды тоқтатты, қалада құлаған жоқ, тiпә-тiпә, әзiр құлар түрi де жоқ, суағар да салынды. Тек генераторсыз, баяғыдағыдай иiндер жасалынды...» Бүгінгі жағдайға келсек, біз 1991 жылдан бері Шардара су қоймасынан Өзбекстанның Айдаркөліне 63 млрд.текше метр суды «сыйладық». Зайсанға пара-пар. Көксарай контрреттегішін салып, 2-2,5 млрд. т.м. суды сақтай алатын болдық. Археолог Смағұлов: «Түркістан бұрын «Мың өзеннің қаласы» деп аталған. Қаратаудан төмен қарай ағатын бұлақ, кішкентай өзен көп. Олардың әлеуетін жинап, пайдалануға әбден болады. Сауран қаласының айналасы орта ғасырларда Түркістанның «азық-түлік белдеуі» болған» дейді. Ол жайлы сол заманғы араб тарихшыларынан жеткен жазбалар бар... Қаратауда 6 млрд. т.м. су жинап алуға болатын, табиғи ойпаңдық бар. Бұдан бөлек Шығыс Қазақстанды жылда қинайтын көктемгі қар мен жаңбырдың суын жер рельефін пайдаланып Балқашқа, Балқаштан Шу арқылы Сырдарияның бүгінгі және бұрынғы арналары арқылы Аралға жеткізуге болады. Шудың орта ағысында да екі Көксарайдың суы сиятын тағы бір ойпаң жер бар. Қысқасы, Қазақстанда су көзі жоқ емес бар, тіпті көп деуге болады. Тек оны ала білу керек. Әрине, бұл бір жылдың жұмысы емес, бірақ, бес жыл болмаса да он жылда бітіруге әбден болады. Бәрі өзімізге байланысты...» Асан-Қайғы Түркістанды көргенде: «Суы семіз, жері арық, жер сорлысы мұнда екен» деген. Қаланың өзінде жетпісінші жылдарға дейін қаптаған желдиірмендер тұратын. Олардың жұмысы – ары кетсе он-он бес метрден шығатын құдықтан су тарту болатын... Су әлеуетінің молдығы да Түркістанға болашақта астана атануға мүмкіндік беретін фактордың бірі. Біздің әзірге ұсынысымыз – бүгін қаланы дамытып жатқан жолдастар болашақты да еске ұстай отырып қимылдаса екен деген тілек қана... Өмірзақ Ақжігіт qazaquni.kz