Халық белсенділігі - қоғам дамуының белгісі
2019 ж. 26 қаңтар
2814
0
Жыл сайын аудан, қала, облыс әкімдері халық алдында есеп беріп, атқарылған жұмыстары жайында баяндайтыны баршаға аян. Бұл жақсы үрдіс, әкім халыққа қызмет етіп, соның алдында жауапты болуы керек. Өткен жылды қорытындылаған әкімдердің есеп беру науқаны биыл да басталып кетті. Сондай кезекті жиынның бірі Алматы қаласы Алатау ауданында өтті.
Алып шаһардың әрбір ауданының өзі халық саны мен алып жатқан жер көлемі жағынан облыс орталығы саналатын қатардағы қалалардан бір де кем түспейді. Бүкіл аудан тұрғындарын бір жерге жинап алу мүмкін емес, сондықтан мұндай есеп беру жиынын бөліп-бөліп өткізуге тура келген. Бұл жыл басынан бергі төртінші жиын, алда тағы да халықпен кездесулер өткізу жоспарланған. Алатау ауданының ашылғанына он шақты жыл болғанмен санаулы уақытта байырғы аудандармен иық тірестіретіндей жағдайға жетті. Бұрынғы облыс көлеміне қараған елді мекендерге түрлі инженерлік құрылымдарды жүргізіп, абаттандырып қала кейпіне келтіруге қыруар қаржы жұмсалды. Аталмыш ауданға қарасты «Ұлжан» ықшамауданындағы №152 мектептің мәжіліс залы тұрғындарға лық толды. Осыған қарап халықтың белсенділігі арта бастағанын байқауға болса, екіншіден қордаланған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің де аз еместігін аңғартты.
Алдынала айта кетейік, жиын таза қазақ тілінде өткені қуантты. Әдетте қазақша бастап, одан әрі «өзінің орысшасына» ауысып кететін әкімдерді де көріп жүрміз. Екіншіден, сұрақ қоям деушілерге шектеу қойылмады. Бұрындар мектеп мұғалімдері сияқты мемлекеттік қызметкерлерді жинап алып, кім не деу керектігін күні бұрын белгілеп қоятын кері кеткен әдеттен арыла бастаған секілдіміз. Жиналыста белгіленген тәртіпке сай жарты сағатқа жуық баяндама жасаған аудан әкімі Шахмерден Рыспаев жыл бойы жасалған жұмыстарды тізіп шықты. Әрине, аз жұмыс атқарылды деп айта алмаймыз. Салынған жаңа ғимараттар, жолдар мен су, газ құбырлары, нашар қамтылған адамдарды әлеуметтік жағынан қорғау және басқа да бағыттағы атқарылған шаралар сөз болды. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бюджеттен бөлінген қыруар қаржының уақтылы, өз мақсатында игерілуі басты көрсеткіштердің бірі болып саналатыны белгілі. Әкімнің әңгімесінің арқауы да сол болды. Бастысы әкім жұртпен ашық әңгімеге ниетті екенін көрсетті.
Аудан әкімі Шахмерден Рыспаевтың әдемі баяндамасында мін болмағанмен тұрғындарды толғандыратын мәселе әлдеқайда көп болып шықты. Оны аудан тұрғындары ашық та ашына айтты. Соның кейбіреулеріне ғана тоқтала кетелік. Жаңадан құрылған «Ұлжан», «Дархан» секілді ықшамаудандарға 2017 жылы су және кәріз құбырларын жүргізуге қомақты қаржы бөлініп, тендер атты тажалды ұтып алған мердігерлерге жүктелгенмен бұл жұмыстар осы күнге дейін аяқталмағаны алдымен айтылды. Жүйе 2017 жылдың соңында пайдалануға тапсырылуы тиіс-ті. Бұл туралы өткен жылғы есеп беру жиынында да айтылған-ды. Тұрғындар телеарналарды шақыртып шулатқанмен мәселе өз шешімін таппай келеді. Осыған қатысты «сыныққа» айтар сылтаулар да жеткілікті. Біріншіден жүздеген үйлер есепке алынбай қалған, соған байланысты қаржы жетпей қалыпты. Сонда қалай болған, тапсырыс берген әкімдік мамандары айналдырған 3-4 мың үйдің санына жете алмағаны ма? Ал, қаладан бір жұмысқа қайта-қайта қаржы бөліне бермесі белгілі. Оған қоса құрылыс жұмыстарына қала, аудан тарапынан бақылау нашар жасалған, мердігерлер ойына келгенін істеген, құрылыс жұмыстарын сапасыз жүргізген. Осы құрылыс нысандарын қала өз балансына алды ма, жоқ па, оны да анықтау қиын болып отыр. Жиналысқа келген қала коммуналдық қызметі мамандары міңгірлеп дұрыс жауап бере алмады. Алдық дейін десе құрылыс аяқталмаған, алмадық дейін десе құжат бойынша қабылданып қойғанға ұқсайды. Қабылдап алса ол неге пайдалануға берілмейді? Бюджет қаржысы босқа кеткені ме? Бұл жұмыс халық игілігіне емес, жоғары жаққа қағаз жүзінде есеп беру үшін жопарланған ба? Дегенмен, бітпеген құрылысты қабылдауға олардың басы екеу емес шығар. Бұл жерде бір құпия жатқан секілді. Осы құрылысқа тапсырыс беріп қабылдап алушы қала басшылығы от пен судың ортасында қалғандай әсерде. Ең сорақысы, кәріз құбырларын жүргіземіз деп кезінде жап-жақсы жүргізілген асфальт жолдарды талқандап кетті. Қазір шұрық-тесік жолдармен жүрудің өзі үлкен азапқа айналды. Артық қыламыз деп тыртық қылды деген осы шығар.
Бес-алты жылдан бері шешімін таппай келе жатқан қоқыс шығару мәселесі де қызу көтерілді. Әкім бұл қызметтің неге қымбат екенін түсіндіргісі келгенмен тұрғындар илана қоймады. Елбасының тапсырмасын білетін жұртшылық қызмет бағасын қалайда түсіру керектігін талап етті. Мысалы, бұл саладағы кәсіпорындар әрбір үйде нақты тұрып жатқан адам басына емес, тіркеуде тұрғандардың бәріне ақша төлетуде. Айталық, бір баласы өзімен бірге тұрса қалған екі баласы отбасымен пәтерде жүр делік. Сонда тіркеуде тұрған балалары мен немерелері үшін үй иесі ақша төлеуге тиісті ме? Олар қоқыстарын әке-шешесінің үйіне әкеліп жатқан жоқ қой. Мұндай санаға сыйымсыз әдісті біздің тойымсыз кәсіпкерлер ғана ойлап табуы мүмкін. Өйткені, оларды бақылайтын, қызметтерін реттеп отыратын біздің жауапты орындар жұмыс істемейді. Еліміздегі монополияға қарсы қызмет саласы мұндай кемшіліктер мен заң бұзушылықты көрсе де көрмегендей кейіп танытады. «Кәсіпкерлерден пара алған соң оларға бағаны түсір деп ештеңе айта алмайды» – деген көпшіліктің пікірі шындыққа жанасатын секілді. Егер бұл сала қызметі дұрыс жұмыс істесе тұрғындар тарапынан ешқандай арыз айтылмас та еді. Елбасы тапсырма беріп еді электр, су, газ, жанармай бағасы сәл де болса арзандап жатыр. Ал осы жұмысты монополияға қарсы қызмет саласы бұрындар істеу керек еді, солардың тікелей міндеттері емес пе? Қампиған штатын қаржыландырып отырған халықтың қалтасын қағуға кәсіпкерлерге мүмкіндік беріп отырған мұндай органды таратып жібергеннің өзі дұрыс шығар...
Бүгінгі күні аудан толықтай газбен қамтылды деуге болады. Оған да қала бюджетінен қаржы бөлінді. Бірақ, осы салаға айтар арыздар аз емес. «Алматыгаз» мекемесінің қызметі көптеген қиындықтарды қолдан жасап жатқанын жұрт ашық айтты. Газдың бағасы удай екені өз алдына, есептегіш құралдарының уақыты өтіп кетті деп шыжыған шілде айында үй жылыттыңдар деп әрбір шаршы метр үшін ақша ұстаған кәсіпкерлердің өкілін тұрғындар жерден алып жерге салды. Олардың да жауабы жұртты иландыра алмады. Газ есептегіштерді ауыстыруды тұрғындардың мойнына іліп қойған кәсіпкерлер өз кінәсін мойындағысы да келмеді. Халықтың арқасында миллиардтап пайда тауып жатқанын қаперіне де алмады.
Тұрғындар бұдан басқа қоғамдық көлік пен медицина қызметі, қоғамдық тәртіп бұзушылық, оның ішінде ұрлық-қарлық белең алғанын атап көрсетті. Ашық әңгіме барысында төрт көздері түгел жиналған аудан басшылары мен қала қызметі өкілдеріне талап-тілек аз айтылған жоқ. Сонымен қатар, күнделікті тұрмыстық сұрақтардан басқа, ықшамаудандардағы жергілікті өзін-өзі басқару комитет төрағаларын халықтың өзі сайлау және олардың тұрғындар алдында есеп беру керектігі сөз болды. Бұл мәселе соңғы жылдарда алғаш рет көтеріліп отырғанын айта кетуіміз қажет. Халық жоғарыдан тағайындалған емес, өздері сайлаған төрағаны көргісі келеді. Бұл тұрғындардың белсенділігінің арта бастағанын көрсетеді. Жоғарыдан нұсқау күтпей көптеген мәселелерді өздері шешуге ұмтылған ниеттерін тек қана құптауға болады. Халық белсенділігінің артуы қоғам дамуына оң ықпал етері де сөзсіз.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz