Азғындықты насихаттаудың астарында не бар?

0
2182

Өткен жексенбіде, 8 қазан күні «КТК» телеарнасы «Астарлы ақиқат» деген хабарының бір бөлігін гомосексуалистерге арнады. «Енді мен олар туралы сіздерге тарқатып айтып берейін» деп бастаған осы хабардың жүргізушісі Динара Төлепбергенге бұл тақырып өте бір қызықты болып көрінсе керек, тамсана отырып, эпизодтарға майын тамылжыта түсінік берумен болды.

 

Ал, негізіне келгенде, гомосексуализм дегеніміз не? Ғылыми анықтамасы – жыныстық азғындық. Екінші жағынан бұл – ауру. Ауру түрінде де, азғындық түрінде де адам баласымен бірге жасасып келе жатқандықтан бұл екі құбылыс та жаңалық болып табылмайды. Рим империясының құлауының басты себептерінің бірінің өзі «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай айтып кеткен, тойып секіргеннен тапқан азғындық болатын. Соның бір түрі ретінде гладиаторлардың қанға бөккен кескінінен қозатын байлар мен бағландардың әйелдері өздерінің қайратты құлдарын бірге ертіп келіп, тап сол стадионда, гладиаторлар шайқасы жүріп жатқанда құмарын қандыру үшін жаппай оргияға берілуді әдетке айналдырғанын, ал олардың санасы азғындыққа ұшыраған жұбайлары мұндай масқарашылыққа «түсіністікпен» қарағанын сол замандағы тарихшылар жазып қалдырған. Ал Содом мен Гоморра қалалары осы азғындыққа салынғандығы үшін Құдайдың қаһарына ұшырағаны, бір пәсте отқа оранғаны мәлім.
«Тарих спираль түрінде қайталана дамиды» деп жазды К.Маркс. Бүгінгі тойынғаннан не істерін білмей отырған Батыс әлемі сол азғындыққа қайтадан кең жол ашып қойды. Қазір бұрынғы кезде жасырын түрде емделетін ауру енді ауру емес, азғындық та азғындық емес, «адамның өз құқығына» айналды. Ақша табу үшін не нәрседен болсын тайынбайтын Батыс бүгін аса қуатты ақпарат құралдарының күшімен бүкіл халықтың санасын улап, адамнан айуанға айналғандарды құқығы тапталып жатқан «сексуалды азшылық» етіп көрсетіп, азғындықты барынша насихаттап жатыр. Бүгінгі таңда АҚШ-тың 14 штатында еркектер мен еркектерге отбасы құруға, оларға балалар үйінен сәби асырап алуға рұқсат етіп қойды. Бұл қатарға ең жақында қосылған – Нью-Йорк штаты. Штат орталығының өзінде Қазақстанның халқынан көп адам мекен етеді. Одан Еуропа да қалыса қоймайды. Финляндияның премьер-министрі мен Ирландияның президенттігіне үміткер өздерінің сексуалдық бағыты қалыптағыдан басқа екенін мақтан тұта жария етеді. Үміткер, тіпті, палестиналық жас ер баланы зорлағаны үшін айыпталған өзінің израилдық ойнас жігітіне соттың рахымшылдық (?!) көрсетуін өтініп хат жазған! Айта берсек, мұндай мысалдар толып жатыр. Сондай саясаттың «арқасында» кәзір бұл азғындар арсыздығынан ұялмайтын болды, көкірегін қайқайтып, басын жоғары көтеріп, өздерін өзгелерден биік ұстайтын дәрежеге, ал халық оларға «түсіністікпен» қарайтын жағдайға, баласы анасына «мен үйленсем деймін, саған өз ғашығымды таныстырғым келеді» деген сәттерде шешесі «ғашығың әйел ме, еркек пе?» деп анықтап алатын жағдайға жетті.
Батыс әлемі бүгін неге ондай қадамдарға барып отыр? Капиталист үшін ең бастысы – капитал, яғни ақша. Өзгелер оның ақша табуына кедергі келтірмесе болды, білгенін істеп жүре берсін, мейлі, ит болып үріп кетсе де өзі біледі. Капитализмге жалқауларды жұмысқа зорлап үйреткеннен оларға ондаған жылдар бойы жәрдемақы беріп, жұмыс істетпей қойған тиімді. Өзінің «екінші сорт» адам екеніне көндігіп, тып-тыныш қана үйінде отырса болғаны. Батыстағы халықтың «жұмыссыз» атанудан, сол санатқа түсіп қалудан зәресі қалмай қорқатыны да содан. Әйтпесе, жұмыссыздыққа берілетін жәрдемақы оны аштан өлтірмейді, оны айтасыз, адам секілді өмір сүруіне, жүріс-тұрысына жетіп жатады.
Азғындық жолға түскен­дерге де олар дәл осы тұрғыдан қарайды. Халықтың бес-он пайызының адам кейіптес айуанға айналғанынан, нашақор немесе басқа болғанынан оның капиталына, ағыл-тегіл молшылығына келіп-кетер қауіп жоқ, қайта өстіп жүре бергені дұрыс деп санайды. «Таяқтың екі ұшы болатынын», өздерінің ұл-қыздары да дәл сол жолға түсуі мүмкін екенін ойламайды. Шынында да, сол жолға түсіп жатқан байлардың перзенттері аз емес. Бірақ, ойлағанмен де қолдан келер қайран жоқ, кәзір бұл саясат жекелеген саясаткерлердің ырқына көнбейтін алып күшке ие болып алды. Батыс өзінің арам қолды тірлігінің өзі құрбаны болып отыр
Міне, еліктеуден алдына жан салмайтын, өзгенің қаңсығы таңсық болып көрініп, оның жақсы-жаманына қарамай, бас салып жұта беретін аңқау қазақ та азғындық жолға түскелі аз болған жоқ. Әсіресе, тәуелсіздік келгелі биліктің а) мемлекеттің байлығын пышақ үстінен бөлісу; б) арам жолмен ақша табу; с) оны жасыру; д) жасырғанды қойып, бір емес екі рет оны заңдастыру арқылы «адалдау»; е) «адалданған» ақшаны (бейне бір жуып-шайғаннан арам нәрсе адал бола қалатындай) енді шет елдерге шығару» секілді «аса қауырт, өте маңызды» мәселелермен болып, ұлттың, ұрпақтың тәрбиесі сияқты «ұсақ-түйек шаруаға» қарауға шамасы келмей жүр. Дәлірегі, жоғарыдағы өзіне қажетірек мәселелермен айналысу үшін де халықты бетімен жайып жібергенінің салдарынан мұндай келеңсіздік күн санап бел алып, көктей қаулап барады. Әсіресе, «Время» газетінің белсенділігі аса жоғары.
Міне, 20-қазан күнгі санында басылым «Далеко нам до просвещеннего мира, где клубная жизнь богата безобразиями и топлесом» деп, тілшінің өзегін өртеген өкінішпен басталған «Кто платит – тот и раздевает» атты мақаласы түнгі клубтың төрт түрлі-түсті суретімен толықтырылып, «стриптизер жігіттер жиналған топтан қалаған қыздарын суырып алып, ойына келгенін істеді, қалған қыздар қызғана қарап тұрды» дей келе, мақала соңында «ең күшті номер – келушілердің ішінен шешінуге үш-ақ қыз шықты, онда да түгел шешінген жоқ, бұл жүлденің бар-жоғы 200 доллар болғандығынан, былтыр 2000 долларға шешінбек тұрмақ, эротикалық номер көрсетіп еді» деп, аһ ұрған өкінішпен аяқталады. Біз әлемдегі ең бай, ең ақшаны жақсы көретін еврей халқының Израль мемлекетінде түңгі клубтар мен казинолар заң жүзінде тиым салынған. Шыдамаған кей еврей көрші Араб елдеріне барып, түнде ойын-сауық құрып, ақша шашып қайтады. Екінші жағынан сол еврей халқында үйленетін екі жас үйленердің алдында үш ай бұрын ішімдік атаулыны ішуді тоқтатады. Неге? Өйткені, жас үйленген отауда жас келіншек әдетте тез көтеріп қалады. Міне, олар болашақ ұрпағының денсаулығы мықты болғанын қалайды.
Аталған басылым өзінің әр бейсенбіде шығатын апталық қалың санында эротика жайлы жазуға әбден машықтанып алған. Мен «Время» секілді басылымдардың жоғары­дағыдай мақалаларын оқы­ғанымда Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романындағы Сүлеймен деген ет асатқыш есіме түседі. Қалжыңға құмар қазақта бұрын «асату» деген дәстүр болғаны бегілі. «Сүлейменнің саусақтары өте жіңішке, әдемі еді, ол етпен қосып сүйек асатқанда да қонақтар оның қолындағыны қалай жұтқанын білмей қалатын» деп жазады жазушы. Бейәдеп басылымдар бүгінгі күні сол Сүлейменнің рөлін ойнап отыр-дағы, сорлы қазақ соған мәз болып, «сүйекті» қалай жұтып қойып жатқанын байқар емес.
Біздің билік халықты бетімен жіберді дедік. Бетімен жібергендіктен де «Времялардың» не істеп, не қойып жатқанын көруге шамасы жоқ. Ал ол басылым жақында тағы да бір қолын басының астына қойып, шалқасынан түсіп, төсегінде балқып жатқан, жартылай жалаңаш жас әдемі әйелдің түрлі-түсті суретін берді. Неге балқып жатыр десеңіз, әлгі сұлудың мойны, шашы, бетінің бәріне, мұрнының ұшына дейін… еркектің шауһаты жағылып қалған. Басылымның ойынша, бұл сурет сұлулықты сипаттайтын, насихаттайтын болса керек.
Гомосексуализм – ауру немесе азғындық дедік. Ауру адам емделуі тиіс. Азғынды мемлекет алдымен оқшаулап, қолға алып, қоғам оның бұл игілікті ісін қостап-қолдап, көп болып көмектесіп, мәжбүрлеп болсын емдеп, тәрбиелеп, түзу жолға салуы керек. Азғынды оқшауламау қоғам үшін алапестен де қауіпті. Қауіпті екеніне дәлелді алыстан іздеп жатудың қажеттілігі жоқ, дәлел аттап басқан сайын кездеседі, бүгінгі өміріміздің бәрі дәлел. Біз бүлінген Батыстың жолымен жүреміз деп, қылмыстық кодекстен еркек пен еркектің жыныстық қатынасына тыйым салатын бапты алып тастадық. Салдары қандай? Салдары – педофильдік «шешек атып» шыға келді. Ары бармай-ақ қояйық, кейінгі екі-үш ай бойы теледидар мен газет беттерін солар бермей тұрған жоқ па? Сол педофильдердің көбісін түрмеден «жақсы мінез-құлқы мен тәртібі үшін» (?!) мерзімінен бұрын шығарып жіберуге құштар құқық қорғау органдары, міне, бір айдан асты, Семейде қолдарында суреті бар сондай азғынның біреуін әлі күнге ұстауға дәрменсіз болып отыр. Немесе құлықсыз. Қала халқы болса кішкентай балаларын көшеге шығаруға қорқады. Күні кеше ғана теледидардан көрсетті – жап-жас қазақ жігіті араққа тойып алып, бес жасар ұл баланы зорлапты. Тоқ ішегі жарылып кеткен нәресте денсаулығы не болары белгісіз, ауруханада жатыр.
Социологтар «саяси болсын, бұзақы болсын, қылмыс біткеннің 90 пайызы ұрық қуалайтын азғындықтың салдарынан болатынын, ал, азғындық дегеніміздің өзі жүйке аурулары мен жыныстық азғындықтан құралатынын» жақсы біледі. Білгенмен, жоғарыда айтыл­ғандай, қолынан келер қайран жоқ, байлық үшін бәріне көз жұматын, «халық не істесе соны істесін, тек, әйтеуір, төңкеріс демей, өзімен-өзі тыныш жүрсе болды» деген сайқал саясат ұстанған, шын мәнісінде бүкіл әлемге қаржылық үстемдігін жүргізіп отырған ат төбеліндей аз ғана топтың либералдық қағидасының құрбаны болып отыр. Мысалы, АҚШ-та полицейлер ең жоғары жалақы алатын топқа жатады. Олар пара алмайды, жұмысын жақсы атқарады. Бірақ, одан қылмыс азаяр емес. Неге? Себебі, қылмысты болдырмау, оның алдын алу бағытындағы жұмыс жоқ. Ал араб елдерінде біз әңгіме етіп отырған бағыттағы қылмыстық істер жоқтың қасы. Себебі заң қатал. Өте қатал. Бірақ, әділетті. Жаза біреу ғана – өлім. Бұрын ата-бабамыз қыз зорлағанды ағаш қазыққа отырғызып өлтіретін болған. Соның нәтижесінде қылмыстың ол түрі ұлы далада жоқ еді. Бүгін біз жас сәбилерді зорлағандарды соттаймыз да біраз жылдан соң «жақсы тәртібі» үшін босатып жібереміз.
1949 жылы АҚШ-та Орталық барлау басқармасы «Даллес жоспарын» қабылдағаны кеңес өкіметі құлаған соң бегілі болды. Ол жоспар кеңес халқын тек азғындық жолға салып, оларды адамгершіліктен тайдырып, адамның айуандық қасиетін барынша қоздыруды басты мақсат тұтқан. Сол жолмен ғана жеңіске жете аламыз деп есептеген. Жоспардың іске асуына 50 жыл берілген. Жоспар 42 жыл ішінде, «мерзімінен бұрын» орындалғанына бәріміз куәміз. Бүгінде дәл сондай тағы бір «Даллес жоспары» қазақ халқына қатысты жасалмағандығына кепілдік беруге болмайды. Батысқа біздің ұлтымыз керек емес, оларға біздің жеріміздің байлығы ғана керек. Жақында Алматыға келген ресейлік профессор В.Цыганов: «Батыстың мақсаты – БАҚ арқылы біздің санамызды бұзу. Біз алданып бұл тұзаққа түспеуіміз керек!» деді. 150 млн халықтың өкілі осылай дабыл қағып отыр. Ал біз жайбарақатпыз.
Біздің ұлтымызды, халқымызды осылайша іштей ірітетін мақалалар жазатын басылымдар, өзгенің қоқсығын аузынан суы құрып баяндайтын телеарналар мен азғындықты насихаттайтын интернет сайттары, «жүрегі жұмсақ» соттар мен полицейлер, «ізгі» заң жасап шығаратын парламент депутаттары шын мәнінде халықтың досы ма, жауы ма? Қай іс болсын нәтижеге қарап бағаланады, олар өз істерінің нәтижесі қандай екенін көрмей-білмей отыр ма? Олар халықтың досы болса, жауы кім сонда? Орыста «упаси, Боже, меня от таких друзей, а с врагами сам справлюсь» деген қанатты сөз бар. Сірә, бұл сөз әлгіндей «достарға» байланысты шыққан болса керек.
Ұлт патриоттары! Байлыққа әлі тойынып болмаған, жуық арада тойынар түрі де жоқ, қит етсе қасиетті тілден бастап қазақтың ұлттық құндылығының бәріне қарсы шығатын, арманы – елімізді америкалық үлгідегі мемлекетке айналдыру болып отырған биліктен Маңғыстау мұнайшылары секілді біз де күдер үзіп, өз қамымызды өзіміз жеуімізге тура келіп отырған жай бар. Әрқайсысымыз шамамыздың келгенінше ұлтты оятуға, оның басын біріктіруге атсалысумыз ғана қалды. Өзімізді өзіміз құтқармасақ, суға кеткеніміз кеткен-ау…

Өмірзақ АҚЖІГІТ 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз