Талдықорғанда дәрігерлер науқасқа 4 рет басқа қан құйған
2019 ж. 24 қаңтар
2252
0
Талдықорған облыстық ауруханасында емделген әйелдің туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Дәрігерлер анамызға басқа топтың қанын құйғаннан соң жағдайы күрт төмендеп кетті дейді жақындары. Сорақысы ауруханаға өз аяғымен келген науқас бір айдан соң қайтыс болған.
Бұл туралы ">31 арна хабарлайды.
Талдықорғанда облыстық ауруханада дәрігерлер науқасқа басқа топтың қанын құйып жатқанын білмеген. Өйткені дәрігерлер 4-ші ттоптың қаны көрсетілді, сол бойынша қан құйылды деп ақталып отыр. Ал шын мәнісінде науқастың қан тобы 4-емес, 3-топ болып шыққан. Ал гемоглабині 50-ді көрсетіп тұрған науқасқа басқа топтың қанын аурухананың дәрігерлері 4 рет құйған.
«Екі рет құйғанда екі бүйрегі істен шыққан, пневмония болған. Содан 3, 4-рет құйғаннан кейін жағдайы мүлде нашарлаған. 4 мәрте құйып тастағаннан кейін қан тобын анықтаған», – дейді марқұмның қызы Қарлығаш Қайыпбекова.
Ең сорақысы, дәрігерлер науқасқа басқа топтағы қан құйылғаны туралы тіс жармаған. Айналасы бір айдың ішінде Анархан Қырғызбаеваға 3-топтың да, 4-топтың да қанын құйып тастаған.
«Қан тобын дұрыс анықтамағанымызды мойындап отырмыз. Сонымен қатар ауыр дерт болғаннан кейін, оны сүйіншілеп айтпаймыз ғой. Үшінші, төртінші рет қан құйылғаннан кейін бұл аурудың дамуын қоздырып жіберді деп айтуға болады», – дейді Алматы облыстық аурухананың бас дәрігері Мұрат Рахметов.
Ал науқастың қан ауруына шалдыққанын біле тұра облыстық аурухананың дәрігерлері қан тобын бірден дұрыстап анықтамады деп кінәлайды анасынан айырылған қызы.
«Қан ауруы екенін біле тұра терең зерттеуі қажет еді. Мен дәрігер емеспін. Десе де терең зерттеген жағдайда, қан тобы 4-ші емес, 3-інші топ екені анықталады. Өкпесі, бүйрегі, барлық ағзасы істен шыққанша қинады. Анам солай өлді», – дейді марқұмның қызы.
Қарлығаш Қайыпбекованың сөзінше, дәрігерлер жалған құжатты да жасап үлгерген. Анасын он күн бұрын ғана жер қойнына тапсырған балалары ендігі прокуратураға, тиісті мекемелерге арыздарын үлгерді. Қайғыдан қан жұтқан отбасы еліміздің Бас прокуратурасы дәл осы істі бақылауына алса дейді.