«Ақ жол» фракциясы Қаржы министрлігін айыптады
2019 ж. 19 қаңтар
3412
0
«Ақ жол» фракциясы Қаржы министрлігін ірі бизнестің мүддесін лоббилендіріп, мемлекеттік сатып алу саласында ШОБ-қа қысым жасағаны үшін айыптады – тиісті депутаттық сауалды Мәжілістің пленарлық отырысында Меруерт Қазбекова мәлімдеді.
ҚР Премьер-Министрі Б.Ә.Сағынтаевқа
Баршамызға белгілі, Мемлекет басшысы Қазақстандағы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге аса көңіл бөледі. Соған қарамастан, атқарушы органдар ұстанған осы бағытқа қайшы келетін шешімдерді жүйелі түрде қабылдап келеді. Мәселен, өткен жылдың 29 желтоқсанында Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгертулер енгізілді. Бұрынғы қолданыста болған мемлекеттік сатып алу ережесіне сәйкес конкурстық баға ұсыныстарының шартты бағасы тепе-тең болған жағдайда сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, қызметтер нарығында, соның ішінде байқау негізі болып саналатын тауарлар, жұмыстар, қызмет түрлеріне ұқсас нарықта ауқымды жұмыс тәжірибесі бар конкурсқа қатысушылар жеңімпаз деп танылды. Ал, шартты бағалары бірдей бірнеше әлеуетті жеткізушілердің жұмыс тәжірибесі тең болған жағдайда байқауға қатысу туралы өтінімі басқа да әлеуетті қатысушылардың өтінімінен бірінші болып жіберген конкурсқа қатысушы жеңімпаз деп танылды. Біз мұндай тәсіл кәсіпкерлер арасында салауатты бәсекелестікті ынталандырып, оларды ақпараттық технологияларды белсенді түрде пайдалануға және де мемлекеттік органдардың хабарландыруларын икемді түрде қадағалап отыруға себепші болды деп санаймыз. Алайда, 29 желтоқсанда Бұйрықтың 172-ші тармағына енгізілген өзгертуде мемлекеттік сатып алулардағы басымдық алдыңғы төрт жыл үшін төленген салық сомасының неғұрлым үлкен көрсеткішіне ие ұйымдарға беріледі. Бірақ, бұл орайда басымдық тек қана ірі компанияларға берілетіні, тіпті, экономикаға өресі жете бермейтін шенеунікке де түсінікті емес пе? Ал, шағын және орта кәсіпорындар болса іс жүзінде үлкен бизнеспен бәсекелесу мүмкіндігінен де айырылады. Шағын және орта кәсіпкерлікті әділетсіз бәсекелестіктен және нарықты монополиялаудан қорғаудың орнына Қаржы министрлігіндегі шенеуніктер бұл теңсіздікті заңдастырып, біле тұра ақтап шықты. Сонда Мемлекет басшысының Үкіметтен үнемі талап ететін ШОБ-қа қолдау көрсету міндеті қайда қалды? Аталған өзгерту «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға қайшы келеді, онда 9-бапта келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындау қажеттілігінен тікелей туындамайтын талаптарды белгілеуге жол берілмейтіні анық айтылады. Бұл енгізілген өзгертулердің нәтижесінде ірі жеткізушілердің мемлекеттік сатып алу нарығын монополияландыруға және осы саладан шағын және орта кәсіпкерлікті ығыстыруына алып келеді. Онымен қоса, шағын және орта кәсіпкерлерді даму мен өсу перспективасынан айырады. Әріден соң, күллі әлем елдерінде өзінің икемділік күші мен серпінділігі арқылы ШОБ секторы инновациялар мен өнім сапасының жаңа стандарттарының қайнар көзі болып табылады. Дәл осы шағын және орта бизнес арқылы ұлттық экономиканың табысы қайта үлестіріледі, әлеуметтендіру және оны әрбір қазақстандықтың отбасына жеткізу жүргізіледі. Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялады. Ал, біздің шенеуніктер болса кезекті мәрте бұқаралық кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін қадамдар жасап, оған қатысы бар қоғамның ауқымды үлесіне де қысым жасауда. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, құрметті Бақытжан Әбдірұлы, «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары Сізден осы мәселені қарастыруыңызды және аталған түзетулерді жою туралы тиісті нұсқаулар беруіңізді сұрайды.«Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі