Марченко МАСҚАРА еткен ҚАСЫМОВ елді алдаған сенатор кімді мазақ етіп жүр...

    Телекамера тұсына туралап келе қалса, ойына келгенін ойланбай айта салатын сенатор Ғани Қасымовты өткен аптада Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко масқара қылды. Алдында Парламент отырысында сенаторымыздың Ұлттық банк төрағасының үстінен ат айдап, біраз жерге апарып салғаны бар еді. Ол қыза келе тіпті, «Марченко ешуақытта парламентке келмейді. Өмірі орынбасары Бейсенбай Тәжияқовты жібереді. Ендеше Марченко отставкаға кетсін де, орнына орынбасары Тәжияқов отырсын» деп жіберді, телеарнадан көрермендерге қарап мұртын едірейтіп... Өз кезегінде баспасөз мәслихатын өткізген Ұлттық банк төрағасы Г.Марченко «қазақ тілін үйрендіңіз бе?» деген сауалды басқа мемлекетте естіп отырғандай есеңгіреп барып, есінеп алған ол ашуын сенатор Қасымовтан алып, оны қайтып тұра алмастай етіп, сілейте соқты: – Қасымов ондай сауалдарды жалаң жарнама үшін айтады. Осындай сауалдар жасаған кезде мен оған кездесіп қалғанда: «Не керек еді, айта қойшы» десем, ыржалаңдап күліп, мойныма асылып, бетімнен сүйіп: « Ешнәрсе де керегі жоқ. Жәй халық үшін телеарнадан айта салғаным ғой. Саған ризамын»- дейді. Ол мені отставкаға жібере алса, жібере берсін... Прези¬денттік сайлауға қатысқан кезде «Мен жеңетіндігіме 100 пайыз сенімдімін» деп еді ғой. Бірақ халықтың 98 пайызы оған сенім артпаған болып шықты. Осылай деп жүрген адамның сөзінен енді не түюге болады?.. Сонымен, Партиоттар партиясының төрағасы, (бір ауыз қазақша білмейтіндер де патриот атанады біздің елде), сенаторымыз Ғани Қасымов парламенттегі сауалының бәрін елді алдау үшін жасайтын болып шықты... Сонда Президенттік сайлауды мазаққа айналдырған сенатор халықты да алдап келе жатыр екен ғой... Оның Президент тағайындаған сенатор екенін еске алсақ... ол сонда кімді мазақ қылып жүр?.. Қазыбек ИСА