Ақ жол, «Шыңғысхан!»

1

Республикалық «Шыңғысхан» журналы оқырманға жол тартты

Қазақ басылымы тағы бір журналға толықты. Республикалық «Шыңғысхан» журналының алғашқы саны жарық көрді. Журнал қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығады. Таяуда Алматыда тарихи-этнологиялық, әдеби-көркем журналдың тұсаукесері болды. Журналдың беташар санына арналған жиынға белгілі тарихшылар мен атақты ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды қазақтың белгілі ақыны Ғалым Жайлыбай жүргізді. Құрылтайшылар мұндай журналдың баламасы посткеңестік дәуірде де болмағанын айтады. «Шыңғысхан» журналы – өткен тарихты уақыт безбеніне салуды, ақиқаттың айнасына айналуды мақсат етеді. Сағат жылжиды, күндер өтеді, жылдар зулайды. Ғасырды ғасыр алмастырады. Кезең жаңарып, заман өзгереді. Ұрпақ ауысады. Келешек ұрпаққа тарихи шындықты жеткізуге бүгінгі біз міндеттіміз. Ал тарих қателік пен ақтаңдақты кешірмейді. Бізбің ата-бабамыз ұпақ үшін, ел мен жер үшін ұлы істер атқарды. Ал олардың еңбектерін ұсақтап жинап, түгендеу, азабы мен қасіреті мол халқымыздың өткенін саралау – біздің парыз. Қосымша таныстыруды қажет етпейтін, аты әлемге әйгілі адамдар көп емес. Соның бірі – Шыңғысхан. Ұлы қағанның есімі біздің ұлттық тарихымызбен тікелей байланысты екенін дәлелдеп жатудың өзі артық болар. Қазақ хандарының бәрінің де түп тамыры Шыңғысханнан тарағанын ескерсек, Ұлы Дала перзентінің қазақ тарихына, қазақ халқына тікелей қатысты екенін дау-дамайсыз мойындаймыз. Шыңғысхан – біздің өткеніміз, сондықтан да оны тарих бетінен сызып тастау мүмкін емес. Ол – қазақ тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлға. Қазақ тарихының тұтас бір бөлігі. «Шыңғысхан» журналын шығарушылар үлкен жауапкершілікпен қатар, келелі істі мойындарына алып отыр. Олар Шыңғысхан туралы ондаған ой, жүздеген сөз, мыңдаған мақала мен шығармалардың әрбір түйірін мұқият тексеріп, зерттеп, салыстырып, саралап, миллион бөлшек мозайкадан тұтас бір картинаны оқырманға жеткізуді мұрат етіп отыр.

Айгүл КЕРІМ