Тәуелсіздік күні аталып өтілді

Қазақ қазақ болып жаралғалы өзге елге көз алартпай, елін, жерін, шаңырағын жауларынан қорғап келген. Қандай нәубет қырғын келсе де, соңғы демі қалғанша бостандықты аңсап, азаттыққа ұмтылған. Бүгінде бабаларымыздың ұлы арманы орындалып қазақ елі өз Тәуелсіздігінің 27 жылдығын атап өтуде. Тәуелсіздік мерекесін Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының жеке құрамы кеңінен атап өтті. Салтанатты шара барысында әскери оқу-орнының жеке құрамы саптай тізіліп, тік тұрып қарсы алудан бас­тады. Ортаға институтымыздың жауынгерлік туы шығарылып, мемлекеттік әнұранымыз орындалды. Жеке құрамды құттықтаған институт бастығы полковник Асқар Мұстабеков өз сөзінде: «Тәуелсіздік қазақ халқына оңай жолмен келген жоқ. Талай сындарлы жолдардан өттік. Жоңғар шапқыншылығы, патша билігіне қарсы тұрған ұлт азаттық күрес, 30-шы жылдар басындағы зұлмат аштық, қазақ халқын жойып жіберудің аз-ақ алдында болды. Бүгінде намысты биік қойған өр халық ретінде Елбасы салған сара жолмен жүріп келеміз. Шекарамызды бекітіп, айбынды әскерімізді құрдық. Алыспен де жақынмен де татулық орнатып, экономикамызды нығайттық. Қазақстан халықтарының достығын арттырып бүгінде Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығын атап өтудеміз. Осы орайда барлықтарыңызды төл мерекеміз – Тәуелсіздік күні­мен шын жүректен құт­тық­таймын. Көк байрағы желбіреген бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы жарасқан еліміздің Тәуелсіздігі баянды болсын», – деді. Мереке барысында үздік көрсет­кіштерге қол жеткізген әскери қызмет­шілерге кезекті әскери шендер, мақтау қағаздары және алғыстармен қатар «Мінсіз қызметі үшін» I, II, III дәрежелі медальдар, ҚР «Құрметті ардагері» төс белгілері табысталды. Осы тұста Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығына орай, институт бастығының кубогы үшін, институтымыздың бітіруші түлектері 5 курс курсант­та­рының ұйымдасты­руымен, футболдан, волейболдан, әскери қоян-қолтық ұрыстан дәстүрлі XIII курсанттар спартакидасы да өз мәресіне жетті. Осы мерекелік іс-шара бары­сында жеңімпаз командалар мен жүлдегерлерді институт басты­ғы грамота, медальдар, кубоктар және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Мерекелік концертте инсти­ту­ты­мыздың шығарма­шылық тобымен қатар Қазақ­стан эстрада жұлдыздары, өнер театрларының өрендері және «Салтанат» би ан­сам­білінің бишілері өнер көрсетті. Концерт соңында институт бастығы полковник Асқар Мұстабеков мерекелік іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған тәрбие және идеологиялық бас­қарма ұжымына жеке құрам атынан алғысын жеткізді.

Ербол ӘЛІБАЕВ

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты

qazaquni.kz