Пойыз астына түскен алматылық аяғынан айырылды

Алматыда пойыз астына түскен азамат мүгедек болып қалды. Дәрігерлер оның аяғына бір жарым сағат ота жасағанымен ақыры кесіп тастауға мәжбүр болған. Ал жүк тасымалдаушы компания өкілдері 36 жастағы жігіттің аяғы дәл сол темір жолда жұлынғанына күмәнмен қарайды. Өйткені, машинистері жолда ешкімді көрмепті. Сондықтан, тергеу аяқталғанша жарытып ақпарат беруден бас тартып отыр.

Бұл туралы ">Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Тобықтан жоғары, тізеден төмен тура балтырдан аяғы екіге бөлінген азаматты жедел жәрдем қызметі жұма күні сағат кешкі 20,30 шамасында осы жерден ауруханаға әкеткен. Қолында аяғының бір бөлігі болды дейді. 36 жастағы азаматтың шошып қалғаны сонша, үш күн өтсе де оқиғаның мән-жәйін әлі түсіндіріп айтпаған. Бірақ, бір жарым сағат ота жасаған дәрігерлер ақыры мүгедек болып қалғанын айтады. Тірі жанмен тілдесуге келіспеген науқастың беті бері қараған. Аяғының жұлынғанына әлі де сенбей жатыр, дейді дәрігерлер. Туған туыстарын да көрмепті. Жасы 36-да екені ғана белгілі. Ауруханаға түскен кезде мас болмаған, қанынан да ештеңе табылмапты. Тек аяқтың бөлігін жалғай алмаған. Өйткені, сүйретіліп барып жұлынған дене мүшесінің сүйектері үгітіліп, мүлдем жансызданып қалған.

«Жедел жәрдем дәрігерлері мен полицейлердің айтуы бойынша, қасында куәгерлердің айтуы бойынша жарақаттың сипаты бойынша темір жолдың астында қалғанға ұқсайды. Нық басып айтуға қиын» - дейді қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ермек Желдібаев.

Екі ойлы отырған дәрігерлер жігіттің вагон астына түсуі мүмкін екенін айтады. Алайда жүк тасымалдаушы пойыз иелері өздеріне шаң жуытар емес. Егер адам көрінсе, машинист міндетті түрде тоқтаушы еді, дейді. Оның үстіне, темір жолдың айналасы қанға малынғанымен, пойыздарға мүлдем жұқпапты.

«Бізге қоңырау 22:30-да келіп түсті. Барлық жұмысшыларымызға естірттік. Онда полиция өкілдері мен жедел жәрдем қызметкері болды. Оқиға орнында қан іздерін көрдік. Бірақ, тепловозда мүлдем қан жоқ. Машинистіміз де жолда ешкім болмағанына сенімді» - дейді «Жолашар Сервис» ЖШС бас инженері Айдос Тәңірбергенов.

Қазір істің мән-жайын полицейлер анықтап жатыр. Ал, тепловоздағы жүкті айтпағанда бірнеше вагон жалғанған пойыздың жалпы салмағы алпыс тоннадан асып жығылады.

Айта кету керек, бұл Райымбек даңғылы мен Байзақов көшелерінің қиылысында, аспалы жолда орналасқан темір жол. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақ та жоқ. Оған қоса, адамдарға ескертетін бірде бір «жүруге болмайды» деген ескерту тақтайшасын байқамадық.