Қазыбек Иса. ТӘУЕЛСІЗДІК
2018 ж. 18 желтоқсан
5650
11
Қазақ туын желбіреткен әлемге,
Қазақ сөзін айтып жүрген бар елге,
Қанат Ислам бауырымның сырласы,
Халқы бар да, елі жоқ,
Саны көп те, жері жоқ,
Туыс ұлттың тұлғасы,
Інімізге ағытыпты шер-мұңын:
"Баға жетпес Бақыттысың сен бүгін!
Егер менің Қазақ xалқы секілді
Елім болса Тәуелсіз,
Жерім болса Тәуелсіз,
Айырбастар едім Бақтың барлығын да не түрлі.
Азат болса,
Елімнің бар жолдарын,
Тазалар ем, тіліммен де, сынғанша бұл қолдарым!.."
Осы бір сөз тірліктегі күйкі әнді,
Жойып кетті, Шымырлатып құйқамды.
Қара басың қалай енді сөз болар,
Қарын қамы, қанбай қалған ұйқы әлгі...
Ғасыр бұрын дүбірлеткен Даланы,
Алаштың Ер арыстары дара әні.
Тәуелсіздік үшін қиып өмірін
Құрбандыққа барған жоқ па саналы?!.
Міне, ағайын, Тәуелсіздік қадірі!
Соқсын солай әр қазақтың тамыры!
Ал сен болсаң, анау жоқ деп жылайсың,
Шала бықсып сөнген оттай жалыны...
Ата-баба арманын ел,
Мойынына бұршақ салып тілеген,
Тәуелсіздік үшін күнде тәу етіп,
Ат үстінде түнеген-
Көк түркіден түлеген-
Қазақтығым Азаттығым –
Бағасы жоқ Ұлы өлең!
Алла сүйсе, шексіз бақыт береді!
Қайран елім! Болашаққа сенеді.
Алаш бүгін арманым жоқ дер еді -
Бабаларым шәһит болған қан кешіп,
Бостандықты көрдік біздер себебі!
Желтоқсанда атқа қонып тағы біз,
Аппақ қарға ағып қызыл қанымыз,
Атқан жоқ па Тәуелсіздік таңымыз?!,
Осы емес пе баламасыз,
Бағасы жоқ Бағымыз да, Барымыз!
Алған жоқ па Елім менің Азаттық !?.
Алған жоқ па Жерім менің Азаттық !?.
Тұрған жоқпа Туым көкте желбіреп !?
Міне, нағыз бабам күткен ғажап құт!
Жаратқанға – Алламызға мың алғыс!-
Жаратқанға ҚАЗАҚ қып! Қазыбек ИСА Qazaquni.kz