Мемлекеттік қызметтегі өзге тілділер қазақ тілділердің құқығын қашанға дейін таптайды?

раз

Руза БЕЙСЕНБАЙТЕГІ, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар аймақтық төрайымы: – Руза Зайкенқызы, соңғы кездері елімізде қазақ тіліне байланысты үлкен мәселелер көтеріліп жатыр. Өзіңіз де белсене атсалысып, ана тіліміздің бүгінгі ахуалына бейжай қарамай, шырылдап жүрген жандардың бірісіз. Сондықтан да елді дүрліктірген осы жағдайға байланысты өзіңіздің ой-пікіріңізді білдірсеңіз? – Соңғы кездері қазақ тіліне түрлі шабуылдар жасалынып жатыр. Себебі, Мәдениет министрлігінің Қазақстан Республикасының аймағында кейбір заңнамалық нормаларға өзгерту мен толықтырулар енгізу туралы толық емес жобасы интернетке, бұқаралық ақпарат құралдарына шығып кетуіне байланыс­ты дау-дамайлар көбейді. Содан бір жұмадан кейін ұлт зиялылары, тіл жанашыры Мұхтар Шаханов, Қазыбек Иса ағаларымыз бастаған 138 адам Елбасына ашық хат жолдады. Онда Конституцияда бекітілген 7 баптың 2 тармағын алып тас­тау туралы ұсыныс білдіргенінен қалың жұртшылық хабардар. Ал биліктегі шолақ белсенділер тарапынан сол ашық хатты қолдаудың орнына, керісінше, қайшы әрекеттер басталып кетті. Ол әрекеттердің барлығын жасанды деп есептеймін. Өйткені, осы хаттың артынша депутаттар арасында мынадай мәселелер көтерілді: «Қазақ тілін қазақша балабақшалардан бастау керек. Ол үшін бүкіл еліміздегі балабақшалардың барлығын қазақ тіліне ауыстыру қажет» деген ұсыныстар айтылды. Ал менің орыс тілді мәңгүрт көршілерімнің де, орыстардың да, украиндардың да – бәрінің сөзі мынадай: «Бізге қазіргі уақытта қазақ тілін үйрену өте күрделі. Егер балабақшалардың барлығын қазақша ашатын болса, біз балаларымызды беріп, үйретуші едік» дейді. Өзім осыдан үш-төрт жыл бұрын жұмыс барысында 6 министрлікпен жұмыс істедім. Олардың көпшілігі орыс тілді екенін айтпасам да, қарапайым халық бәрін көріп, біліп отыр. Осы мәселені көтеріп, премьер-минстрдің және мәдениет министрінің блогтарына сауал ретінде жолдадым. Елбасының блогына да сол сауалымды қойғым келіп еді, бірақ қоя алмадым. Премьер-министрдің орталығынан осыдан 1 жұма бұрын хабарласып: «Сізге қандай жауап дайындаймыз?» деп сұрады. Мен айттым, «маған бір ғана жауап керек. Яғни, Үкімет маған қазақ тілді адам ретінде Кереку қаласында өмір сүруге мұрша беріңіздер» дедім. Енді мынадай жағдай орын алып отыр. Осыдан төрт-бес жыл бұрын тегістей қоршаған әулеметтік ортаммен қазақшаға көшкенім үшін қоғамнан, қоршаған ортамнан алшақтап кеттім. Тіпті, денсаулығымнан айрылатындай халге душар болдым. Өйткені көп жерлерден қуыламын, маған қазақ тілінде іс-қағаздарды, құжаттарды толтыруға парақшаларды бермейді. Себебі олардың қазақша нұсқасы өздерінде де жоқ. Ал мен орыс тілінде жазылған дүниелерге қол қоймаймын. Бір сөзбен айтқанда, көп жерлерде менің Конституциялық құқым бұзылуда. Олай дейтінім, кез келген жерде маған орыс тілінде қызмет көрсетіледі. Мысалы, қарапайым дүкенге барғанның өзінде орысша сөйлейді, мүлдем қазақша білмейді. Ал мен өзім тек қазақ тілінде ғана сөйлеймін. Олар менің не айтып тұрғанымды ұқпайды да. Сондықтан осы жағдайлар жаныма батып, бір шешімін табармын деген оймен облыстық Тіл басқармасына барып: «Айналайындар, нақты бір жүйеге келіп, бірігіп жұмыс істейік, деп бірқатар ұсыныстар білдірдім. Мәселен, бәріміз бірігіп, яғни мына сіздер және сауда нүктелерінің, автокөлік жолдарының немесе тағы басқа саланың үстінен қарайтын мемлекеттік қадағалаушылар бар, сол органдармен бірігіп, ай сайын жүйелі түрде нақты жұмыстар атқарып, өзекті істерді алға тартып, жиналыс өткізіп тұрсаңыздар деп ұсыныс айтқанмын. Ал Тілдер басқармасы тарапынан (Қалалық мәдениет және тілдер бөлімі бастығы) маған былай айтты: «Сіздің орыс тілділерге қазақша сөйлегеніңіз – орыс тілділердің құқын бұзғаныңыз» деді. Содан мен «керемет» деп орнымнан тұрып кеттім. Енді мен мемлекеттік қызметте отырған, ел тізгінін ұстап отырған азаматтарға қоятын сұрағым бар: «Республика аумағында орыс тілділер қазақтармен орысша сөйлеседі. Неліктен? Және мемлекеттік қызметтерде орыс тілділер мен орысша ойлайтындар өте көп. Олар неге біздің – қазақ тілділердің құқығын бұзып отыр ендеше?» Путиннан бастап орыстар өз тілдерін қорғап жатса, мен неге тапталып жатқан тілімді қорғамаймын. – Сөз барысында қазақ тілінде сөйлегеніңіз үшін әбден қорланғаныңызды айттыңыз. Осы сөздеріңіздің дәлелі ретінде, сізге нақты көңіліңізге тиіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін түсіретін қандай сөздер айтылды? – Мәселен, қыркүйек айы­ның 14-і күні Павлодар қалалық ішкі саясат бөлініне хабарластым. Өйткені алда қазақ Желтоқсанның 25 жылдығы келе жатыр. Соған байланысты Кереку қаласында мерекелік іс-шара өткізу мәселесі қалай болып жатыр? Егер әлі ұйымдастырылмаған болса, бірігіп жүзеге асырсақ деген оймен хабарластым. Бір адам тұтқаны көтерді, мен қазақша сөйлеген едім, ол кісі орысша жауап қатты. Сосын мен айттым: «Мен мемлекеттік мекемеден қазақша сұрап тұрып, неге қазақша жауап ала алмаймын» дегенімде, әлгі кісінің айтқан жауабы: «Прочитайте Конституцию и посмотрите, что там написано. На каком мне удобно, на таком и буду говорить. Мне Конституция не запрещает» деп өзіме тарпа бас салды. Аты-жөні Шотаева Н., тағы өзінің шешесі орыс екенін алға тартты. (Бұл жерде қызығы мейлі француз тілінде сөйлесін, кім оған рұқсат бермей тұр, ал бірақ мемлекеттік мекемеден мемлекеттік тілде жауап алу құқым өрескел бұзылып тұрғанына, кешіріңіз, ой өрісі жетпеген бе?) Көңіліме қатты тигені сондай, ішкі саясаттың қабылдау бөлмесіне қоңырау шалып, бастықтарды сұраған едім, «ана бастық анда, мына бастық мында» деген жауап алдым. Тұтқаны көтеріп, менімен сөйлескен хатшы емес, бір жасы үлкен әйел. Ол кісі маған былай деді: «Сіз бізге ылғи хабарласып, орыс тілділердің құқын бұзасыз. Неге сіз орыс тілділермен қазақша сөйлесесіз» деп өзіме қарсы шықты. Міне, Кереку қаласында қазақ тілінің мәртебесі осындай. Егер де осылай жалғаса беретін болса, осы қала, облыс басшылығы маған нақтылы, қазақ тілінде өмір сүруге болмайды, Қазақ тілінде, яғни мемлекеттің тілінде сөйлеу заң (қандай екенін көрсетіп) бұзушы» деп жазып берсін. Шындығына келсем, әбден тығырыққа тіреліп отырмын. Не болса да, қоршаған әлеуметтік ортаммен ешқашан орыс тілінде сөйлемеймін. Өйткені мен қазақ тіліне көшіп, өзімнің жолымды таңдадым және өзімнің ана тілімді ешқашан сатпаймын. Және де, француздар, орыстар өз тілдерін әлемге насихаттап отырғанда, неге мен, қазақтың қызы ретінде, ана ретінде, өз елімде аяққа тапталып жатқан тіліме демеу істемеймін шамам жеткенше. Бұл менің ұлт алдындағы да, біле-білгенге ҚР мемлекетшіл азаматы ретінде де ұлы парызым. Өз елімде басқа тілде сөйлегенше, басқа мемлекеттің тілін үйреніп (барлық елдер өз мемлекет тілін құрметтейді, және соның шеңберінде өмір сүреді), басқа мемлекетке кеткенім дұрыс оданша. – Үш-төрт жылдан бері қазақ тілі үшін ашық күресіп жүрсіз. Осы уақыт аралығында жасаған еңбегіңіздің аз да болса жемісі болды ма? – Осыдан бірнеше жыл бұрын салық басқармасынан қазақ тілінде жазылған хабарлама сұрадым. Ал оларда қазақ тіліндегі нұсқасы мүлдем жоқ екен. Республикалық газетке де жарияладым: «Маған қазақша хабарлама бермейінше мен салықты төлемеймін» деп жазған болатынмын. Содан кейін, қалаға тарататын хабарламаларды қазақ тіліне аударып берді. Қазақтелекоммен де бірнеше жыл арпалысқанның нәтижесінде: «Қазақтелеком, ... - сыншы, тыңдап тұрмыз», сосын оның орысшасы қосылады әрине. Бұрын тек орысша болатын. Көші-қон басқармасының халыққа ұсынатын бланкілерін қазақыландыруға сеп болдым, қазақша бермегенше мекемеден шықпаймыз деп. (Оралмандарды үйімде тіркеуге тұрғызамын, ақысыз әрине). Бастығы түсінігі бар жігіт екен, 3 сағаттың ішінде, жұмыскерлерін сағат 20-00-ге дейін қалдырып, қазақшалады барлығын. 2-ші (барып жүретін) поликлиникамда да солай, Халық банкінде, трамвай, көлік қызметтеріне жартылай болса да ықпалымды өткізген сияқтымын, барлығын тізбектей беру оқырманды жалықтырар... Айта кетерім, Төлен Рамазанұлы деген інішектің де, орыстармен қазақша сөйлемесе де, осы бағытта істеп жатқандары көп. Кей кезде қазақша қызмет көрсетпеген мекемелердің басшыларына мынадай сөздерді айтумен қазақша қызметтерге мәжбүрлеймін: «Сіздің мекеме тек орыстілділерге қызмет көрсететін мекеме ғой, ал бұл саясат. Мұны осылай қалдырмаймын, тиісті органдарға, БАҚ-тарға жариялаймын» деймін. Кейде жеңем, көбінесе жеңілем. Өйткені облыс әкіміне қоңырау шалғанда «Приемная акима области слушает»-тан басталады ғой біздің аймақ, қала. Оны еститін орыстілділерге қызмет көрсететін жұрт: «Мынаның айтқаны осындай, ал әкімшілік орыстілділерге қызмет көрсетіп жатыр, сондықтан қалай бармыз, солай жүре берейік» деп тұжырымдайтыны айдан анық. Мемлекеттік тілді мойындамайтындар мемлекетімізге қатерлі. – Яғни, сіз Қазақстан Рес­публикасының азаматы ретінде, Конститутцияның 7 бап 2 тармағын алып тастауды қолдайсыз ғой? – Әрине, қолдаймын. Өйт­кені қазақ тілінің қолын кісендеп, жолын тұсаулап тұрған сол – 7 баптың 2 тармағы. Бүгінде бұл мәселеге екі жақты көзқарас байқалады. Біреулер мұндай қадам жасауға әлі ерте десе, екінші жағынан өзім тұрып жатқан Кереку қаласында, қарапайым тұрғындар арасында мынандай пікірлер айтылуда: «Келешекте қазақ тілі мүлдем керек болмайды. 2012 жылдан бастап біз Ресейдің құрамына кіреміз» деген сөздер кеңінен айтылып жүр. Бұндай арандатушылық сөздің қайдан бастау алып жатқанын білмеймін. Бір білерім – уақытты көпке созбай, нақты іске кіріскен жөн. Әйтпесе, іс насырға шауып, ушығып кетуі әбден мүмкін. Мәселен, «Новое время» газетінің тілшісі біздің облыстық телеарнаға мынадай сұхбат берді: «Конституциядан ешқашан 7 баптың 2 тармағын алып тастамау керек. Ол орыс тіліне деген қарсылық, қазақ тіліне көшу арқылы мемлекет ұтылады» деп, естуімше көрші мемлекеттің азаматы (екі паспорты болу керек) біздің ішкі саясатымызға қол сұғып отыр. Біз өзіміздің рухымызды, тілімізді жоғалтып алсақ, ертеңгі күніміз күмәнді – ұлт ретінде сақталамыз ба, жоқ әлде ассимилиацияланып, жоғаламыз ба? Қайсыбір мысықтілеу көршілеріміз әрине, біздің жойылғанымызды көксейді... Бүгінгі күннің өзінде қазақ тілін жете түсіне бермейтін немесе қазақша ойлаудан қалып бара жатқан қандастарымыз өте көп. Тіпті, соңғы кездері қазақ тілін мүлдем мойындамайтындар пайда болды. Бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігіне өте қатерлі және елдігімізге үлкен қауіп төндіріп тұр. – Қазақ тілінің аяқтан тік тұрып, өз биігіне көтерілуі үшін не істеген дұрыс деп ойлайсыз? – Қазақ қызы ретінде, ана ретінде менің тұралап, құлап жатқан тілімді орнына қою үшін қолымнан келгенді аямаймын. Қазақ тілі өзінің орнықты мәртебесін алу үшін әрбір жүрегі қазақ деп соққан жан қазақша сөйлеу керек. Нақтылы құжаттарды, іс-қағаздарды қазақ тілінде толтырсақ, құзырлы мекемелерден өз құқығымызды талап ете білсек, қазақ тілінде сөйлей білсек, бірте-бірте бәрі өз орнына келер еді. Әттең, соған қоғамның кейбір мүшелері салғырт, бейғам қарайды. Бастысы, көп мемлекеттік қызметкерлердің сонысы, не тілге мүлде қарсы жұмыс істейтіні өте қауіпті. Мемлекеттің тілін аяққа таптап, не соған жол беріп отырған қызметкерлерге сондай қызметте отырғандарына түбегейлі қарсымын. Ондайларды елге, жерге, өзінің болашақ ұрпағына жаны ашымақ тұрмақ, жұртты ассимиляциялауға жағдай жасап, болашақта мемлекеттігімізге қауіп төндіріп отыр деп есептеймін. – Әлгі ашық хатқа қол қойып, соңынан біз қол қоймадық деп сөздерінен тайып шыққандарға не дейсіз? – Саясаткерлерді алсақ, саяси ұпайды мына жақтан да, ана жақтан да жинағысы келгендері ғой. Бірақ әшкереленіп, ұтқанның орнына ұтылды. Бибігүл (апамыз деген әдемі сөзді айтқым келмейді), Қыдырәліге келсек, оларды орыстар, не татарлар өз халқымыздың әртісі деп қабылдамайды, ал қалың қазақты олардың жоғалтқаны анық. Қарапайым жұрт байыбына бара бермейді ғой, қалай қол қойғаны, қалай бас тартқаны. Фактісі, қол алдымен қойылды, сосын тайқып шықты. Ол жағдай кімге болса да, қай мәселемен болса да күлкіге қаларлық жағдай. Екіншісі олар біледі ғой Мұхтар аға бастаған топтың тіл үшін биліктің де бөлігін әшкерелеп, жан берісіп, жан алысып жүрген адамдар екенін. Және де Кфонституциядағы – кісен, 7 баптың 2-ші тармағы жөнінде мәселенің бірінші рет емес көтерілгенін. Сондықтан олардың абыройынан айырылғандарынан басқа ешнәрсе айта алмаймын – Әңгімеңізге үлкен рахмет! Әңгімелескен Әсел РЗАЕВА