БАР ҚАЗАҚТЫҢ МЕРЕЙІ АСҚАҚТАҒАН КҮН БҮГІН
2018 ж. 15 желтоқсан
4794
0
Қазақ Елінің Астанасы, Бас қаласының кескініне қарап тұрып, Сарыарқа төріндегі осыдан ширек ғасыр бұрынғы шағын да жүдеулеу елдімекеннің қанатын кеңге жайып, әлем көз тіккен ғажайып жауһар шаһарға айналғанын ойлап толғанамын. Дүниежүзі тарихынан дәл осындай керемет құбылыстың мысалын келтіру қиынның қиыны болар. Ән-жырдың арқауына айналған менің Астанам бейбітшілік пен жасампаздықтың құдіретімен нұрланып, айбынымен асқақтай түсуде. Мұндай ғажайып құбылысқа, әлбетте, Қазақ елінің Тәуелсіздігі арқылы қол жеткізгеніміз түсінікті.
Иә, Тәуелсіздік әр қазақтың мерейін асқақтатып, ерекше бір отты сезімге бөлегендей. Жүрек қылын шерткен осынау сазды әуен терең ойға жетелеп, жан сарайыңды күмбірлеген күй кернейді.
Кезінде шағын ғана қаланың құлаққа түрпідей тиетін Целиноград, Ақмола атаулары да ұмытыла бастағандай. Ару Астананың бүгінгі таңғажайып әсем келбеті еліміздің өсіп-өркендеуінің символы екеніне ешкім де қарсы дау айта алмас. Ұлы Дала жауһарына айналған Елордада бой көтерген ғажайып ғимараттарға тамсана қарап, таңдай қағасың! Әне, анау алып «Ақорда», «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан шатыр», «Мәңгілік ел» монументі, басқа да елдігіміздің сан алуан нысандары қиялыңа қанат байлап, көкейіңе жарқын болашаққа деген нық сенім ұялатқандай. Ең бастысы – Астана төрінде күн шуағымен нұрланған көк Туымыз желбіреп тұр. Осыған мерейленіп, іштей шүкіршілік етесің. Қазақстанның астанасын республиканың солтүстігіне қарай, орталыққа қоныстандыру идеясы тәуелсіздіктің елең-алаңында күн тәртібінде тұрған еді. Мұны Президент Н.Назарбаев түпкілікті шешіп, Елорданы Сарыарқа төріне қоныстандырды. Осылайша әлем картасында орын алған Астана әлем жұртшылығының назарын аударған айшықты қалаға айналды. Елбасы, Н.Назарбаев Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған жиында былай деген еді: «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек Астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің Елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық — Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар».
Әлемдік қоғамдастықта іргелі мемлекетке айналған Тәуелсіз Қазақстанның сайын Сарыарқа төріндегі Бас қаласында жұмыр жердің тағдырына орайластырылған өзекті мәселелер шешімін тауып отырғаны әмбеге аян. Соның жарқын дәлелі, бүгінгі таңда Қазақ елін әлемнің 130-ға жуық мемлекеті мойындады, республикада 67 елшілік пен 20-дан астам халықаралық ұйымдардың өкілдіктері тіркелген. Қазақстан экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштері жөнінен ТМД елдері арасында алдыңғы орынға шықты. Дүниежүзі мемлекеттерінің санатында нарықтық экономикалық ел ретінде мойындалды. Қазір әлем Қазақ елін Орталық Азия аймағындағы көшбасшы демократиялық ел ретінде таниды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасы аймақтағы геосаяси тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында ұлан-ғайыр ұйымдастырушылық еңбегімен халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналды. Айталық, 2007 жылы желтоқсанда Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қауымдасқан 56 мемлекеттің Сыртқы істер министрінің Қазақстанның осы ұйымға төрағалық қызмет атқаруын мақұлдап дауыс беруі, Қазақстанның 2010 жылғы 3 тамызда осы ұйымға Төраға болып бекітілуі соның жарқын дәлелі болып табылса керек. Қазақ елі ТМД елдері арасынан аталмыш ұйымға төралқалылыққа сайланған тұңғыш мемлекет!
Әлем назарын көк туы желбіреген Қазақ еліне аударған тарихи оқиғалар аз емес. Сөз орайы келгенде есімізге түсірер болсақ, 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ Саммиті табысты өтті, Астана декларациясы бірауыздан қабылданды. Осылайша, Қазақстан Елордасында әлем тарихында алтын әріптермен жазылған ұлы тарихи оқиға болды!
Қазақ елінің Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына байсалдылықпен табысты Төрағалық етуі ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының содан бергі аралықтағы сессияларында ұдайы айтылып келеді, Астана Саммитінде қабылданған Астана Декларациясының орасан зор маңызы лайықты бағалануда. Тәуелсіз мемлекетіміздің әлем алдында танылып, мойындалуының бұдан асқан жарқын дәлелдерін келтіріп жатудың қажеті де бола қоймас.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен еліміздің Елордасында жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері қазіргі заманғы діндер арасындағы жаһандық үнқатысудың жарқын да іскерлік көрінісі ретінде әлемдік қоғамдастықтан жоғары баға алуда. 2012 жылғы 30-31 мамырда Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшысының IV съезіне әлемнің 40-тан астам елінен жүзге жуық көрнекті дін қайраткерлері қатысып, ұлттар арасында әлемдік адамзат қоғамының бүгінгі қайшылықтары мен оларды болдырмау, діндер арасындағы өзара салиқалы түсіністік, дінаралық үнқатысу мен конфессияаралық келісім, қоғам дамуының өркениетті жолдарының бүгіні мен болашағы жөнінде тұжырымды ойлар айтысып, пікір алысылды. Кезекті IV әлемдік діндер съезінің күн тәртібінде «Адамзаттың таңдауы – бейбітшілік пен келісім» мәселесі талқыланды.
Батыс пен Шығысты жалғастырып отырған жауһар Астана күллі түркі әлемінің де мақтанышына айналып келеді, шаһар бауырластық бастауларының құтты мекеніне айналып отыр. Сондай-ақ, Елордада өткен ҮІІ Қысқы Азия ойындары, ИҚҰ форумы, басқа да әлемдік маңызды шаралар еліміздің беделін төрткүл дүниеге паш етті. Ал Астанада өткен жылы аса табысты өткен «ЭКСПО — 2017» көрмесін әлем мойындады.
Қазір арман қалаға айналған Астанада тұрғындар саны жиырма жылда үш есе артып, 1 миллион адамға жетті. Оқу орындары, денсаулық сақтау мекемелері еселеп артты.
Қазақ елі Тәуелсіздігінің жауһарына айналған Астана Елбасының төлтумасы десек қателесе қоймаймыз. Еске түсірер болсақ, 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жалпы отырысында Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы идеяны ұсынған болатын. Бұған қарсы шыққандар, күмән келтірушілер аз болмады. Дегенмен де Президент өз ойының дұрыстығын бұлтартпас фактілермен нақты дәлелдеп шықты. Уақыт өте келе бұл шешімнің дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев астананың бас архитекторына айналды. Бас қаланың ғажайып құрылыс-ғимараттары Нұрекеңнің мұқият сүзгісінен өтіп жатты.
Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсап келген Тәуелсіздік тұғырына көтерілген Қазақ елі тарихының жаңа да жарқын беттері жазылуда. Қасиетті ата мекенді шексіз сүйіп, оның еліне ие, халқына кие болып, қиын кезеңнен алып өтіп, жаңа дәуірге бастау бақыты кез-келген адамның басында бола бермейтін бақыт. Ол бақ елі сүйген Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың басына қонды. Байлығы мол Ұлы Даланы күллі әлемге танытып, туған ел терезесін теңгерген ұлы саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы өз халқына деген орасан сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі болып табылады. Ол өзінің тағдырын толығымен еліміздің игілігіне арнаумен келеді.
Қазақтардың идентификациялануы мен ұлттық бәсекелестікті, өзге ұлттармен пара-парлыққа ұмтылысты ту етіп көтерген Президентіміз атажұртқа аңсап жеткен қандастардың Қазақстан азаматтығын алуда, түпкілікті қоныстануда қолайлы жағдай туғызуды әрдайым басты назарда ұстап келеді. Қазіргі таңда атажұртта қайта қауышып, азаматтығын алған 800 мыңнан астам өз бауырларымыздың түтін түтетіп, шат-шадыман өмір сүріп отыруы осының айқын айғағы болып табылса керек. Осылайша, алдағы онжылдықтарда қазақ халқының саны 35-40 миллиондық деңгейге көтеріліп, әлемдік өркениеттің бел ортасынан ойып тұрып орын алатын бақытты сәттің де алғышарты жасалуда деп нық сеніммен айтуға болады!
Ұлттық сананың көрінісі, өзіндік қайталанбас ерекшеліктері халқымызға әлемдік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алуға мүмкіндік береді. Ұлттық теңдіктің, ұлттық бәсекелестікке қабілеттіліктің жарқын белгілері – этностың, қоғам мен мемлекеттің орнығуы мен дамуының міндетті шарты іспеттес. Ұлттық идентификациялану мен ұлтшылдық адамдар қауымдастығын нәрлендіреді, оны қарапайым қауымдастықтан ұлттық қауымдастыққа айналдырып, өзінің жеке мемлекетін, мәдениетін, идеологиясын құруға мүмкіндік туғызады. Кез келген ұлт өзіндік «Менің» терең сезінбейінше, алға айқын мақсат қоя алмайды, өзіндік іс-қимыл мен ұмтылысты үйлестіруге қабілетсіз болып шығады. Идентификациялану мен ұлттық бірегейліктің күрделі астарлары бар. Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлтымыздың ұлттық сана мен ұлттық бірегейліктің ХХІ ғасырдағы бағыт-бағдарларын түбегейлі айқындап берді.
Тәуелсіз Қазақстанның барлық табыстары мен жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Бұл – тарихтың терең қойнауларына жететін бұлтартпас факт. Қазақстан халқы Елбасына сенеді, өздері мен елдің жарқын болашағын оның есімімен байланыстырады.
Бүгінгі Қазақстан тыныштық пен тұрақтылықтың мекені. Еліміз бірліктің бесігіне, татулықтың тірегіне айналды. Қазақстан халқында бір-біріне деген жарастық, түсіністік, ынтымақ, бірлік бар. Бұл Елбасының сындарлы саясатының арқасында қол жеткізілген табыс.
Тәуелсіздік пен Нұрсұлтан Назарбаев – егіз ұғым. Бұл біздің тарихи символымыз. Қазір Қазақ елін бүкіл әлем таныды.
Қазіргі Қазақстан – қуатты Қазақстан. Ал мұндай дәрежені ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсап, осынау жолда ғасырлар бойы қан мен тер төкті.
Сейдулла Садықов, Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Түркістан қаласы
qazaquni.kz