Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында дүкенге кірсеңіз ішіңіз удай ашиды - журналист
2018 ж. 14 желтоқсан
2998
0
10-15 жыл ішінде (соғыс жылдарын алып тастаса одан аз) тұтас ССРО «пять минут, пять минут, это много или мало…» деп әндетіп жүрді.
Түрлі жоралғылар ойлап табылды, ел тиын тұратын мүсіндерді бір-біріне сыйлап мәз-мейрам болысты, шампан атты, отшашу шашты.
Түнгі 12-де Генсектің құттықтауын тыңдап, қол соқты.
Аяз ата мен Ақшақар культқа айналды, ел оларды жыл бойы телміріп күтетін болды. Мерекені санаға сіңіру саясатының мықтылығы сонша, әлі күнге арылған жоқпыз.
Тіпті, бір ай бұрын шырша жағып, жын қаққандай еліріп жүретін дертке ұрынып, асқындырып алып едік, шүкір, беті қайтқандай. Сонда да Жаңа жыл арбап тұрады…
19 мамыр сайын алау жаққызатын пионерлер күні ше? Сабақтан қашып жүретін ең-еңнің өзі сол түні оттың басында болуды армандайтын.
Жарайды, оны қоя бер, әлгі берідегі Әулие Валентинді алайық. Ау, айналдырған екі-үш жылда мектеп директорларының миы айналып қалып, мектептерге жәшік қойғызып, балаларымыздан «махаббат» хатын жинап, масқара болмап па еді. Дүкен, дүңгіршік жүрекке ұқсас кәдесый, открыткаларға толып, бүлдіршіндер «Я тебя люлю» деп хат жазысып, айғайлап, аттандап жүріп әзер тоқтаттық қой. Не деген сұңғыла идеология деймін де, сіңіп, тез тамырланып үлгереді ғой.
Тәуелсіздік мерекесіне үш, үш-ақ күн қалды, дүкенге кіріңізші, ішіңіз удай ашиды. Қандай сувенир аласыз, не бар адамды еріксіз тартып, осыны балама апарып мәз етейінші дегізетін?
Көшеге қарасаңыз да нышан, ортақ бір символика жоқ. Әсірелей айтсам: Әр адам бір апта бойы балконына ту желбіретіп қойсын дегендей бір нақты ұстаным болса. Отбасындағы әрекеттің әсері аз, мерекені тұтас республика кемі бір апта бұрын сезінуі керек, әсіресе, балаларымыз бір-біріне сыйлық жасап, ойнап жүруі керек қой.
— Тақпақ жатта, жүгермек! — деп бір жиынмен жаба салу баланы мәжбүрліктің жалшысы етіп тынар. Үлкендерге түрлі сыйлық таратылады, бірақ, массалық шаттық жоқ. Ары кетсе фбға «Сүйінші» деп суретін салар, 100-200 лайкқа мәз болар.
27 жыл… ең Ұлы мерекемізді елге жаппай атап өткізудің жолын таппадық, бір ізді идеологиялық сценарий жаза алмадық.
Іш удай ашиды. Бір мерекені мандытпадық. Ал 16-сынан кейін Жаңа жыл гүрілдеп ала жөнеледі, шүбә жоқ.
Өлексесі сасып кеткен саясаттың идеясын өшіруге әлеуетіміз жетпеді.
Әулие Валентиннің «топ-менеджерлерін» бір-екі жылға шақыру керек шығар?
Серік Әбікенұлы,
Фейсбук парақшасынан