ЖЕЛТОҚСАНШЫНЫҢ ЖАН ЖАРАСЫ

07 Болат ШАРАХЫМБАЙ   Уақыт, шiркiн, құдды бiр айқұлақ асау ат сияқты. Тiзгiнiн қанша тартқылап, тоқтатпақ болсаң да, бой бермей, ауыздығын қарш-қарш шайнап, алға қарай зымырай түседi. Ал артында төтабан тұяғынан көтерiлген дауылдай түйдектелiп бiздiң өткенiмiз тарих болып қалып жатыр. «Тарих, уақыт өте келе, әдеби шындыққа айналады» дейдi бiлетiндер. Болса болар, тiптi, кеше ғана болып өттi деген Желтоқсан дүбiрi – азаттықтың ұлы құбылысы, ендiгi, сондай бiр рухты шындыққа айналып бара жатқандай... Сол бiр желтоқсанның сұрқай күндерi жiгiттердi былай қойғанда, қазақ қыздарының өжеттiгi мен қайсарлығы жұртшылықты қатты таңқалдырды. Олар солдаттардың соққысы мен тепкiсiнiң астында қанжоса болып шалажансар жатса да, әдiлет үшiн тiлiн тартпады, шындық үшiн шырылдады. Өйткенi, олар «кеңес өкiметiнiң – әлемдегi ең әдiлеттi өкiмет», «кеңес халқының – бейбiтшiлiк тiрегi» екенiне шүбәсiз сенген едi. Осындай коммунистiк партияның тәттi сөзiне алғаусыз сенген, ақыр аяғында соның зардабын бiр кiсiдей тартқан қазақтың аяулы қызының бiрi – Мәрзия Аңсағанқызы Болатова. ...Мәрзия ақырын сөйлеп отыр. Өңi жүдеу, дауысы пәс. Әңгiмесiн қинала айтады. Ол күндердi есiне түсiргiсi келмейдi, бiрақ айтқысы келедi. – Шынымды айтсам, сол бiр күндердi есiме түсiргiм келмейдi, – деп бастады ол әңгiмесiн. Ары қарай көзiнен жасы боталап сөйлей алмай қалды. Бұл шарасыздықтың жасы едi. Әлден соң ғана өзiне әрең келiп, әңгiмесiн жалғастырды. – Есiме түсiре бастасам, аяқ-қолым дiрiлдеп, жүрегiм ауыра бастайды... Құдай үшiн, сiз маған ренжи көрмеңiз, кейде өстiп өзiмдi ұстай алмай қалатыным бар. Тән жарасы жазылады екен, бiрақ жан жарасының жазылуы қиын екен ғой... Өзiм мынау iргедегi Жамбыл ауданына қарасты Шиен ауылының тумасымын. Ұзынағаштан сәл әрiректе... Сондағы орта мектептi бiтiрген соң, арман қуып Алматыға келдiк. Осындағы атышулы Сәулет-құрылыс институтына оқуға түстiм. Ал 1986 жылы мен құрылыс факультетiнің 2-шi курсында оқып жүрген едiм. Желтоқсанның 17-сi күнi сабақтан соң қала орталығында тұратын әпкемнiң үйiне жетiп алмақшы болып, №34 автобусқа отырдым. Жолаушылар соншалық көп емес едi, бiрақ әлдебiр жайсыз нәрсенiң лебi кiрген бетте бiрден сезiлдi. Орыс жолаушылардың қазақтарды жек көру көрiнiсi ашықтан ашық байқалып тұрды. Бiрақ, ешкiм ләм-мим демейдi. Салонды ауыр үнсiздiк жайлап алған. Бұл үнсiздiктi егделеу қазақ әйелiнiң ашына айтқан сөзi бұзды. «Кремльдiң Қонаевта қандай әкесiнiң құны бар?.. Орнына орыс қойыпты-мыс. Ол орысың анасынан он қайтара туса да, Қонаевтың орнын толтыра алмайды ғой. Жоғарыдағылардың соны да түсiнбегенi ме?!» дедi дауысы дiр-дiр етiп. Бұл хабар менiң төбемнен жай түсiргендей болды. Қонаевты не үшiн орнынан алып тастайды? Ол кiсiнiң тазалығы, адалдығы баршаға белгiлi емес пе?! Еңбегi неге бағаланбайды? Құрмет қайда? Iлтипат қайда? Бұл жалғыз Қонаевты емес, қазақты басыну ғой, менсiнбеу ғой... Сонда бiздiң кiм болғанымыз? Басыма келген осындай ойлардан қараптан-қарап ызаландым. Жүрегiм қатты-қатты соғып кеттi. «Iздегенге – сұраған» демекшi, автобус Абай мен Масанчи көшелерiнiң қиылысына жеткенде, жүргiзушi «ары қарай жол жоқ» деп жолаушыларды түгел түсiрiп тастады. Көлiктен түсер-түспесте бiр бейтаныс жiгiт: «Алаңға жастар жиналып жатыр дегендi естiгенмiн. Қонаевтың қайта оралуын талап етедi екен. Осы жұбымызды жазбай, бiз де барайық алаңға, қандастарымызға қолдау бiлдiрейiк. Құлақпен мың рет естiгеннен, көзбен бiр көрген артық емес пе?!» дегенi сол едi, өзi тұтанайын деп тұрған отқа май құйғандай болды. «Несi бар, барсақ барайық!» дестi жиналғандар. Жиналған топ ақыры алаңға бет алды. «Көппен көрген ұлы той» дейтiн қазақтың баласы емеспiз бе, сол көпшiлiкке мен де iлестiм. Ілеспеуге арым жiбермедi... Бiз алаңға жақындағанда, бiрiншi байқағанымыз мынау болды: алаңның сыртын мұздай қаруланған әскери жасақшылар қоршап алыпты. Бiр емес, бiрнеше қатар. Өңдерi өрт сөндiрердей суық. Қоршаудың iшiнде топ-топ жастар. Гу-гу етедi. Бiз барған бетте iшке кiрмекшi болып әрекет жасап едiк, жасақшылар керi итерiп тастады. Сол сәтте бiздiң топты қоршау iшiндегi жiгiттерi байқап қалды да, жүгiрiп келiп ең алдында тұрған бiр милиционермен керiстi. Ақыры, қоярда-қоймай жасақшылардың арасын жарып, бiздi iшке өткiзiп алды. Iшке енген бойда әр-әр жерден көтерiлген плакаттар мен лозунгыларды көзiм шалды. Онда: «Әр халыққа – өз көсемi!», «Ленин идеялары жасасын!», тағы басқа ұрандар жазылыпты. Алыстан Шәмшi Қалдаяқовтың «Менiң Қазақстаным» әнiн қосыла айтқан жастардың дауысы естiледi. Сол кезде не түлен түрткенiн қайдам, бойымда әлдеқандай бiр күш пайда болып, жаурағанды да ұмытып, одан сайын өжеттенiп кеттiм. Жүрегiм атқақтап соға бастады. Өңешiме ащы өксiк тығылып, өзiмнен-өзiм солқылдап жылап жiбергенiм есiмде... Уақыт кешкi 6-лар шамасында әскери жасақтардың қарасы тiптi көбейе түскенiн байқадық. Бiз тұрған алаңның батыс жағын – Сәтбаев пен Мир көшелерiнiң (қазiргi Желтоқсан көшесi – авт.) қиылысы тарс бекiтiлдi. Ең алдыңғы қатарда iшкi iстер бөлiмiнiң қызметкерлерi сап түзеген. Одан кейiн бiрнеше қатар болып әскерилер қаққан қазықтай болып сiресiп тұрды. Түстерi суық. Бiздiң алматылықтарға мүлдем ұқсамайды. Суықтан жаураған жастардың бiрнешеуi қайтпақшы болды ғой деймiн, жасақшылардың жанына жақындап барып едi, дөң-айбат көрсетiп, айқайлап, керi қуып тастады. Өздерi жұбын жазбай жан-жақтан құрсаулай түстi. Керi шегiнген жастар қолдарына түскен нәрсенiң барлығымен қорғанбақшы болды. Сол-ақ екен, аласапыран басталды да кеттi. Айқайлаған, шыңғырған дауыстар... Арпылдаған иттер... Жанұшыра қашқан жастарды көшенiң қапталында тұрған әскери жасақшылар лып етiп ұстап алып, одан сайын тепкiлеп, ұрып, сүйрелеп әкетiп жатыр. Ымырт үйiрiлiп, күн одан сайын суына бастаған. Бiр заматта су шашатын машиналар тiзiлiп келiп, су шашты. Оған ызаланған жастар бiр-екеуiн таспен атқылап, басып алып, төңкерiп, от қойып жiбердi. Күштi прожекторлардың жарығы көз қарықтырып, бас айналдырады. Сол кезде бiз, бір топ жастар, көпшiлiгi қыздар болатын, алаңнан шығып кетуге тырыстық. шыны керек, қыздарға тиiспейтiн шығар, оп-оңай өткiзiп жiберетiн шығар деп ойлағанбыз. Қайдағы, әскерилер бiздi қатты соққының астына алып, керi қуды. Бiз бәрiбiр көздегенiмiзден қайтпадық, солдаттардың құрсауын бұзып өтпекшi болып жанталастық. Алайда, күш тең емес едi, қанша әрекет етсек те, онымыздан түк шықпады. Әскерилер бiздiң топты шошайған қара шоқпарлармен аямай ұрып-соғып, керi ысырып тастады. Бiз ендiгi әуселемiзден түк шықпасын бiлiп, керi оралдық та, бiр-бiрiмiздiң қолтығымыздан қатты ұстап алып, бар даусымызбен айқайлап ән айта бастадық. Бұл қорқынышымызды, жаурағанымызды бiлдiрмеу, сездiрмеу үшiн жасалған әрекет едi. Осыдан кейiн-ақ алаңдағы жағдай қатты ушығып кеттi. Әлдекiмнiң «Вперед!» деген қарлығыңқы дауысы шығуы мұң екен, не нәрсеге де дайын тұрған қарулы әскер жастарға лап қойды. Жiгiттердi таяқпен ұрып, қыздарды бұрымынан алып, жұлқылап, тулақтай етті. Олар мынадай қорлыққа шыдамай шыңғырады дейсiң... Оған қарайтын солдаттар жоқ. Одан сайын тепкiлей түседi. Бұрын-соңды мұндай нәрсенi көрмеген жастардың әрқайсысы әр жаққа қарай бытырай қашты. Менiң жанымда екi жiгiт тұрған едi. Олар менiң түкке түсiнбей, сасқалақтап қалғанымды сездi ме, екеуi екi қолымнан шап берiп ұстап алып, Бәйсейiтов көшесiне қарай сүйрей жүгiрдi. Қанша жүгiргенiмiздi бiлмеймiн, кенет оң жағымдағы жiгiт «аһ» дедi де, етбетiнен түстi. Жалт қарасам, еңгезердей бiр солдат әлгi жiгiттi резеңке шоқпармен басы-көзге қарамай төпелеп ұрып жатыр екен. Мен қорыққанымнан шыңғырып жiбердiм. Оған қараған солдат болған жоқ, бiр-ақ аттап жетiп келiп, не iстерiн бiлмей состиып тұрған екiншi жiгiттi де соққының астына алды. Ол мүлдем қарсыласқан жоқ, басын қолмен қорғаштап жерге етбетiнен жата кеттi. Сонда да аямады, байғұсты. Мен: «Ағатай, аясаңшы!» деп арашаға ұмтылып едiм, жағымнан бiр пергенде, анадай жерге ұшып түстiм. Сосын резеңке сойылмен басымнан перiп-перiп жiбердi. Әрi қарай не болып, не қойғанынан хабарым жоқ, есеңгiредiм де қалдым. Қазiр соның зардабынан құлағым нашар естидi, басым үнемi шыңылдап тұратын ауру таптым. Емiс-емiс есiмде қалғаны – машинаға әкелiп тиеп жатқаны... мар Әрi қарай Мәрзияның есiнде жақсы сақталғаны мынадай нәрселер: отыз шақты желтоқсаншыны тиеген машина заулап отырып бiр жерге әкелiп түсiредi. Қай жерге келгенiн ешқайсысы да шамалай алмайды. Әйтеуiр айнала күңгiрт, әлдеқайдан көңiрсек иiс шығады. Қорқынышты. Бұларды әкелген жасақшылар да шетiнен дөрекi, боқтап сөйлеп, нұқып көрсетедi. Бұлар iшке енгенде, мұнда жастардың көп екенiне көзi жеттi. Көпшiлiгiнiң үстi-басы қан-қан, бет-ауызы тiлiм-тiлiм. Бастары жарылған, мұрындары бұзылған. Бiр жiгiт аяғынан алған қатты соққыдан тұра алмай, еденде ыңырсып жатыр. Бiр қазақ милиционерi бұларды келген бойда бiр-бiрден тұрғызып суретке түсiрiп алды. Содан соң бәрiн бiр бөлмеге кiргiзiп, дүрсе қоя бердi. «Өңшең боқмұрын немелер! Алаңда не әкелерiңнiң құны бар едi?! Қонаев бола ма, Колбин бола ма, сендерге бәрiбiр емес пе?! Сендердi алаңға шығуға кiмнiң үгiттегенiн, кiмнiң ұйымдастырып апарғанын айтсаңдар, бәрiңдi босатамыз... Тек шындарыңды айтсаңдар болғаны...» дейдi. Дауысы зiлдi. Аяйтын түрi жоқ. Қазақтың жiгiтiнiң өстiп қорланып жатқанына, қазақты қазақ түсiнбегенiне намыстанып кеткен Мәрзия қайсарланып: «Бiздi алаңға шығуға ешкiм де үгiттеген жоқ, зорлаған да жоқ. Тек көпшiлiкпен бiрге жай қызықтауға ғана бардық. Сонда бiзге қызықтауға да болмай ма?» дейдi. Басқалар да мұны қостай жөнелген. Сонда әлгi милиционерлер ұялмай-қызармай: «Мыналарды алаңға шығуға үгiттеген, бәлкiм, сен шығарсың?» дейді мұны кекете. Мәрзия осы кезде намыстан қорланып өлiп кете жаздайды. Әлгi милиционердiң намыссыздығын, екiжүздiлiгiн, ұятсыздығын, әй, бiр бетiне басып ұялтқысы-ақ келген... Бiрақ, оны айтатын сәт емес едi. Мәрзия өзiн-өзi әрең тежеп қалады. Ертесiне тергеу қайта басталады. Баяғы сол сұрақ, сол үркiту, сол қорқыту... Бiр сұрақты қайта-қайта қойып, әбден жүйкенi ауыртады. Мәрзия да қырсығып ештеңе айтпай қояды. Сол заматта камераға ұзын бойлы, сымбатты жiгiт ағасы кiредi. Ол орындыққа жайғасып, отырғандарды жағалай шолып шығады да: – Мен Кәдiрбек Зиманов деген ағаларың боламын. Осы қаланың прокурорымын. Мен бұл бұзақылыққа сендердiң түк те кiнәлi емес екендерiңдi бiлемiн. Сондықтан да сендерге сенемiн, сендердiң де маған сенулерiңе болады. Шындарыңды айта берiңдер! – дейдi. Неге екенi, Мәрзия ол кiсiге бiрден сенгенін, сөзiнен шынайы қамқорлықты сезiнгенін айтады. Сөйтiп, өзiн әрең ұстап тұрған ол бiрден ағытылып қоя береді... – Аға, бiзге сенiңiзшi! Бiздi ешкiм де алаңға барайық деп үгiттеген жоқ. Көпшiлiк жүрген жерде жүргiмiз келдi, болғаны сол. Егер көпшiлiкпен бiрге болу қылмыс болса, онда халық болудың не керегi бар?! Ал алаңға барған көпшiлiк Қонаевты не үшiн, қандай қылмысы үшiн орнынан алып тастағанын өз құлақтарынан естiгiсi келдi. Ол кiсi елiмiзге жақсылы-жаманды көп жыл адал еңбек еттi ғой. Егер қызметiнен өз еркiмен кеткен болса, неге құрметтеп шығарып салмадық? Әлде, оған лайық емес пе?.. Шындығында, жастардың алдына өзi шығып, мән-жайды түсiндiрiп, «айналайындар, мен орнымды өз еркiммен босатып бердiм, сендер оған арандамаңдар» десе, бiз де иттiң баласы емеспiз ғой, түсiнетiн едiк. Қонаев кеткен екен, жарайды. Оның орнына басқа бiр де бір қазақ табылмады ма?! Табылмаса, онда ел, жұрт болудан қалған екенбiз ғой! Солай ма, аға?! Бiз соған күйiнiп алаңға шығып едiк, – деп өксiгiн баса алмаған Мәрзия, солқылдап жылап жiбередi. Осы бiр қаршадай қыздың мiрдiң оғындай сөзi отырғандарға қатты әсер еткенi сондай, тергеушi де, прокурор да, басқалар да көздерiмен жер шұқылап үнсiз тыңдайды. Әрi жанашырлықпен, түсiнiстiкпен тыңдап отырғанын бәрi де сезедi. Кенет алаңдағы аласапыранда мұны сүйрей қашқан, кейiн бiрге қолға түскен екi жiгiт орындарынан тұрып: «Бұл қыз шындығын айтып отыр, аға. Алаңдағы болған жағдайға мұның ешқандай қатысы жоқ. Бұл қызды жiберiңiздер, ол үшiн бiз жауап беруге дайынбыз!..» дейдi. – Бағанадан берi өзiн жайсыз сезiнiп отырған прокурорға сол екi жiгiттiң айтқаны қатты әсер еттi, бiлем, екi көзi шоқтай жанып кеттi. Бiрақ, сыр алдырмады. Бар айтқаны: «Ертеңге дейiн шыдаңдар, бiр әрекетiн жасармыз» болды. Прокурор Қ.Зиманов қандай қиын болса да, сөзiнде тұрды. Ертесiне өзiмен бiрге үш адамды ертiп келiп, ұсталғандардың iшiнен кешегi сөйлеген үшеуiмізді оңаша шығарып: – Ендi алаңға барып шу шығарушы болмаңдар. Ұсталсаңдар, арты жақсы болмайды, балақайлар, – дедi де, қолдарына прокурордың ескерту және уақытша қаладан кетуге рұқсат етiлмейдi деген қағаз ұстатып, босатып қоя бердi... Өздерiн Лобачевский көшесiнде орналасқан уақытша қамау мекемесiнде ұсталғанын тысқа шыққан соң бiр-ақ бiлдi олар. Ал өзiне келетiн қауiптi бiле тұра, қорықпастан жастарға арашаға түскен, сөйтiп қамаудан алып шығып, үлкен азаматтық танытқан кiсi – Алматы қаласы прокуратурасының бiрiншi орынбасары Қадырбек Зиманов болатын. Осы мекемеде 284 қазақ жастарының отырғаны туралы кейiн баспасөзде нақты жазылған... – Мен ол кiсiнiң жақсылығын ешқашан ұмытқан емеспiн, ұмытпаймын да. Егер Қадырбек аға болмағанда, қандай күйге душар болатынымызды кiм бiлген?! – деп жалғастырды әңгiмесiн Мәрзия. – Кейiн он жылдан соң Алматыға қайтып оралғанымда, мен ең бiрiншi кезекте Қадырбек ағаны iздестiрдiм. Алғыс айтқым келген, бiрақ кездестiре алмадым. Қорлау мен тергеу, жазалау одан кейiн де тоқтамайды. Екi жiгiттi шығарып салып, жатақханаға келсе, мұны Бостандық аудандық Iшкi iстер бөлiмшесiнің қызметкерi тосып отыр екен. Оған қарсылық жасауға қауқар қайда?!. Үнсiз iлесе берген. Бөлiмшеде оны аға тергеушi В.Баранчук қарсы алады. Ол да бiр сұраған нәрсесiн ежiктеп қайта-қайта тәптiштеп, әбден ит әуреге салады. Күнi бойы ұстайды. Жауап алудан мезi болғаны сондай, болған жайдың бәрiн жайып салып, тiптi қала прокурорының бiрiншi орынбасары берген ескерту мен уақытша қаладан кетуге болмайтындығы туралы қағазды көрсетедi. Сонда ғана аздап сабасына түскен тергеушi, «ертең келерсiң» деп босатып қоя бердi. Арада апта өтпей институтта ректор С.Байболовтың өзi қатысқан жалпы жиналыс өтедi. Күн тәртiбiнде желтоқсанда алаңда болғандарды жазалау жөнiнде жалғыз-ақ мәселе қаралады. – Сол жиналыс әлi есiмде, – деп еске алады Мәрзия күрсiнiп. – Төрде отырған ректордың иығы қушиып, бiр уыс болып шөгiп кеткен. Амал жоқтықтан, әрең отырғаны көрiнiп тұрды. Ол: «Алаңда ұсталғандарың оқудан өз еріктерiңмен кетiңдер, әйтпесе қиын болады!» – дедi. Артынан көпшiлiгiмiздi «комсомол қатарында бұдан әрi қалуға идеялық тұрғыдан қауiптi» деген сылтаумен комсомолдан шығарды. Ол кезде комсомолдан шығарылса, автоматты түрде оқудан да шеттететiн... Ауылға келсем, әкем де дүрсе қоя бердi. «Алаңда не бар едi? Қыз бала деген үйде отыруы керек емес пе? Ал сенiң батыр болғың келген екен ғой, ә?! Қолыңмен iстеген екенсiң, мойныңмен көтер!» дедi ол. Әрине, әкемнен естиiн деген сөзiм ол емес едi. Содан үйге сыймай, қалаға қайта келдiм. Оқудан шығару туралы ұсыныс болғанымен, әлi бұйрық берiлген жоқ едi. Жатақханаға келсем, кiре берiсте вахтада отыратын апай тоқтатып: «Айналайын, бөлмеңе бармай-ақ қой. Институтқа да жолама. Алаңда түсiрiлген суретте сен де бар екенсiң, айнала iздестiрiп жатыр. Мүмкiндiгiң болса, уақытша қаладан кетiп қалғаның жөн» дедi асығыс. Тергеуден әбден мезi болған мен, шошып кеттiм. Вахтерша апайдың сөзi түрткi болды ма, артыма шұғыл бұрылдым да, сол бойда вокзалдан бiр-ақ шықтым. Көңiлдегi күдiктен шаршағаным сонша, мақсатым, әйтеуiр бiр көз көрмес, құлақ естiмес жаққа кетiп қалу болды. Сөйтiп, Жамбыл қаласына дейiн билет алдым. Сонда құдашам тұрушы едi. Өзi қонаққа кел деп шақырып жүретiн. Жөпелдемеде сол есiме түскенi ғой. Өлгiм де келген. Бұл дүниеде ешкiмге керексiз болып өмiр сүруден асқан азап жоқ екенiн сонда түсiндiм. Бiрақ, өлу қайда... Шыбын жан тәттi екен. Дүниенi әдiлетсiздiк пен аярлық билеп, өмiр деп әспеттеп жүргенiмiздiң бәрi жай әншейiн бiр ит тiрлiк екенiне көзiм анық жеттi сонда. Соған қорлансам да, өзiмдi өлiмге қимадым. Сол қорлықтың азабын тартып жүре берейiн деген шешiмге келдiм. Басыма осындай ой келуi мұң екен, iшкi дүнием төңкерiлiп сала бердi. Iштей ендi артыма қарамауға бекiндiм. Көп күнгi қорлау, тексеру, жазалау әбден дiңкелетiптi, терезеге қарап отырып, солқылдап жылап жiбердiм. Өксiп-өксiп жыладым. Пойыз екпiндеп жүрген сайын, Алматыда қалған балалығымның бал дәуренi алыстаған сайын, соны түсiнген сайын өзiмдi-өзiм игере алмай жыладым... Сол кеткеннен, мол кеттiм. Тағдырыма үлкен өзгерiс жасаған Алматы деген қалаға арада он жыл өткен соң ғана қайтып оралдым. Онда да әкем дүниеден өтпесе, соңғы демi үзiлер алдында: «Мәрзияны iздеп табыңдар, менiң оның алдында кiнәлi екенiмдi айтыңдар, менiң кешiрiм сұрағанымды жеткiзiңдер» демесе, туысқандарым іздемесе, Тараз қаласында үн-түнсiз жүре берер едiм. Ол 1997 жыл болатын... Мәрзия тағы да көз жасына ерiк бердi. Мен тоқтау айта алмадым. Желтоқсанның қақаған аязында жазықсыз таяқ жеп, тергеушiлерден қорлық көрiп, жала жабылып, оқудан шығарылып, институт басшыларынан бiр, әкесiнен екi қатты сөз естiп, оған шыдамай басы ауған жаққа кетiп, ендi оның да сұрауы болатынын түсiнiп, бiрақ сол сұрауын жиырма бес жылдан берi сұрай алмай жүрсе, бұдан өткен қайғы бола ма?.. Амал не, шыдап келедi, шыдай да беретiн шығар... Осы бiр гүлдей үлбiреген кiм-кiшкентай қыз әңгiмесiн үзiп-жұлып аяқтағанда, көз алдымда оның ұлттық рухының соншама биiктеп, асқақтап бара жатқанын сезiндiм. Қазiр Мәрзия Алматы қаласында тұрады. Тұрады деген аты болмаса, тiрлiгi де елеусiз. Ол қаладағы Қазақстан Республикасы Президентi iс Басқармасына қарасты Орталық клиникалық ауруханада еңбек етедi. Мұнда еңбек еткелi де 15-шi жылға аяқ басты, бiрақ пәтер жалдайды. Өз атында үйi жоқ. Жатақхананың да ауылы алыс. «Мен желтоқсан қаһарманы едiм деп кiмге барам, қай басшыға шағымданам, кiм тыңдай қояды менi?..» дейдi ол. Бәлкiм, Мәрзияның бiз арқылы айтқан осы өтiнiшi тиiстi орындардың басында отырған ұлтжанды азаматтардың құлағына шалынатын шығар деген үмiтiн де жасырған жоқ... Несi бар, «үмiт – алдамайды» деген сөз бар ғой қазақта, алдамаса алдамайтын шығар...