Көп әйел алған қария: "Әкем теріс жүріп, қыздардың көз жасына қалма дейтін"
2018 ж. 12 желтоқсан
5061
0
Түркістан облысының Жетісай ауданында тұратын Сапаралы Серікбаев үш әйелінен он ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Қарияның тоқал мен нақсүйер алуына бәйбішесі мен балалары қандай көзқараста болды? Үш шаңырақты тату-тәтті ұстап отырудың сыры неде? Балалардың тәрбиесі кімнің мойнында? 72 жастағы қария Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында жан сырын ақтарды.
Серікбаевтар әулеті үшін көп әйел алу жат емес. Себебі Сапаралы ақсақалдың әкесі де кезінде үш әйел алған екен. Одан 20 ұл-қыз тараған. Біздің кейіпкеріміз бәйбішенің ұлы. Әкесінің кіші әйелдерін "анашым" деп атаған.
"Әлі есімде менің анам әкемнің екіншісіне сіңлісіндей құрмет көрсетті. Бір-біріне сыйы ерекше болды. Үшіншісімен де қарым-қатынасы жақсы болды. Үш әйел де тату болған соң балалар да бауырмал болып өсті. Мынау бәйбішенің не тоқалдың баласы деп бөле-жармаймыз бір-бірімізді. Негізі марқұм әкем" биең көбейсе, құлын да көбеймек, не істесең де адал бол. Арам жолға түспе. Некелеп ал. Ешқашан сүрінбейсің. Некеде дүниеге келген баланың да жүзі жарқын, тәрбиелі болады" деп үнемі ақылын айтып отыратын" деп әңгімесін бастады ақсақал.
Айтуынша, әкесі "қыз баласының көз жасына қалма" деп құлағына құйып өткен. Бірақ бірнеше әйел ал деп ешқашан үгіттемепті.
"Өз қалауыммен некесін қиып алдым кейінгілерімді", — дейді түркістандық қария.
Қария үш әйелінен 10 ұл-қыз сүйді. Бүгінде 15 немере мен 10 шөберенің қызығын көріп жүр. Ерекше атап өтерлігі, үш шаңырақтан тараған балалар бір-бірімен араласады. Тіпті тоқалдың ұлы сабақтан келерде бірінші кезекте бәйбішеге барып, сәлем беретін болған екен. Бәйбішенің үлкен ұлдары екінші әйелді "анашым" десе, кейінгілері "жеңге" деп атайды. Қысқасы, бұл әулетте қандай да жиын өтсе, үш шаңырақтың перзенттері бас қосады.