2-сынып оқушыларына жаңа пән енгізіледі
2018 ж. 11 желтоқсан
2204
0
2030 жылы әлемде 85 пайыз жаңа мамандық пайда болады. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына арналған Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты деп жазады ҚазАқпарат.
Оның дерегінше, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының «Адам капиталын дамыту» бағыты аясында жас ұрпақтың шығармашылық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында «бағдарламалау негіздері» пәні еліміздің орта мектептерінде 2-сыныптан бастап енгізіледі.
«Техникалық, кәсіби, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі реформалар аясында, білім беру бағдарламаларын заманауи трендер бойынша дамыту жүргізіліп жатыр. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылы әлемде 85 пайыз жаңа мамандық пайда болады», – деді ол.
Министрдің айтуынша, олардың қатарында деректермен жұмыс жүргізетін детектив, қалалық киберсарапшы, генетикалық код редакторы, цифрлық тігінші және тағы басқа мамандықтар болуы мүмкін.
«Сондықтан қазірден бастап, осы трендтерді ескеріп, мамандарды нарыққа сай дайындау маңызды», – деді министр.
Дәурен Абаев ел тұрғындарын цифрлық салаға машықтандыру үшін 700 мың адам оқытылғандығын, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының базасында 15 мың адам білім алғанын айтты.
«Олар цифрлық технологиялар бойынша кәсіпкерлікті жүргізу, маркетинг, қаржылық сауаттылық пен бизнес-жоспарларды игерді», – деді ол.