Дәурен Абаев: Қазақтілді сайттардың өз бағыты қалыптасып келеді
2018 ж. 06 желтоқсан
2001
0
Астанада қазақтілді контентті дамытуға арналған «QAZFORUM — 2018» конференциясы басталды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Іс-шараны ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ашты. Оның айтуынша, қазақтілді контенттің саны артып келеді. Ендігі мақсат — сол контенттің сапасын көтеру.
«Бүгінде қазақтілді сайттарды саны да, салмағы да артып келеді. Уақыт талабына сай өз аудиториясын қалыптастырған бәсекеге бейім порталдардың қарасы көбейіп жатыр. Осы қарқын жалғасса, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі өседі», — деді Д.Абаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде ақпараттық сайттар арқылы мемлекеттің саясатын xалыққа жылдам жеткізуге мүмкіндік бар. Мәселен, xалық Елбасының «Болашаққа бағдар. Руxани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының мағынасына тереңірек үңілді.
«Осындай ауқымды жұмысты атқарғандарыңыз үшін ақпарат және коммуникациялар министрлігі атынан сіздерге алғыс айтамыз. Әлем бір орында тұрған жоқ. Интернет түрлі бағыттар бойынша жан-жақты дамып жатыр. Сол себепті аудиторияға қызықты контент, оқырманға тартымды портал қалыптастыру — бүгінгі заман талабы. Қазір қазақтілді сайттардың өз бағыты қалыптасып келеді. Осы жайт көңілге қуаныш ұялатады. Бүгінде нақты дерегі бар қысқа да нұсқа ақпарат құнды. Осыдан он жыл бұрын біз қазақтілді сайттар болса екен деп ойлатынбыз. Қазір ондай сайттар бар. Саны да аз емес. Енді, сол сайттардың сапасын арттыруымыз қажет», — деп атап көрсетті Д. Абаев.