Өмірзақ Ақжігіт: Қазақтың тарихын тонап жатқан кімдер?

1
2124

Тақырып тырнақшаға алынбады, өйткені, тонау кәдімгі шын мәніндегі тонау. Әйтпесе, қазақтың қазба байлығының да іс жүзінде тоналып жатқаны, оның бар игілігін шетелдік компаниялар көріп отырғаны айтыла-айтыла жауыр болған дүние, сондықтан біз оған тоқталып жатпаймыз. Бүгінгі сөз қазба байлықтан да қымбат, шын мәнісінде баға жетпес қазынаны – қадым заманнан жеткен мазарлардағы тарихи жәдігерлерді кім көрінген, әсіресе шетелдіктер(!), ешқандай кедергі, тыйымсыз ашық тонап жатыр деп «Егемен Қазақстан» газеті осы жылдың 16 қарашасы күні «ҚР Парламентінің назарына!» деген айдармен Азамат Қасымның «Қорғансыз қалған қорғандар», Бекен Қайратұлының «Қара археологтар» қаптап жүр» деген мақаласын беріп, дабыл қаққаны жайлы болмақ. Бәріміздің илейтініміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, әріптестеріміз өте өзекті мәселені көтерген екен, еліміздегі ең оқырманы көп «Қазақ үні» сайты мен бар қазақтың үніне айналған «Қазақ үні» басылымы арқылы біз де істің тезірек оң шешілуіне шамамыз келгенінше ат салысайық деген ойға келдік.

Тарихи жәдігерлерді неге «баға жетпес құнды» дейміз? (Сөз реті келгенде айта кетейік, көп қазақ журналисі орыстың «бесценный» деген сөзін жоғарыдағыдай өз мағынасымен берудің орнына «бағасыз» деп жазып, асқан сауатсыздық танытып жүр…) Олай деуіміздің себебі мынау: «Металдан жасалған кез келген көне бұйым ескерткіштің хронологиясын анықтауға септігін тигізіп қана қоймай, сол уақыттың əлеуметтік-экономикалық жағдайынан үлкен мəлімет береді» дейді мамандар. Расында солай! Мысалы, Алматының жасын ғалымдар қала аумағынан табылған бір түйір монета-теңге арқылы анықтаған жоқ па?!» деп жазады Б.Қайратұлы. Міне, сізге, бір ғана жәдігердің көтеріп тұрған жүгі!..

Ал, енді, тарихты тонап жатқандар кімдер десек, ол әдеттегідей, алдымен өзіміз екен… Бұрын қазба жұмысқа Ə.Марғұлан атындағы археология институтында ғана лицензия болса, бүгін Мəдениет жəне спорт министрлігі археолог ретінде 5 жылдық еңбек өтілі бар кез-келген тұлғаға оңды-солды тарататындықтан, оны 100-ге тарта ЖК (ИП) жəне ЖШС (ТОО) иеленіпті, ал, бірақ, оларды бақылайтын арнайы ұйым жоқ екен. Бұрын Археология институты ғылыми жұмыс есебін қабылдаса, кәзір ол да жоқ. Лицензиясы бар тұлға қандай нысанды қазып, не алып жатқаны еш жерде тіркелмесе, археологтар тапсырыс берушіге ғана есеп берсе, ал, ол жеке тұлға немесе жеке компания болуы мүмкін болса, және қазып алған заттарын ешқайда өткізбесе, жұрт білгенін істемей қайтеді?!… Алматы облысында бір компания екі айда 170 қорғанды қазып тастапты.

Бұлар – өзіміз болсақ, металліздегіші бар шетелдіктерге тіпті тыйым жоқ екен. «Заңда ескерткіштерді тонау қылмыс болып саналады» деп жазыл ған. Бірақ нақты тетіктері қарас тырылмаған. Ресейде металліздегіш қару секілді тіркеуде тұрады, оны ұстауға арнайы лицензия алу керек. Дрон да тіркеуде. Күрек-сайманмен, қазу құралдарымен жүрген адамдар тексеріледі.

Ресейде 100 жылдан асқан көне затты қолда ұстау да қылмыс болып саналады. Музейге өткізуге міндетті. Біздердікі археолог емес, тонаушылар.

Бізге де заңды қатайту керек» депті жаны күйген жас археолог Ерден Оралбай.

Заңды қатайтатын кім? Дұрыс, Парламент. 16-қараша күні «Егеменге» қос мақала шықты дедік. Парламент не істеді? ҚР Конституциясының «заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады» деп жазылған 61-бабына сәйкес Мәжілістің кезектен тыс отырысын шақырды ма? Оған Үкіметтегі осы салаға жауапты тұлғаларды, о.і. заңгерлерді, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар мен заңгерлерді қатыстыра отырып мәселені жан-жақты талдады ма? Талдау қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылдады ма? Қайдаааааан… Бес күннен кейін шыққан «Ұлы даланың жеті қырын» жырлаумен айналысып кетті бәрі. Ал, сол «Ұлы даланың…» өзі ең алдымен тарихыңды қорға деп тұрған жоқ па?!

25-қараша күні фейсбукта осы мәселеге байланысты біздің кішкентай постымыз жарық көрді. Басқа ешқандай реакция байқалмады. Тек 28-қараша күні Сенат отырысында бір ғана сенатор Бірғаным Әйтімова бүкіл заң шығарушы билік атынан елдің жоғын, Абай атамыз айтқандай, «жоқтаған-ақ болайын-ай, жоқтамасам обал-ды» деген ойға келсе керек, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдады.

Енде не болады? Не болатынын бәріңіз де болжалдап, дәлірегі айдан да анық көріп-біліп отырсыздар – Премьер-министр жеке депутаттық сауалдың мәртебесіне сәйкес, тиісті мерзім бітерге бір-екі күн қалғанда жұп-жұмыр, әдемі, бірақ, салмағы жоқ «шығарып салма» жауап береді. Сонымен екі жақ та өз міндетін абыроймен атқарып, көңілдері тоғаятын болады.

Ал, тонау жалғаса беретін болады…

Өмірзақ Ақжігіт,

Қазақ үні

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз