Қазақ тілінен сабақ беретін өзге ұлт өкілі Мемлекеттік тілді насихаттау керектігін айтты

Облыстық газеттің жазуынша, өңірде қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, тіпті осы пәннен сабақ беріп жүрген өзге ұлт өкілдері баршылық екен. Шындығында, өз қандастарымыздың біразы ана тілін үйренуге асықпай жүргенде бұл ерекше жағдайдың бірі секілді. Осыған байланысты газет солтүстік өңірде сөйлесетін ортасы көп болмаса да қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің талабына қуаныш білдірген. Мақала да соларға арналыпты.

Газеттің жазуынша, сондай адамның бірі - Римма Афанасьева. Ол Жітіқара ауданында дүниеге келген. Өскен ортасында қазақша сөйлейтіндер мүлде болмапты. Орыс мектебінде оқып, бітірген. Яғни, бәрі өз талап-ынтасымен жүзеге асқан.

«Қазақ тілін еркін меңгеруге өзімнің қызығушылығым мен осы пәннен сабақ берген ұстазым себеп болды», - дейді ол. - 1-сыныпты бітірген кезде «Мен қандай пәнді жақсы білемін?» деп ойладым. Сол кезде қазақ тілінен байқауға қатысып, екінші орын алғанмын. Егер жарыста озсам, яғни, әрі қарай тырыса беруге болады деп шештім. Сонда қатты қуанғаным әлі есімде, - дейді қазақ тілі пәнінің мұғалімі Римма Афанасьева».

Римма қазір Федоров ауданындағы Воронеж ауылында орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ береді екен. Мақалаға арқау болған тағы бір кейіпкер Дмитрий Ромашенко да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екен. Ол Украин отбасында дүниеге келіпті, мектепті орысша оқыған. Өзінің ерік-жігерінің арқасында қазақ тілін меңгеріп шыққан екен. Ол қазақ тілінің насихатталу жағы кем деген пікірде екен.

«Тілді тағы да насихаттау керек. Жақсы кітаптарды көптеп шығарған дұрыс. Әлемдегі ең жақсы кітаптарды қазақ тіліне аударса жақсы болар еді. Сосын оқулықтардың сапасын көтеру қажет, - дейді кейіпкеріміз»...