Сапасыз тағам өнімдеріне тосқауыл керек

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті жақында азық-түлік қауіпсіздігі бойынша кезекті мониторинг жұмыстарын жүргізді. Рейд жұмыстары басталысымен-ақ қаладағы саудасы қызу жүріп жатқан екі дүкеннен алынған тауық етінен Salmonella таяқшаларының бірден екі түрі табылғанын хабарлады ҚазАқпарат. Аса қауіпті деп есептелетін бұл бактерияның қоғамдық тағамдану және сауда орындарынан анықталуы бұл бірінші рет болып отырған жоқ. Іш сүзегі сияқты қатерлі ауруға алып келетіндіктен тұрғындарымыздың өміріне қауіп төндіретіні айтпаса да белгілі. Бірақ біздің елімізде онымен күрес әлі де нақты нәтиже беретін түрі жоқ... Медициналық анықтамаларға қарасақ, Сальмонеллез — жұқпалы ішек ауруы. Аурудың қоздырғышы — сальмонелла тобына жататын таяқшалы бактериялар. Бұл бактерияларды алғаш рет 1885 жылы америкалық ғалымдар Дж.Смит пен Д.Е. Сальмон обамен ауырған шошқалардан тапқан. Қазіргі кезде оның 2500-ден астам түрлері анықталған. Сальмонеллалар сыртқы ортада қолайлы жағдай туса, көбейе береді. Олар суда 5, ет-шұжық, сары майда 4 айға, сүтте 20 күнге, ірімшікте 1 жылға дейін тіршілігін жоймайды. Малға беретін жемдерде 10 ай, топырақта 18 айға дейін сақталады. Ауру, әсіресе, нәрестелер мен қарт адамдарға қиын соғады. Бір жарым ғасыр бұрын анықталып, оны емдеудің жолдары баяғыда табылғанмен осы бір індетке 21 ғасырда қарсы тұра алмау — ұят нәрсе. Бәрі де өзіміздің салғырттығымыздан, ең бастысы ақшаға деген тойымсыздықтан туындап отырған жағдай. Қоғамдық тағамдану мен сауда орындарында санитарлық нормалардың сақталмауы, оны қадағалауға тиісті құзырлы орындардың жауапсыздығы осыған басты себеп екенін ашық айтқанымыз жөн. Азын-аулақ болып тұратын кезекті тексерулерге қарасақ оған анық көз жеткіземіз. Мысалы, «Смағұлов» ЖК, «Заманбеков» ЖК (Жетісу ауданы) дүкендеріндегі тауықтың сан етінен адам үшін қауіпті Salmonella еnteritidis, С1 тобындағы Salmonella бактериялары табылған. Сатушыларда бұл өнімнің қауіпсіз­дігі туралы құжаттары да жоқ болып шыққан. Дүкен иелеріне айып­пұл салынып, осы өнімдерді жеткізушілерді анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанмен түпкілікті нәтиже жоқ. Сондай-ақ тексеру барысында қаладағы үш дүкен: «Оразалин» жеке кәсіпкерлігі (Әуезов ауданы), «Гусев» жеке кәсіпкерлігі (Бостандық ауданы) және «Ақмарал» дүкенінен (Медеу ауданы) пайдалану мерзімі өтіп кеткен тамақ өнімдері анықталған. Бұл да түрлі аурулардың таралуына, адамдардың астан улануына алып келетін жағдай. Мамандардың айтуынша, жалпы Алматы қаласы бойынша 6 тағам өндіруші кәсіпорынның санитарлық ере­желерді сақтамағаны белгілі болды. Алматыда бір жылға жетпес уақытта 164 субьектіге қатысты әкімшілік іс қозғалса, 34 іс сот орындарында қаралыпты. Жалпы алғанда 13,6 млн. теңге көлемінде айыппұл салынып, айналымнан жалпы құны 2 млн. теңге болатын 5 мың 277 келі тауар алынып тасталып, сауда орындарынан алынған 2469 сынаманың 35,6 % техникалық регламенттерге сай болмай шыққан. Қуанарлық көрсеткіш емес, кері­сінше жантүршігерлік жағдай. Бұл қала тұрғындарының өміріне қатер төніп тұр деген сөз. Ашығын айтсақ террорлық әрекеттерден әрмен оқиға. Бір жарылыстан бес адам қаза болса, мына жағдайда мыңдаған адамдардың өмірі қыл үстінде тұр деуге негіз бар. Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті анықтаған сапасыз өнімдердің қатарында отандық өнімдермен бірге Ресей, Беларусь және өзге шет мемлекеттерден импортталған тауарлар да бар екенін анықтады. Бұл жерде Қытайда өндірілген тауарлар туралы сөз қозғаудың өзі артық. Жасыратыны жоқ, қазақстандық нарықта импорттық тауарлардың үлесі басым екені белгілі. Әсіресе шекара асып келген өнімнің сапасы мен азық-түліктің қауіпсіздігі назардан тыс қалып жататыны өкінішті. Өйткені алыпсатарлар арнайы зертханалық сынақтан өтпеген өнімдерді сапасы мен қауіпсіздік тексерісін, арнайы құжаттарын сұрамастан, сатып алып келе береді. Ал бұл тұтынушылар үшін аса қауіпті екенін ойламайды. Мамандар елімізге сырттан келетін азық-түлік өнімдерінің сапасын тексеріп отыру керектігін үнемі еске салғанымен талап орындалмайды. Тағам түрлерінің қайдан және қандай жолмен әкелінетіндігі, оның адам денсаулығына қаншалықты пайдасы немесе зияны бар екендігіне де қарамайды, оларға ақша тапса болғаны. Қалтасын қалыңдатқан пайдакүнемдер өз ұлтына зиян әкеліп жатқанын неге ескермейді? Бұл да сол алдында айтқан — тойымсыздықтың белгісі. Сырттан келген тауар сапасына сенім аз, әсіресе азық-түлік өнімде­ріне сақ болғанымыз жөн. Мысалы, азық-түлік тауарларына қатысты арыз-шағымдар көбейіп кеткен 2016 жылы Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті сатылымда тұрған май мен сүт тағамдарына жаппай зертханалық сараптама жүргізгені есімізде. Сыналған 40 796 өнімнің 6 мыңға жуығы, яғни 14 пайызы техникалық регламентке сай болмаған. Оның басым бөлігі – шеттен келген сүт өнімдері. Нәтижесінде, өндірушілер мен саудагерлерге де 79 млн. теңге көлемінде айыппұл салынып, 25 тонна сапасыз өнім жойылды. Ал осы тексеріс жүргізілмегенде не болар еді? Қазір де аталмыш салада жағдай түзелді деп айту қиын, тексеріс жүргізілген сайын көптеген заңбұзушылықтар шыға келеді. Бұрындары Қытайдың сапасыз өнімдерімен күрессек, енді бұл тізімге өзге де алыс-жақын шетел­ден келетін азық-түліктер де қосыл­ды. Бұған дейін Ресейдің қазақ нары­ғына жөнелткен шошқа, сиыр етінен, піспе және қақталған шұжықтарынан, Қырғызстанның сарымайларынан ішек таяқшалары табылғанын білеміз. Жылдам дайындалатын ресейлік кеспе мен емдік шайдың құрамынан адам ағзасына зиянды улы заттар табылған. «Биг-бон» тағамынан ішек таяқшалары анықталса, емдік шайдың құрамындағы мышьяктың үлесі қалыпты мөлшерден екі есе көп болып шықты. ҚР Денсаулық сақтау министр­лігі қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің айтуынша, отандық құс өнімдерін екі бірдей министрлік тексереді. Тауарды өндіру процесін Ауыл шаруашылығы министрлігі бақыласа, Денсаулық сақтау министрлігі дайын өнімді тексеріп отырады. «Бұдан бөлек, біздің территориалдық органдарымыз құс фабрикаларына жиі барып тұрады. Сонда отандық өнімдер үш бірдей тексерістен өтеді. Алайда, импорттық тауарды тек дүкенге түскенде ғана бақылауға алады. Соның салдарынан елімізге сапасыз тауарлар жеткізіледі. Бізге Ресей мен Беларусьтен құс еті көп келеді. Оның ішінде сапасыз, тіпті адам денсаулығына қауіпті өнімдер аз емес», — деген болатын Ж.Бекшин «Атамекен» ҰКП-сында өткен кездесуде. Оның айтуынша, тауардың құрамы мен сыртқы жазуларына қатысты да бірқатар тәртіп бұзушылықтар анықталған. Халықаралық қарым-қатынас­тардың дамуына байланысты елімізге жақын шетелдерден басқа, сонау алыс АҚШ, Австралия, Бра­зилия, Парагвай сияқты еле­дерден де тауарлар келіп жатады. Біз негізінен аграрлы ел болып санал­ғанмен, ауылшаруашылығы өнімдерін шеттен көп сатып аламыз. Мамандардың айтуынша 1990 жылмен салыстырғанда 2014 жылы ірі қара малы 59 пайызға, қой мен ешкі 49 пайызға, ал құс саны 57 пайызға кеміп кеткен. Бұл туралы деректер бұқаралық ақпарат құрал­дарында жазылып, айтылып та келеді. Тек соңғы жылдарда ғана сәл өсу байқалады. Бір ғана ет өнімін алайық, оның басым бөлігі сырт­тан әкелінеді. Қазақ Ұлттық аграрлық университеті азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі және тағам қауіпсіздігі кафедрасының жетек­шісі Әсия Демеуханқызы – шетелден жаппай импортталып жатқан ет өнімдерінің сапасы төмен екенін айтады. «Ет Қазақстанға жердің түбінен келеді. Бірақ бағасы арзан. Неге десеңіз, олар көбінесе стратегиялық қордағы 10-20 жылға мұздатып, консерванттар қосып сақтайтын еттер. Сол себепті де олардың сапасы өте нашар» - дейді белгілі маман. Демек, уақыты өтіп кеткен, сапасыз, ешкімге керегі жоқ өнімді бізге жібереді, осыған жол берген жауапты тұлғалар, мемлекеттік органдар өз хал­қы­ның денсаулығына бастары ауырмайды деген сөз. Осы жерде біздің ет өніміне деген шетел­діктер тарапынан сұраныс өсіп отырғанын айтуымыз керек. Өйткені біздің ет өнімдері эколо­гия­лық жағынан таза. Ал, біз болсақ өзгелердің сапасыз, 20-30 жыл «сүр­ленген» өнімдерін арзанға алғаны­мызға мәзбіз. Бұл үнемнің соңы немен аяқталады? Уланған адамдарымыздың денсаулығын түзетуге сол тапқан пайдадан жүз есе көп шығын шығатынын неге ойламаймыз? Сондықтан жергілікті таза азық-түлікпен алдымен өзімізді толықтай қамтамасыз етуіміз қажет, артығын экспорттаса болады. Көбірек ақша табамыз деп таза өнімдерімізді өзгеге беріп, олардың сапасыз өнімдерін өз халқымызға беру — қастандық жасаумен бірдей қимыл. Сапасыз тамақ өнімдері әсі­ресе балалардың денсаулығына қатерлі. Биыл еліміздегі мектеп асха­наларын тексерген Денсаулық сақтау министрлігінің қорытынды мәлімдемесі адам шошырлық. Тексеріс барысында мамандар адам ас ішуге болмайтын төрт мың асхананы анықтаған. Қара тізімге енген асханалар оқушыларға тамақты өте лас жерлерде дайын­даған және оны сақтау мерзімі өтіп кеткен азық-түлікпен әзірлегені белгілі болды. Аспаздар жеке гигие­надан мүлдем хабарсыз болып шыққан. Сол үшін мыңдаған кәсіп­кер жауапқа тартылып, 291 адам жұмыстан қуылды. Шенеу­ніктер бұл мектептердегі былық­тың бер жағы ғана дейді. Әлі тек­се­рілмеген екі мыңға жуық асхана бар. Заң бойынша оларды жылына екі рет ғана тексере алады екен. Жасыратыны жоқ, біздің мек­тептеріміз бен балабақшала­ры­мыздағы асханаларында улану жиі болып тұрады. 2018 жылдың 18 мамыры күні Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Келінтөбе ауылындағы №192 орта мектептің 25 оқушысы жаппай тамақтан уланды. Аймақтар мен алыс ауылдарды айтпағанда, Астана қаласының қақ ортасындағы балалардың №3 мектеп-гимназиясы асханасынан улануына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын білеміз. Өткен жыл­дардың бірінде бұл жөнінен рекордтық көрсеткіш болғаны белгілі. Дарынды балаларға арнал­ған С.Сейфуллин атындағы №11 облыс­тық мектеп-интернаты кеше­нінде тамақтан уланған балалардың саны 126-ға жетті емес пе. Мұндай мы­­сал­дарды көптеп келтіруге болады. Осындай келеңсіз көріністер орын алмас үшін не істеу керек? Адам­­дарымызды сапасыз тағам­дардан қалай қорғауға болады? Бұл сұрақ еліміз егемендік алғаннан бері күн тәртібінен түсіп көрген емес. Яғни, түпкілікті нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз. Бұған жауапты құзырлы орындармен бірге Парламент депутаттары алаңдаулы. Мәжілісте осы мәселеге тікелей қатысы бар «Стандарттау туралы» заң жобасы талқыланды. Жиынға қатысушылар Қазақ­станда стандарттау дұрыс жолға қойылмағандықтан, елімізге сырт­тан әкелінетін тауарлар нарыққа бей-берекет еніп жатқандығын ашық айтты. Шын мәнінде, әрбір адам үшін кез келген тауардың қауіпсіздігі бірінші орында. Сондықтан бұл мәселе ешқашан өзектілігін жоймақ емес. «Стандарттау туралы» заң жобасы таныстырылған жиында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев стандарттау жүйесіндегі кемшін тұстарын атады. Ең алдымен, депутат шетелдік тауарлардың елімізге жүйесіз енгізілетіндігін, ал қазақ­стандық экспорттаушылар керісінше, өнімдерін сыртқа шығаруда кедергілерге тап болатын­дығын ашық айтты. «Қазақ­стандық кәсіпкерлер өз өнімдерін шекара асыру үшін сертифи­кация алып, бірыңғай реестрде тіркелу керек екен. Енді міндетті каталог енгізбекпіз. Біз өз өнім өнді­ру­шілерімізді қолдауымыз керек. Шетел тауарларын бей-берекет әкеле беру бізге тиімсіз. Мұны мұқият қарастыру қажет», – деді Азат Перуашев. Жалпы, өнімнің сапасын көтерудің негізгі тетігі – стан­дарт­тау және сертификаттау. Норма­тивті құжаттармен бекітілетін стандарттар өнімнің шығарылуы­на қойылатын талаптар. Ал әрбір кәсіпорын өнім шығару барысында заңмен бекітілген стандарттау ережелеріне бағынуы шарт. Заңмен қажетті ережелерді бекітіп бергенмен соның нақты орындалуы жоқ. Оны орындамасақ заңнан не пайда? Заң қабырғаға сән үшін іліп қоятын ұран емес, ол міндетті түрде мүлтіксіз орын­далуы керек. Қадағалаушы орын­дар кемшіліктерге көз жұмып қарай­ды. Әрине тегін емес, сол үшін бірдеңесін алады. Мектеп асхана­ларына қызмет көрсететін кәсіп­керлерді таңдағанда тендер дұрыс өткізілмейді. Сол баяғы тамыр-таныстық, кімнің қолы ұзын, кімнің қалтасы қалың, пайда­күнем­дер өтіп кетеді. Алдымен осы кем­шіліктерге назар аударғанымыз жөн. Ия, адам денсаулығы ақшаға сатылмайды. Ал сапасыз тағам өнімдерін тұтынғандар керісінше өзіне ауру сатып алады. Сондықтан сапасыз тағам өнімдерінің жолына шұғыл тосқауыл қою қажет. «Ас — адамның арқауы» – деп ата-баба­ларымыз босқа айтпаған. Ұлт ден­саулығы, ұлт болашағы осыған тікелей байланысты екенін ұмытпайық.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz