Қазақстандық журналист Киевтің жындыханасына жатқызылды
2018 ж. 16 қараша
2929
0
Қазақстандық әйелді Украина астанасының психиатриялық емханасына жатқызды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан редакциясына Киев тұрғыны Александра Монетова-Федорова хабарласып, бәлеге душар болған Ақтөбе қаласының тұрғыны туралы айтып берді.
Бірнеше апта бұрын Александра қала орталығында синагога жанынан өз-өзімен сөйлесіп тұрған әйелді байқайды.
"Шетелдік екені көрініп тұр, бірақ орысша таза сөйлейді екен. Көшеде түнеп жүр. Ақыл-есі дұрыс емес екені бірден байқалды. Сұрастырып көріп едім, біреуді күтіп тұрғанын, Ресейден бір ер адамның келетінін айтты. Бірақ ешкім жоқ болатын. Ол өз-өзімен сөйлесіп, істемейтін телефон аппаратына барды, кейде өзін дұрыс ұстайды. Әйелдің жағдайы мәз емес екені бірден белгілі еді", — деп Александра Монетова-Федорова оқиғаны Sputnik Қазақстанға айтып берді.
Александра анықтағандай, 34 жастағы Байымбетова Лиана Таңатарқызы Украинаға Қазақстаннан барыпты. Киевте әйел адам Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауылынан екенін, соңғы жылдары аға-жеңгесімен Ақтөбе қаласында тұратынын айтқан. Қазақстандық 2007 жылы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітіріпті.
"Неге екені белгісіз, әлде қандай да бір аян естіді ме, Украинада ақша табу керек деп келіпті. Кредит алып, ұшаққа билет сатып алған. Сөйтіп, наурызда Украинаға өз төлқұжатымен келеді. Үйсіз емес екені көрініп тұр, өйткені көшеде бәріне үреймен қарайды. Қазір күн суық, жедел жәрдем шақырғаннан басқа амалымыз қалмады. Оны Павлов атындағы психиатриялық ауруханаға жатқызды", — деп әңгімесін жалғастырды басылым оқырманы.
Александра бұл жайында Киевтегі мұсылман қауымына хабар беріпті. Қазақстандық әйелге "Я маю серце" (Менің жүрегім бар) еріктілер ұйымы көмектесіп жатыр. Әйел мұсылман қауымының өкілдерімен бірге емханада жатқан қазақстандыққа барып тұрады, науқастың туыстары табылады деген үмітте.
ҚР сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, азаматшаның ісімен Қазақстан елшілігінің Киевтегі консулдық бөлімі айналысып жатыр.
"Қазір жергілікті психиатриялық емханада ем қабылдап жатыр. Азаматшаның әкесіне хабар бердік. Ол жаққа турист болып барып, қараша айының басында емханаға түсіпті", — деп мәлімет берді СІМ Sputnik Қазақстанға.
Қазақстандық әйелдің әкесі қызымен соңғы үш-төрт ай сөйлеспегенін айтты. Ол Ақтөбеде өзі жеке тұрып, біраз уақыт газетте тілші болып істеген екен.
"Ақыл-есі дұрыс емес екенін білмедім", — дейді ол.
Әкесі қазір Украинаға баратын жағдайы жоқ екенін айтты.