Кеңес Әбсатиров: Зағип балалар лайықты білім алуға құқылы
2018 ж. 15 қараша
4247
1
Зағип балалар лайықты білім алуға құқылы – бұл туралы бүгін Кеңес Әбсатиров Мәжілістің пленарлық отырысында мәлімдеді.
«Мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасау мемлекеттің әлеуметтік саясаттағы басымдықтарының бірі болып табылады. Нысандардың қолжетімділігімен қоса ақпараттық және сигналдық стендтерді орнату және т.б. ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті білім беруді енгізу бойынша да шаралар қабылдануда.
Соған қарамастан, мамандардың пайымдауынша, Білім және ғылым министрлігінің жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті оқытуды дамыту бойынша атқарып жатқан шаралары көзі нашар көретін және көзі көрмейтін зағип балаларға арналмаған. Кейбір деректерге сүйенсек, олардың саны 3 мыңнан асады. Зағип балалар толыққанды өмір сүруге, соның ішінде – Конституцияда кепілдік берілген тегін орта білім алуға құқылы. Бірақ олар тіпті, жалпы білім беретін мектептердің түзету сыныптарында да оқи алмай, арнайы мектеп-интернаттарда білім алуда», - делінген білім министрінің атына жолданған фракцияның депутаттық сауалында.
Депутат атап өткендей, қазіргі қолданыстағы мектеп-интернаттары мектеп жасындағы барлық көру қабілеті нашар және зағип балаларды толық қамтымайды. Оның үстіне, мұндай мектептер бүкіл облыстарда жоқ. Соңғы 3 жылда кәсіпкерлердің демеушілігімен «Дара» жекеменшік қайырымдылық Қоры зағип балаларға арналған сыныптарды Астана, Ақтау және Ақтөбе қалаларында ашқан. Мектепке дейінгі мекемелерде мамандандырылған топтар өте сирек кездеседі, жоқтың қасы десе де болады.
Әбсатировтың айтуынша, аталмыш білім беру мекемелерінде арнаулы қаріппен жазылған кітаптар, тифлодәптерлер, тифложабдықтар және т.б. жетіспейді. Ұлғайтылған қаріптермен және Брайль әріптерімен оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарын шығаратын еліміздегі жалғыз мекеме оларды тек 1 және 2-сыныптарға арнап шығарады. Бұндай оқулықтардың бағасы16 мың теңгеден басталады және одан жоғары,
Дәл осындай санаттағы балалармен жұмыс істеуде туындайтын келесі бір мәселе тифлопедагог- мұғалімдердің жетіспеушілігі.
Еліміздегі көптеген педагогикалық жоғарғы оқу орындарының «Дефектология» кафедраларында психологтар, логопедтерді, сурдо және олигофренопедагогтарды дайындайды. Тек бір ғана жоғарғы оқу орны – Абай атындағы Педагогикалық университет тифлопедагогтарды оқытады.
«Дара» Қоры бұл олқылықтың да орнын толтыруға тырысып, Ресейден арнайы мамандарды шақыртып, я болмаса өздері дайындап шығарған педагогтарды тарту арқылы түрлі семинарлар мен шеберлік-сыныптарын ұйымдастыруда. Мамандардың пікірінше, көзі нәшар көретін немесе мүлдем көрмейтін балаларды оқыту үшін олардың жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып жасалған білім берудің икемді Мемлекеттік стандарттарын әзірлеуді талап етеді.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сондай-ақ Президенттің биылғы Жолдауында баяндалған нұсқауларды назарға ала отырып, «Ақ жол» партиясының фракциясы Білім және ғылым министрлігіне бірқатар ұсыныстарын жолдады, соның ішінде: зағип жандарға білім беретін тифлопедагогтарды дайындау бойынша мемлекеттік тапсырысты ұлғайту; мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде зағип және көру қабілеті нашар балаларға арналған топтарды құру; Қазақстанның әр аймағында көзі көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернаттарын ашуды ұсынды.
Сонымен қатар, «Ақ жол» депутаттары «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заңды әзірлеу кезінде ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдердің еңбегін ынталандыруды қарастыруын сұрады.
«Ақ жол» ҚДП сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру және өз сайлаушыларының мүддесін қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.