ЕЛДЕСТІРМЕС ЕЛШІБАЙЛАР негізсіз ентігуінің артында кімдер тұр?

5
1432

Біз мақаламызды құжатқа сөз беруден және уақыты жағынан ең соңғы құжатты сөйлетуден бастасақ деп отырмыз. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 5 депутаты, атап айтқанда: Р.Оспаналиева, А.Раманқұл, Қ. Досалиев, Ә.Досболов (мәслихат хатшысы) және Н.Жұмашовтар Оңтүстік Қазақстан облысы Асар мөлтек ауданы №3 учаскесі, №786 үй тұрғыны Қожанай Байзақовқа 2011жылдың 29 қыркүйегі күні №630-8 хат жібереді. Хаттың толық мәтіні мынадай.

«Сіздің 2011 жылғы 5 қыркүйектегі №Ж-60 өтіні­шіңізге орай түсіндіреміз: «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысушылардың Оңтүстік Қазақстан облысына кө­шуіне және қоныстануына жәрдем­десудің 2009-2011 жыл­дарға арналған өңірлік бағ­дарламасының орындалу барысы туралы» жоспарлы мәселені облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қарау үшін әзірлік кезінде депутаттық комиссияның мүшелері «Асар» мөлтек ауданында болып, оралмандардың тұрмыс-тіршілігімен, жұмыс жағдайымен танысты. Сессияда аталған мәселені талқылау барысында, облыстық мәслихаттың депутаттары «Асар» мөлтек ауданында тұрғын үй құрылыстары, инженерлі коммуникация, әлеуметтік сала нысандары, жылыжайлар бойынша үлкен оң жұмыстар жасалғанын (осы жерде және ары қарай қарайтқан біз – автор), сондай-ақ аталған бағдарламаға тартылған Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Сарыағаш, Түлкібас, Төлеби аудандарында және Арыс қаласында қаржының жоқтығынан мұндай жұмыстар жүргізілмегендігін атап айтты. Сонымен қатар, Шардара ауданын да осы бағдарламаға қосу жөнінде ұсыныс жасалды. Сондықтан, сессияда қабылданған шешімде облыс, аудандар мен қалалар әкімдіктеріне «Нұрлы көш» бағдарламасымен белгіленген іс-шараларды республикалық бюджеттен толық көлемінде қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі өтінішпен Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиісінше ұсыныс жолдау ұсынылды.
«Асар» мөлтек ауданы және онда тұрып жатқан оралмандар бойынша сессияда басқа мәселелер көтерілмеген.
Қосымша: 2 парақта «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысушылардың Оңтүстік Қазақстан облысына көшуіне және қоныстануына жәрдемдесудің 2009-2011 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасын орындау барысы туралы» облыстық мәслихаттың 2011 жылғы 29 маусымдағы №41/396-IV шешімі.
Ал бұл хат аталмыш 5 депутатқа Шымкент қаласындағы «Асар» мөлтек ауданының тұрғындары атынан 26 адам қол қойған, жоғарыдағы хатқа жауап болатын. Ол хатта аудан тұрғындары «Жас Алаш» газетінің №67 санында (23 тамыз 2011 ж.) және «Рейтинг» апталық газетінің №32 санында (25 тамыз 2011 ж.) «Оралмандарды автобиографиясына қарап алалау» атты тақырыпта басылған Ғалымжан Елшібайдың мақаласына, оның ішінде сол мақалаларда депутаттар пікірі ретінде жеке қоршауға алынып берілген «сөз емес сөздерге» қарсы өз пікірлерін білдірген еді.
Шынында да, депутаттар «ол сөздерді біз айтқан жоқпыз» дегенді сыпайылап қана «…сессияда басқа мәселелер көтерілмеген» деп жеткізіп отыр. Бірақ… «Түркістан» және «Алаш айнасы» газеттерінің 2011 жылғы 6 қазан күнгі санында «Асардағы» айқай-шу» және «Асарға» қарап «Жалын» жылап тұр» атты «қосауыз» мақалада сол сөздер айна-қатесіз қайталап беріліп тұр. Бір жарым айдан кейін. Яғни, тілшілер: «Жоқ, бас тартпаңыздар, сіздер айтқансыздар!» дейді. Қайта жаңғыртады. Кімге сенеміз – журналистерге ме, депутаттарға ма? Қысқасы, біздің ұсынысымыз: тілшілер болып, олардың басшылары болып, депутаттар болып, халықтың басын ауырта бермей, елдің арасына от тастайтын бұндай бұзық ой-пікірді айтқан-айтпағандарыңызды анықтап берсеңіздер. Ал «Түркістанның» тілшісі Бақытжан Әбдірашұлы аталған мақаласындағы «Облыстық мәслихаттың бір емес бірнеше сессиясында, тұрақты комиссиялардың отырыстарында «Асардағы» оралмандарға не себепті айрықша артықшылықтардың қарастырылғанына қатысты даудың түңлігі қайта-қайта түріліп жүр» деген сөзіне негіздеме, дәлел көрсетеді деп күтеміз. Егер тілшісі жауап бере алмаса, неге мұндай біржақты, жалаң сөзді, басқа басылымдарда жазылып, оған тиісті қарымта қайтарылған мақаланы тексермей жібергеніне, мүмкін, газеттің редакторы жауап берер.
Ал біздің қолымыздағы жаңағы депутат мырзалардың жауабымен бірге хатқа салынған мәслихат шешіміндегі «Асарға» байланысты барлық сөз мынау ғана:
«2009-2010 жылдары «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша жыл сайын республикалық бюджеттен Шымкент қаласының «Асар» мөлтек ауданында тұрғын үйлер мен жылыжайлар салуға және сатып алуга 10 млрд-тан астам қаражат бөлініп келді. Екі жылда тұрғын үйлердің құрылысы аякталып, 800-ден астам үйлерге оралмандар орналастырылды, 861 жылыжай, 280 орындық бала бақша пайдалануға берілді. 2010-жылдан бері 1200 орындық орта мектептің, 280 орындық бала бақша мен дәрігерлік амбулаторияның құрылыстары жүргізілуде. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және көріктендіру объектілерінің құрылыстарына 2010 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 2,5 миллиардтан астам қаржы толығымен игерілді. Сыртқы телефондандыру, электр қуатымен, газбен жабдықтау, жолдар құрылыстарының жұмыстары аяқталған.
2011 жылы тұрғын үйлерді сатып алуға 5,1 млрд теңге бөлініп, инженерлік- коммуникациялық құрылысқа республикалық бюджеттен бөлінген 9 499 000 теңге игерілуде. Мөлтек аудан тұрғындарын ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар аяқталуда.
«Шымкент қаласының «Асар» мөлтек ауданында салынған 300-ге жуық тұрғын үйге өткен жылдан бері жарық, су, газдың жоқтығынан тұрғындар қоныстана алмай отыр…» Бұнда, шынында да, басы артық сөз жоқ. Тек, жалғыз түзету: қаржы «республикалық бюджеттен банктер арқылы пайыздық өсімі бар қайтарымды несие» түрінде бөлініп отыр.
Және бір мәселе – соңғы абзацтағы кемшілік жайлы сөйлем Ибадулла Қалыбековтің айтуы бойынша, инфрақұрылым салуды тендерден ұтып алған «Отау-строй» фирмасының жұмысына байланысты екен. Жалпы, Ибадулла мырза «тып-тыныш жатқан елді осынша дүрліктіру кімге, не үшін қажет болғанын түсіне алмай отырмын» дейді. «Бізді екі жыл ішінде 38 мекеме, оның ішінде Кеден комитетіне дейін бар, бәрі тексерді. Ешқандай кінә тапқан жоқ. Барлық актілері бізде сақтаулы. Солардың ешқайсысы «осыншама құқық бұзушылықты», «осыншама мемлекет қаржысын оңды-солды шашуды»… осының бәрін қалай көрмеген? Осыдан жарты айдай бұрын Ғ.Елшібай және өзін «Рейтинг» газетінің редакторымын деп таныстырған екі жігіт келіп, менің бәрін тәптіштеп түсіндіріп берген әңгімемді тыңдап, «неге бірден маған хабарласпадыңдар, сыртымыздан мақала жазғанша?» деген сұрағыма «екі-үш күннен кемі, сұхбат беріңіз бізге, сол сұхбатты газеттерде басамыз» деп кетіп еді, сол кеткеннен мол кетті». Ел ағасы осылай дейді. «Ол жігіттерді келеді деп күткенім-ай» дейді…
Біздің ойымызша, бұндай әрекет өзінен-өзі туа салмайды. Әсіресе, бірінен бірі көшіріп алғандай мақалалар. «Алаш айнасы» мен «Жас Алаштағы» мақала, тіпті, егіз қозыдай ұқсас. Біздің Шымкенттің жігіттерінің бұлайша «тізе қосып» қимылдауы бірінші рет емес. Бір-екі жыл бұрын облыс әкімінің орынбасары Болат Әлиевке де дәл осындай «жаппай шабуыл» ұйымдастырылған болатын. Соны жазған газеттер кейін бастапқы өз пікіріне қарсы мақала жариялаудан да ұялмаған…
Ендеше, «бұның аты – тапсырыс» деген көнекөз журналистер сөзінің жаны бар. Бейресми ақпарат көздерінен естуімізше, облыс басшылығының алдына «ертең Президент келгенде оны қайтсеңдер де «Асарға» барғызбаңдар, ол кісі «Асарды» көрді дегенше, біз Оңтүстіктен айрылдық дей беріңдер» деген «тапсырма» беріліпті. «Сөздің өтірік-шынына қарама – қисынына қара» дейді дана қазақ. Қисыны келіп-ақ тұр. Тіпті, пәленбай тексеруден түк «нәтиже» шықпағаннан кейін, енді ҰҚК-іне «Қалыбековтің айналасынан қалайда бір кінәрат табыңдар, тіпті ол Өзбекстанның шпионы деген болса да» деп тапсырма берілген дейді білгіштер. Біз қолымызда құжат болмаған соң жоғарыдағы жігіттер секілді үзілді-кесілді айта алмаймыз, бірақ, көңілімізді күпті ететін, жанымызға бататын жалғыз нәрсе – аз қазақтың арасын қайтсек біріктіре түсудің орнына әлдекімдердің мансабы үшін тұтас елдің татулығын құрбандыққа шалып отырғанымыз ғана. Қасиетті, киелі ұғымның қалмай бара жатқандығы.
Бауыржан Момышұлы атамыз: «Әділдік әрқашан жетеді, тек кейде кешігіп жетеді» деген екен. Осыдан артық не айтуға болады? Әркімге өзінің ары мен көктегі Алла ғана төреші.

Өмірзақ АҚЖІГІТ

5 ПІКІРЛЕР

  1. Асар мөлтек ауданын салушылар Сұлтанмхмұт Торайғыровтың «Бір адамға» деген өлеңіндегілер ғой. Өздері қай заманда өмір сүріп жүр шіркіндер! Өте адалмыз дейді ғой. Ал қазір адалдардың емес, Назекеңе жол тапқан арамдардың, яғни кландардың ғана жолы болып жатқанын соқыр көзде көріп отыр. Ел ақымақ емес. қалай болғанда да қазаққа бірінің артын бірі шұқығанды қою керек. Бай болуды армандасаңдар елдің басына жол тапсаңдар болғаны.Ол үшін біреуді азғырып-жазғырудың қажеті жоқ. Былықтың бәрі биліктің басында. Қазақстанның сахнасында қазірге «Жемқорлықпен күрес» атты спектакль жүріп жатыр. Сценарийс те, режиссер де, әртістер де көрермендердің көңілінен шықпай отырғандарымен ойлары жоқ.

  2. Рейтинг те, Ардак та, Еркін ой, Казакстан Жолы да Жүзге бөлгіш, дау даулаган балекор газеттер. Қазақтың бірлігіне, адамгершілікке балта шауып жүргендер. Ардак ввообще конырат Сапарбаев Бердібекке карсы ашылган газет. Мүны бар адам біледі гой

  3. Айтпакшы, Баканай камалыпты гой, өз Отанын сүліктей сорган ол абактыда. Енді Шөкеевке тұзак ілінеді. Одан соң жоғарыдағы рушылдарға да тыкыр таянады.

  4. Шымкенттегі сасықтың бәрін шығарайын деген ғой мына ел. Дулаттар бірігіп, қоңыратқа қарсы соғысады, шындық- осы-ақ. Ана пединститутқа келетін Аяшев, бұрынғы мәжілісмен, қоңырат болатын. Қоңыратты кіргізбейміз деп,Лесбек Тәшімов пен Болат Жылқышиев бастап, талай жігіт шапты гой Астанаға… Ал Асарға келсек… Жығылып жатып сүрінгенге күлетін Дулат пен сіргелінің мемлекетті тонап бай»ыған азаматтары Сіргелінің мешітін нағып айтпайды? Қаланың қақ ортасында комплекс тұр, ішінде сіргелінің әр руына арналып тас қашалған, билері жазылған, сол жерде жиналады. Өтірік пе? Конституция кайда рушылдықты жазалайтын? Конституция жоқ. Осыны казынадан ақша ұрлап салған Анарбек Орман казір министр. Ергали білісбеков Астанада, ал агасы депутат. Кімге карап кулгендейсін, сорлы казак? Артын боқ, алдың жоқ, өз-өзін тұншықтырып, өз-өзін бауыздаган бишара казак, жүзі тұрып бір өзбек немесе бір орыс келсе тоңқая кетіп солардың тіліне көшетін құл казак өзінікіне келгенде арыстандай акырып шыға келеді. Жыртып өлтіреді. Соттатады, айдатады, атады. Ей, сорлылар. Ешкайсысына сенім жок, арамылар дегеннен баска сөз жоқ.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз