ЖАҢА БАСТАУЛАР ҚАЙНАРЫ

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы биылғы күзде сәулет-құрылыс және дизайндық бейін мамандықтары бойынша оқу-әдістемелік бірлестігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтпекші.

Оқу - әдістемелік бірлестіктің жоғары білім саласында қазіргі алатын орны ерекше болғандықтан қысқаша тарихи шолу жасайық.

ОӘК алғаш рет 1987 жылы, сол кездегі КСРО жоғары және арнайы орта білім министрлігінің бұйрығымен мемлекеттік-қоғамдық ұйым ретінде құрылған болатын. Алғашқы мәжілісі Мәскеу инженерлік-құрылыс институтында өтті және оған еліміздің 24 жоғары орындары мен бірқатар министрліктердің өкілдері қатысты. ОӘБ құрамына инженерлік-құрылыс мамандығы бойынша КСРО 142 ЖОО енді, оның 11-і қазақстандық жоғары оқу орны болды.

Барлық ЖОО географикалық орналасу сипатына қарай 15 өлкелік бөлімге бөлінді және бас өлкелік институттар белгіленді. Қазақ КСР бойынша бас өлкелік институт болып - Алматы сәулет-құрылыс институты, ал Қазақ өлкелік бірлестік төрағасы болып АСҚИ ректоры – П.А.Атрушкевич тағайындалды.

ОӘБ негізінде құрылыс саласындағы жоғары оқу орындарының Қауымдастығы қоғамдық ұйым ретінде құрылып, жоғары білім саласындағы өз ара әрекеттер мен бірлесе жұмыс жасау мүмкіндігін кеңейте түсті. Қазіргі таңда бұл қауымдастық халықаралық қоғамдық ұйым мәртебесін алғанын және біздің оқу орнымыз оның белді мүшесі екенін мақтанышпен айта аламыз.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін 1993 жылдың желтоқсан айында ҚР БжҒМ бұйрығымен жоғары оқу орындарының оқу-әдістемелік бірлестігі ұйымдастырылып бекітілді. Осы бұйрық негізінде ОӘБ қызметінің типтік ережелері мен құралымы айқындалды. Қазақстан Республикасы бойынша сәулет-құрылыс мамандықтары бағытындағы бас жоғары оқу орны болып - Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясы анықталып, оған 14 ЖОО мүше болып кірді.

ҚР БжҒМ 2003 жылдың қаңтар айындағы №42 бұйрығы бойынша Республикалық оқу-әдістемелік кеңес (РОӘК) Ережесі бекітілді және «Оқу-әдістемелік секция (ОӘС)» түсінігі қалыптастырылды. Қазақстан бойынша сәулет және инженерлік-құрылыс мамандықтарына басшылық ҚазБСҚА құзырына берілді. Қазіргі таңда оның құрамына көп деңгейлі (бакалавриат, магистратура және докторантура) «Сәулет», «Дизайн», «Құрылыс», «Құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндіру», «Ағаш өңдеу және ағаштан жасалған бұйымдар технологиясы (қолдану саласы бойынша)» мамандықтары кіреді.

Сәулет және инженерлік-құрылыс мамандықтары бойынша ОӘБ өз міндеттерін АСҚИ-ҚазБСҚА негізінде 1988 жылдан бастап жүзеге асыра бастағандығын қысқаша шолудан анық байқауға болады. Бұл бірлестікке басында 11 ЖОО мүше болса, қазір олардың саны 38-ге жетті.

ОӘБ отырысы 2003 жылдан бастап жылына екі рет өткізілетін болды, оның біреуі ОӘК құрамына кіретін өлкелік ЖОО көшпелі отырыс ретінде анықталынған. Мысалы, Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті (2003ж.), Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті (2004ж.), Атырау мұнай және газ институты (2006ж.), М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (2007ж.), С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті (2009ж.), М.Ауезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (2010ж.), Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (2011ж.), М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті (2012ж.), С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті (2014ж.), Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті (2015ж.), Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университеті (2016ж.), Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университеті

(2017ж.), А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (2018ж.) сияқты белді оқу орындарында өткізіліп келді.

ОӘБ мақсаты – сәулет-құрылыс және дизайндық бейін мамандықтары бойынша Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сапасы мен дамуын қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарының қызметін үйлестіру болып табылады. Осы мақсатта ОӘБ мәжілістерінде ҚР білім саласын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалары, жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мемлекеттік стандарттарының жобалары, типтік оқу жоспарлары мен бағдарламалары, ҚР бойынша мамандық жіктегіштері талқыланып, оқулықтар мен оқу құралдарына пікір білдіріп, баспадан шығаруға ұсыныстар енгізу сияқты өзекті мәселелер қарастырылады.

Республикалық оқу-әдістемелік бірлестік жұмысының мән - мазмұны 2000 жылдан бастап өзгеше сипат алып жаңара бастады. Себебі, іс тізгінін ҚазБСҚА ректоры, техника ғылымдарының докторы, жас та жігерлі, терең білімді азамат, профессор Ә.А. Құсайынов өз қолына алған болатын. Ол жоғары мектепте жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарын түбірімен қайта құру арқылы білім беру бағдарламаларын алғы саптағы жақын және алыс шетелдік университеттердің білім стандарттарына барынша сәйкестендіруге күш салды. Қазақстан үшін тың бастама – кредиттік оқу жүйесі енгізілді, бұл шара студенттерге әлемдік білім кеңістігінде еркін жүзуге, білімін шетелдерде еш кедергісіз жалғастыруға, мамандығы бойынша алған дипломын әлемнің кез келген бұрышында танытуға кеңінен мүмкіндік берді. Осы бағытта, оқу-әдістемелік бірлестік тек елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдермен де байланысқа шығып жұмысын жаңа қырынан көрсете бастады.

2000 жылдан бастап дипломдық бітіру жұмыстарының көрме сайыстары жүргізіле бастады. Конкурстар Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында басталып, өлкелік жоғары оқу орындарында да өткізілді. Мысалы, 2003 жылы Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, 2004 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде, 2007 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде, 2009 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде талқыланып өткізілді.

Қазақстан тарихында тұңғыш рет, т.ғ.д., профессор, академик Ә.А.Құсайыновтың тікелей ұйымдастыруымен және ТЮРКСОЙ бас хатшысы Д.К.Касиновтің қолдауымен, 2009 жылы Түркияның Малтепе университетінде алғашқы халықаралық сайыс өткізілді. Осы сайыс Еуразия сәулет-құрылыс және дизайнерлік мектептерінің қалыптасуына, сайыстың әрі қарай Халықаралық Фестиваль дәрежесіне дейін дамуына жол ашты.

Фестиваль жұмыстарын сапалы түрде реттеу мақсатында, оның техникалық жақтарына да көп көңіл бөлінді. Бұрын бакалавриат және магистратура дәрежесіндегі бітіру жұмыстарын қағаз түрінде арқалап келіп талқылайтын алқа мүшелері, 2016 жылдан бастап on-line тәртіпке көшті. Бұл тәртіптің артықшылықтары өте көп – алқа мүшелері әр елден, әр жоғары оқу орнынан болуы; сайысқа келіп түскен бітіру жұмыстары оқу деңгейі мен мамандығына қарай сараланып сайтқа жүктелуі; алқа мүшелері ешқандай шығынсыз өз жұмыс орнында отырып бағалау мүмкіндігі; алқа мүшелерінің қандай да бір ықпалдан тәуелсіздігі; жұмыстар нәтижесін күні бұрын қорытындылау және жүлделі орындарды анықтау; дипломдар мен сертификаттарды уақытылы толтыру және т.б.

Жыл сайын осы Халықаралық Фестиваль жұмысының қарқындап дамып, оған қатысуға тілек білдірген алыс-жақын шетелдер саны артып келе жатқандығы – оның заман талабына сай өміршеңдігінен хабар береді. Сөзіміз жалаң болмас үшін мысалдар келтіре кетейік:

І Халықаралық Фестиваль 2009 жылы Түркияның Стамбул қаласында Малтепе университетінде өткізілді. Оған Еуразияның 7 елінен 18 ЖОО қатысып, 115 бітіру жұмыстары талқыға салынды.

ІІ Халықаралық Фестиваль 2011 жылы Қазақстанның Алматы қаласында Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында өткізілді. Еуразияның 8 елінен 36 ЖОО қатысып, 200 бітіру жұмыстары талқыланды.

ІІІ Халықаралық Фестиваль 2013 жылы Түркияның Стамбул қаласында Йылдыз техникалық университетінде өткізілді. Еуразияның 12 елінен 38 ЖОО қатысып, 261 бітіру жұмыстары сайысқа түсті.

IV Халықаралық Фестиваль 2014 жылы Қырғызстанның Ыстық көл аймағында өткізілді. Еуразияның 8 елінен 33 ЖОО қатысып, 241 бітіру жұмыстары талқыға салынды.

V Халықаралық Фестиваль 2015 жылы Италияның Флоренция қаласында Ромуальдо дель Бианко Қоры негізінде өткізілді. Еуразияның 15 елінен 37 ЖОО қатысып, 217 бітіру жұмыстары талқыланды.

VI Халықаралық Фестиваль 2016 жылы Солтүстік Кипрдің Пефкоша қаласындағы Таяу Шығыс университетінде өткізілді. Оған Еуразияның 18 елінен 51 ЖОО қатысып, 246 бітіру жұмыстары талқыланды.

VII Халықаралық Фестиваль 2017 жылы Ресейдің Самара қаласындағы Самара мемлекеттік техникалық университетінде өткізілді. Еуразияның 15 елінен 52 ЖОО қатысып, 332 бітіру жұмыстары талқыланды.

Таяу арада VIII Халықаралық Фестиваль Молдавияның Кишинеу қаласындағы Молдавия техникалық университетінде өткізіледі деп жоспарлануда. Оған қатысуға тілек білдірген Еуразия елдері мен талқыға түсетін жұмыс саны біршама артқан.

Еуразия сәулет-құрылыс және дизайнерлік мектептерінің Халықаралық Фестиваль жұмысының тағы бір ерекшелігі – тәрбие жұмыстарына да көп көңіл бөледі: қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлері кеңінен насихатталып, Еуразия елдеріне паш етіледі. Халықаралық Фестивальға қатысушы әр ел өз мәдениетінен хабар беріп, үлес қосады. Шын мәнінде, бұл Фестиваль өз тәртібі мен ұстанымдары қалыптасқан халықаралық мерекеге айналып келеді.

Сәулет-құрылыс және дизайндық бағыттар бойынша ОӘБ жұмысында Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы жетекші роль атқарады – жыл сайын студенттік пәндік олимпиадалар, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының сайысы, интернет-емтихандар осының айғағы. Бұл жұмыстарға ОӘБ мүше ЖОО белсене ат салысады, себебі, өткізілетін барлық жұмыстың мақсаты ортақ – мамандар дайындау сапасын үнемі көтеру және профессорлық-оқытушылық құрамның деңгейін талапқа сай келтіру. ОӘБ мүше ЖОО өкілдері жыл сайын өз біліктіліктерін жетілдіру шеңберінде заманауи оқыту техноголиялары мен әдістемелері жөніндегі семинарларға қатысып, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып отырады.

ОӘБ қазіргі таңдағы міндеті – елімізде білім беру істері бойынша стратегиялық мәселелерді ұжымды түрде шешу, білім беру жүйесін қайта қүру бағытын талқылау, мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру стандарттарының жобаларын әзірлеу және оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету болып табылады.

Осы жылдар ішінде оқу-әдістемелік бірлестік қызметі өз құрамына білім саласын дамыту және жетілдіру ісіне шын берілген нағыз жанашырларды, өз ісінің майталмандарын топтастыра алатын мықты командаға айналғанына уақыт куә.

Еліміздің жарқын болашағын тұрғызуға лайықты жаңа ұрпақты тәрбиелеуде, оларға заман талабына сай жоғары сапалы білім беріп, ғылым мен техника жетістіктерімен сусындаған мамандарды дайындауға зор үлес қосып келе жатқан ұйым мүшелеріне зор табыстар тілейміз!

Мерейтойларыңыз құтты болсын!

Ажгалиева Бану, 

«Құрылыс» мамандығы бойынша оқу-әдістемелік комиссия мүшесі