«Тәуелсіздік-Независимость» таз қалпында қала ма?
2018 ж. 13 қараша
2390
0
Облыс орталығы Өскеменде көше атауларын өзгертуге байланысты қоғамдық тыңдау өтті. Советтік дәуірді еске түсіретін «қызыл көшелерді» тарих қойнауына жіберуде бірқатар оң қадамдар жасалып жатқаны рас. Карл Маркс көшесі Қазыбек би көшесі болып, жаңа атаумен жарқырағанын айтсақ та жеткілікті. Енді, міне, бүгін түске дейін өткен қоғамдық тыңдауда 14 көшенің ендігі жаңа атаулары қалалық ономастикалық комиссия назарына ұсынылып отыр. Соның ішінде Дзержинский көшесіне қазақтың қайталанбас әншісі Әміре Қашаубайұлының, Октябрьский көшесіне Алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышпаевтың, Революционный көшесіне қазақтың классик жазушысы Қалихан Ысқақтың есімдері ұсынылып, мәслихат депутаттарының тарапынан қолдау тапқаны қуантып отыр.
Бұл туралы "Жас Алаш" басылымы хабарлады.Жұрт асыға күткен осынау өзгерістер рухани жаңғыруға бет бұрған біздің елдің тәуелсіздік рухын сезінуге ұмтылысын айғақтайтыны анық. Алайда, Өскемендегі Тәуелсіздік даңғылының «проспект Независимости» болып орысша аудармасымен қоса берілгені аздай, «Nezavisimosti» деген латынша жазумен қоса ілініп, қастерлі атаудың қасиетін кетіріп тұр.
-Алдымен бүгінгі көшелердің жаңа атаулары ешқандай қарсылықсыз бірауыздан мақұлданғанын айта кетейін. Өз басым Головковтың атындағы көшенің өзгертілуі үшін ұсыныс енгіздім. Себебі, Головков деген күні кеше лауазымы кафедра меңгерушілігінен аспаған, есімін көп ешкім біле бермейтін ғалым болатын. Ол сонысына қарамай тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сеператистік пиғылын танытып, Өскеменде шовинистік әрекеттер жасаған адам болғанын бәрі біледі. Риддер, Шемонаиханы Ресей жері деп санағысы келетінін аңғартып қалып жүргені үшін талай айқасқа да барғанмын. Тіпті, осы адам 1993-94 жылдары бір жыл Мәжіліс депутаты болғанын қайтерсіз?! Сөйтіп жүріп 1996 жылы өмірден озды. 2002 жылы осы Головкаға қалай көше беріліп кеткенін ешкім аңдамай қалды. Мен осының қалайда өзгертілуі тиістігін үнемі көтеріп жүріп бүгін ғана Бейбітшілік деген атауды өткіздім. Одан бөлек Брусиловский, Янушкевич пен Затаевичке көше атауларын ұсынғанымыз қолдау тапты. Себебі, осы үш тұлғаға қазақ жұрты қарыз деп түсінемін. Затаевичтің қазақ даласын жаяу кезіп жүріп мың әнін нотаға құлақпен естіп түсіруі үлкен ерлік қой. Янушкевичтің де кім екенін, еңбегін таныстырып жату артық болар. Брусиловский де солай.
— Рас, бұл құптарлық қадам екен. Ал Өскемендегі «Тәуелсіздік даңғылының» екі тілде жазылғанымен қоймай, латынша көрсетілуі жайында не айтасыз?!
-Ашығын айтайын, бұл заң бұзушылық. Көше атауларының тек қазақ тіліндегі атаумен көрсетілуі керектігін, оның орысша я болмаса, басқа да тілде аудармасы болмауы керектігі бәрімізге белгілі. Неге екенін өзім де түсіне алмаймын, осы «Тәуелсіздікті» жөнге келтіруге облысқа келген ешбір басшының шамасы келмей-ақ қойды. Жәнібек Кәрібжанов үлгере алмай кетті. Бергенов былқылдақтау басшы болды. Сапарбаев келгенде орынбасары ретінде мұны айттым. Бірақ, Абайға ескерткіш орнатқанын көңілге тоқ санап, «Тәуелсіздіктің» айыр тілмен берілгеніне мән берместен кете барды. Ал Ахметов мұны көрмей жүр деуге дәтім бармайды. Қаланың жаңа әкімі Жақсылық Омар да бұрын мәдениет бөлімінің басшысы, облыс әкімінің орынбасары болғанда да бұл қателікті түзетуге ұмтылған жоқ. Ал, қазір не ойлап жүргені өзіне мәлім. Бірақ, бұл заң бұзушылық, қала берді, масқараның көкесін жөнге келтіруіміз керек, - дейді «Алтай асу» ҚБ төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков.