Информатика пәні енді 1-сыныптан бастап оқытылады
2018 ж. 11 қараша
5319
0
2019 жылдан бастап информатика пәні 1-сыныптың оқу бағдарламасына енгізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатындағы Үкімет сағатында Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева айтты.
2017-2019 жылдары барлық мектепті кең жолақты интернетке тегін қосуға қаржы қарастырылған. Бұл ретте кейбір өңірде мектептердің кабельдік интернетке қосылмауына байланысты 2017 жылы 2756 мектеп, 2018 жылы 460 мектеп спутник байланысы арқылы интернетпен қамтамасыз етілді. Білім беруді цифрландыру аясында мектептердің 95%-ы интернетке қосылады, – деді вице-министр.
Эльмира Суханбердиеваның айтуынша, оқушылар сарайлары мен 3 мың мектепте робот техникасы бойынша электив курстар енгізілді. Робот техникасы кабинеттерін жабдықтау бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Биыл информатика пәні 3-сыныптан басталды. "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында информатика сабағы келесі жылдан бастап 1-сыныптан оқытылады. Олардың бағдарламасы дайындалып жатыр. Сонымен қатар барлық өңірде 21 ІТ-лицей ашылды,- деді Эльмира Суханбердиева.
Еске салайық, Астанада өткен Digital Bridge халықаралық инновациялық форумында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев информатика пәні 1-сыныптан бастап оқытылуы мүмкін екенін айтқан еді.