Тәуелсіздік жемісі

мон

Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы – бұл жарқын жетістіктер мен жасам­паздықтардың тарихы. Ерікті Қазақстан аз ғана уақытта өз іргесін бекіткен елге айналып, өсіп-өркендеудің даңғыл жолына түсті. Жаңарған Қазақстан – қазақ халқының тарихи отаны. Сондықтан мемлекет тек республикадағы ғана емес, бүкіл әлемдегі қазақ ұлтының мәдениеті мен тілінің сақталуы және дамуы үшін зор жауапкершілікті мойнына алып отыр. – Тәуелсіздіктің тірегі – ұлттық сана екенін білесіздер. Ал ұлттық сана тарих пен мәдениет арқылы қалыптасады. Осыған орай, елімізде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мемлекет тарапынан ұланғайыр қаржы бөлінуде. Бағдарлама бойынша барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуде ұланғайыр іс атқарылды. Соның арқасында 100-ге тарта тарихи-мәдени нысан жаңғыртылып, оның 73-інде қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Шетелдерден тарих пен мәдениетімізге қатысты 5 мыңнан астам құнды деректер табылып, көшірмелері елімізге әкелінді. Әлемдік ақыл-ойдың ең озық үлгілері қазақ тіліне аударылып, олар том-том кітап болып жарық көруде. Бұл құндылықтар келешекте жастардың бойына ұлттық сананы сіңіруге жол ашады. Ұлттық фольклорымыз «Бабалар сөзі» деген атпен 100 томға жинақталып жарық көруде. Сондай-ақ, әр қиырда шашылып жатқан ұлттық музыкалық мұрамыз да жинақталды. Оларға шетел қазақтарының әндері мен күйлері де енгізілді, – деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биыл Астанада өткен дүние жүзі қазақтарының IV құрылтайында сөйлеген сөзінде. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңінің аясында әлемнің әр шалғайындағы 12 мемлекетте ғылыми-зерттеу экспедициялары жүргізілді. Қазақстанның тарихына, этнографиясына, өнеріне қатысты бұған дейін белгісіз болып келген 5 мыңға жуық қолжазбалар мен баспа материалдарға қол жеткізілді. Ұзын-саны 218 нысаннан тұратын еліміздегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің жаңа тізімі жасалып, бекітілді. Аталған бағдарламаның екінші кезеңінде Сирияның астанасы – Дамаскідегі Бейбарыс сұлтанның мавзолейіне жөндеу жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ Әл-Фараби тарихи-мәдени орталығының құрылысы одан әрі жалғасты. Бұл – бір. Екіншіден, «Мәдени мұра» ұлттық жобасының шеңберінде жүзеге асырылған іс-шараларды қалың көпшілікке насихаттау мақсатымен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында еліміздің тарихи орындары мен танымал тұлғалары туралы деректі фильмдер түсірілді. Қазірге дейін «Қорқыт. Күйдің тарихы» және «Көшпенділердің музыкалық мұрасы» атты екі туынды, тарихымыз бен мәдениетіміздің айтулы ескерткіштері жөніндегі 10 деректі фильм толық түсіріліп бітті. Үшіншіден, Мәдениет министрлігінің мұрындық болуымен «Қазақтың 1000 күйі» және «Қазақтың 1000 әні» атты үлкен жобалар іске асырылды. Өткен жылы Президенттік мәдениет орталығында Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ-ның және «Ел» продюсерлік орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты домбыра күйлері антологиясының тұсаукесерін өткізді. Аталған антологияны тиісті министрліктің тапсырысымен «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ мен «Ел» продюсерлік орталығы жарыққа шығарған. Күй жинаққа Жетісу, Қаратау, Арқа, Сыр, Шығыс және Батыс Қазақстан, Маңғыстау өңірлерінде қалыптасқан күйшілік дәстүр үлгілері толығымен қамтылып, ұлттық дәстүрдің жалғасы іспетті бүгінгі заманғы күйлердің таңдаулы нұсқалары енгізілген. Сондай-ақ, алыс-жақын шетелдердегі қазақтардың атажұртқа қайтып оралған күй мұрасы да осы басылым арқылы туған халқымыздың игілігіне айналмақ. Аса құнды мәңгілік мұрамызды әзірлеу барысында ҚХР, Монғолия, Қырғызстан, Ресейге арнайы экспедиция ұйымдастырылып, музыкалық туындылар көптеп жинастырылған. Бұл жобаға домбыра, қобыз, сыбызғыға арналған Қазақстанның барлық күй мектептерін танытатын әдемі күйлер біріктірілген. Әрине, қазақ халқының музыкалық мұрасы, әсіресе, күй мұрасы 1000-нан көп. Біреулер мұны 2-3 мың, тіпті 5 мыңға дейін жетуі мүмкін дейді. Әсіресе, осы заманның композиторларын қоссақ... Олай болса, біздің мәдени өміріміздегі ең айтулы оқиға үлкен жобаның басы ғана. «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» халқымызға мәңгілік сарын сыйлаған, ғажайып күй бұлақтары Тәттімбет, Құрманғазы, Қазанғап, Дәлеткерей, Байжігіт, Қожеке, Сүгір, Боғда, Тоқа, Дайрабай, Ықылас күйлерінен бастау алады. Жаңа заман күйшілерінің көшін одан беріде Дина Нұрпейіскеліні, Қали Жантілеуов, Аққыз Ахметқызы, Әбікен Хасенұлы, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзин, Нұрғиса Тілендиев, Уәли Бекенов, Қаршыға Ахмедияров және т.б. жалғап келді. Яғни, дәстүрлі күй мектептерінің қалыптасып, дамуы да белгілі өнер иелерінің есімдерімен тығыз байланысты. Сонымен қатар, өткен жылы қазақ халқының тұңғыш ұлттық антологиясы – «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» атты бірегей жобаның тұсауы кесілді. «Мәдени мұра» ұлттық жобасының шеңберінде жарыққа шыққан ғажайып антологияға Қазақ елінің алты қиырындағы (Арқа, Батыс, Маңғыстау, Жетісу, Сыр бойы, Шығыс) және Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстанда тұратын қазақтардың арасында саумалдай сақталған тұрмыс-салтымызға негізделген ғұрыптық әндер, авторлары ұмытылып кеткен халық әндері, 19-шы ғасырдан бері келе жатқан халық композиторларының әндері түгелдей енгізілген. «Қазақтың ғұрыптық өлең-жырларынан бастап, әйгілі халық композиторларының шығармаларын тұтастай қамтыған «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» жобасы біздің ұлттық музыка мәдениетіміздің тарихындағы ерекше оқиға деп бағалаймын! Әрине, қазақтың дәстүрлі әндері мың әнмен шектелмесі анық. Ендеше, жаңа жоба алдағы уақытта да тың туындылармен толығып, бүгінгі ұрпақты халқымыздың баға жетпес мол музыкалық мұрасымен сусындата береді деп сенемін!» –депті осы антологияның жарыққа шығуына орай құттықтау жолдаған мемлекет басшысы. Аталған жинақта Арқа, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жетісу, Сыр бойы, Шығыс өңірлерінде дүниеге келіп, сал-серілік дәстүрді берік орнықтырып, қазақ ән өнерінің қанатын кеңге жайған, таңдайына бұлбұл ұя салған ғажайып әншілер жөнінде мағлұмат мол. Мәселен, Арқаның әншілік дәстүрі бірінші тұр. Кешегі күні асқақ әндеріміен қазақ даласын дүр сілкіндірген Біржан салдан бастап, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Әсет, Абай, Жарылғапберді, Иманжүсіп, Ғазиз, Естай, Мәди сияқты дарабоздар қазақтың әнін өшпес, өлмес деңгейге көтеріп, ұлт руханиятының тарихына өз есімдерін алтын әріппен жазып кетті. Кейінгі ұрпаққа Әміре, Қали, Байғабыл, Игібай, Қосымжан, Жабайлар арқылы жеткен ән-аманатты Жүсіпбек, Жәнібек, Манарбек, Ләззат, Жаңыл, Қайрат сияқты хас таланттар өздерінен кейінгі буынға абыроймен аялап жеткізді. Батыс Қазақстан әншілік мектебінің басында қазақ ән өнерінің хас өкілі, ұлы композитор Мұхит Мералыұлы тұр. Сондай-ақ, антологияға Бала Ораз, Қиса, Аманғали, Ауқат, Сары, қызыл, Молдабай, Өтеғали, Дәуке, Білек, Ажар және т.б. әнші-композиторлардың үздік шығармалары енген. Күйтаспадағы батыс мектебінің жарқын өкілі Ғарифолланың шығармашылығының өзі бір төбе. Маңғыстау мектебіне келер болсақ, Досат, Өскенбай, Тұрсын, Әділ, Жылгелді, Тастемір, Шолтаман сияқты дүлділдер мен бұлбұлдар әндерін тыңдап, таңдай қағасыз. Жетісу мектебіне келсек, бұл өңірде ежелден ерекше дамыған ақындық-жыршылық дәстүр туралы айтпай кету әбестік. Әрбірден кейін халық арасында мейлінше көп айтылатын қара өлеңдер мен халық әндері осы мектептің негізін құрады. Оның белді өкілдері Кенен, Қапез, Пішән, Сәдіқожа, Сауытбек, Дәнеш, Бармақ, Шалтабай, Қарға, Көдек, Қырбай, Әсімхан, Көбейбай, Бұлша, Қымбат және т.б. өнер иелері. Сыр бойының әншілік мектебі «Көкшетау», «Долана» сияқты халық әндерімен басталып, Андағұл, Нартай, Ешнияз сал, Күмісай, Тоғжан, Рүстембек жырау, Әбілдә сынды дара тұлғалардың өлмес туындыларымен көрініс тауыпты. Сондай-ақ, жинақта Алтай, Тарбағатай, Іле қазақтарының дәстүрлі әндері, жарыққа шықпаса да бүгінгі күнге дейін жеткен ескі әндер де топтастырылған. «Мәдени мұра» ұлттық жобасы мұнымен түгесілмейді. Осы жобаның аясында 400-ден астам жаңа кітаптар басып шығарылып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі кітапханаларға таратылуда. Атап айтқанда, жаңа кітаптар «Бабалар сөзі», «Әлемдік әдебиет кітапханасы», «Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасы», «Қазақстардың ежелгі әлемі» сияқты сериялармен басылып шығуда. Мұра демекші, 2009 жылы тұңғыш рет 20 партитура мен 20 клавир (10 опера мен 10 балет) баспадан жарыққа шықты. Олардың қатарында «Махамбет», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара», «Құрманғазы», «Абылайхан», «Айсұлу», «Қамар сұлу» опералары, «Ақсақ құлан», «Хиросима», «Қарагөз», «Қалқаман-Мамыр» және тағы басқа балеттер бар. Сонымен қатар, жаңа кітаптардың электрондық нұсқасы алғаш рет басылып шығуда. Атап айтсақ, қазақ тіліндегі «Қазақтың 100 романы» атты жаңа топтамалар мен орыс тіліндегі «Қазақ әдебиетінің кітапханасы» атты 100 томдықты шығару қолға алынып отыр.

Таңатар ТАБЫНҰЛЫ