ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ЖАҢА ТАРИХЫ
2018 ж. 09 қараша
3517
0
Осы күндері қазақ тілі емлесінің негізгі ережелер жобасы Елбасымыз Н.Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 19 ақпанында бекіткен латынграфикалы жаңа әліпбиі негізінде әзірленіп, талқылау, сараптау жұмыстарынан өтіп отыр. Алдымен емле ережесінің тұжырымдамасы бекіді, артынша А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары емле ережесінің алғашқы жобасын ұсынды. Жаңа жобаға Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық және Әдістемелік жұмыс тобы сараптама жасады (Зеренді кеңесі). Сараптамада байқалған проблемалы тұстарды анықтау үшін Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Өскемен, Семей, Ақтөбе, Астана, Алматы облысы мен қалаларында сынама-сауалнама (апробация) алынды. Сынаманың нәтижесі бойынша Емле ережесінің жобасына толықтырулар мен түзетулер енгізіліп, орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық жұмыс топтарының отырысында (Қапшағай кеңесі) ортақ келісілді. Тамыз айында өткен конференцияда тағы бір етек-жеңі жиналып, көпшілікке таныстырылды.
Ендігі мақсат ереженің соңғы жобасын тілтанушы ғалымдар мен оқытушы қауымның назарына беру еді. Сөйтіп, қыркүйек айының алғашқы күндерінен еліміздің жоғары орындары кафедраларына емле ережелері жобасы жолдана бастады. Кафедра оқытушы-ғалымдарынан келіп түскен ұсыныс-пікірлерге қарап, еліміздің тілтанушы ғалымдары емле ережесінің алғашқы нұсқасынан жаппай хабардар болды деп түсіндік.
Әліпби миллионның құралы деген екен, ғасыр басында бір баспасөзде, ал жазу-сызу – оқу ісі қызметкерлерінің қос қолдап ұстайтын құралы болғандықтан ғалымдардың ұсыныс пікірлері біліктілік пен жанашырлықтан шыққанын байқадық.
ҚАЗІР БІЗ ТАРИХИ СӘТТЕРДІ БАСТАН ӨТКЕРІП ОТЫРМЫЗ
Шалыс қадам, қағыс шешім болашақта емлемізді қанша түзетуге тырыссақ та қиындата береді. Өйткені жазу бір жағынан мазмұнды таңбалайды, екінші жағынан шартты таңба. Көзбен жатталып, қолмен дағдыланып кеткен жазу нормаларын бір еніп кеткеннен кейін түзетудің қиындығын тарих көрсетіп келеді. Сондықтан жаңа жазу нормалары жайында ЖОО келіп түскен ұсыныс, пікірлермен көпшілікті хабардар етуді жөн деп ойладық. Жаңа жазудың тарихы басталды.
Алдымен емле жобасының алғашқы нұсқасына түзету, толықтыру енгізген ұсыныстар мыналар болды: Ереженің «Қазақ емлесінің негізгі ережелері» деген атауы «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» деп өзгертілді. Екінші, үшінші буында жазылмайды делінетін ә, ө, о, u, ú, әріптері енді «Кейбір кірме және шеттілдік сөздердің екінші, үшінші буынында да а́, o, ó, u, ú, әріптері жазылады: sirá, kiná, samuryq, májbúr, manо́vr, parashút, festıvál, banknot" деген ескертумен берілді. Бұл шеттілдік сөздерді игеріп жазуға байланысты туған жаңа емле болатын.
Ғалымдардың Қапшағай кеңесінен кейінгі емле жобасына қазақ сөзі ұяң дауыссыздан аяқталмайды деп, bilbort, filolok, реdogok, dıalok, kýp (куб), asteroıt, kot (код), арап, хиджап сөздері қатаңмен жазылған еді. Бірақ көптеген
ЖОО педагогтары бұл ережеге қарсы пікір білдірді. Оның басты себебі ретінде ағылшын нұсқасына біртабан жақын жаза алатынымыз (dıalog (қазақша) – dialogue (ағылшынша), бұл түбірден туған туынды сөздер (филолог, филология) мен қосымша жалғаған (филологы) кезде түбірі өзгеретіні аталды. Сондықтан шеттілдік сөздер соңында b, g, d әріптері жазылатын болды.
Сондай-ақ қазақ тілінде түбір сөздер үндестік заңы бойынша жазылатыны белгілі, дегенмен үндесімнің жуан-жіңішке түрі, яғни тіл үндесімі ғана таңбаланатынын ашып жазу қажеттігі ұсынылды. Бұл пікірдің құндылығы мынада: түркі тілдерінде сөздердің бірыңғай жуан не жіңішке үндесімі (балалар, келіндер) бар және екіншілік үндесім – сөздің бірыңғай ерін үндесімі (үлкөндөр, ұрұлар) бар. Үндесімнің екі түрін де таңбалайтын жазулар бар (мысалы, түрік жазуы). Бірақ қазақ жазуы А. Байтұрсынұлы анықтап берген тіл үндесімін ғана таңбалайды. Сондықтан әріптестердің ұсынысы ескерусіз қалған осы ережені қалпына келтіртті. Ереже «қазақ тіліндегі түбір сөздер тіл үндесімі бойынша жазылады» деп нақтыланды.
Қазақ тілінде бірге жазылатын сөздердің бірнеше белгілері анықталған еді. Оның бірі – екінші сыңары аралық, құмар, жанды, тану, таным, жай, хат, қағаз, ақы, ішілік сияқты сөздер болса атаулар бірге жазылады деген. Бірақ қағаз сыңарымен келетін барлық сөздер бірге жазылмайтындықтан бұл қатардан алынып тасталды да, ескертуге хат сөзімен келетін кейбір сөздердің бөлек те жазылатыны көрсетілетін болды.
Сонымен бірге «Кісі есімдері сыңарларының жігіндегі қ, к дыбыстары және қатар келген дауыстылар ауызша айтылуына сәйкес жазылады: Nurǵısa, Aıǵyz, Nurǵaısha, Baıgeldi, Esenǵul, Qaragóz, Kenjáli, Bıbajar, Qojahmet» деген ережедегі Ғайша, Ғиса сөздері араб тілінен осы тұрпатында енгендіктен бұл ережеге сай емес деп, алынып тасталды.
Тағы бір түзету былай болды: жіңішкелік белгісімен (ь) жазылатын сөздердің басы мен бірінші буынына жіңішке дауыстылар жазылып еді, мысалы, ánsambl, dúbl, rúbl, párоl деген сияқты. Кафедралар пікірлерін сараптаудан кейін ереже «Жіңішкелік белгісі (ь) бар буынға жіңішке дауыстылардың әрпі жазылады (аnsámbl, dúbl, rúbl, parо́l) деп өзгертілді. Себебі қосымша соңғы буынға үндесіп жалғанады.
Көптеген ЖОО ұсынысы бойынша p, h әріптеріне аяқталған шеттілдік сөздерге тәуелдік жалғауы жалғанғанда, p, h ұяңданбай жазылатын болды: arhetıp - arhetıpi, stereotıp - stereotıpi, ketchýp – ketchýpy, sheıh - sheıhy, shtrıh - shtrıhy.
Тіліміздегі куә, шүбә, күмән сияқты екінші буында ә жазылатын сөздерге барыс, көптік жалғаулары жуан жалғанады. Бұл куәсі-нан, күнәсі-нан деген позицияда ала-құлалық тудырып, жазармандар емле нормасынан ауытқып, бірыңғай жіңішке жазып келеді. Сондықтан тәуелдік жалғауынан кейін де жіңішке үндесіммен жазылатын болып өзгертілді.
Анықтауыштық қатынастан ажырап, бір заттың атауы болып, осы кезге дейін бірге жазылып келген betoramal, shaıqasyq, ıissabyn, atqora сөздерін Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері синтаксистік сөз тіркесі ретінде
бөлек жазылатын сөздер қатарына шығарды. «Кісі есімдері иесінің қалауы бойынша жазылады» деген ереже алып тасталынды.
Оқытушы-профессорлар талқылауынан тағы мынадай пікірлер келіп түсті, атап айтқанда: дауысты дыбыстар қатарына ı және ý әрпін де енгізу;
сөз басындағы r, l дыбыстарының алдынан у, і дыбысы естілгенмен таңбаланбайды деген ереже қосу;
сый, тый сөздерінің емлесі туралы ескертуге мый сөзінің де қосар әріппен жазылуын көрсету;
myı, kiı, qyı, jyı, tiı, iı деген бір буыны сөздерде и әрпін қосармен жазу, ал қосымша жалғанғанда және туынды сөздерде жалаң әріппен жазу;
quzіret, qudіret, muǵalim, qoshemet, aqіret, qasıet, qadir, kitap, taýqіmet, qazіret сөздерін бірыңғай жуан үндесіммен жазу;
-р, -һ әріптеріне аяқталған шеттілдік сөздерге тәуелдік жалғауын жіңішке жалғау: sheıhy емес – sheıhi, shtrıhy емес – shtrıhi;
- 2018-jyl, 10-qazan деген жыл, ай тіркесін дефиссіз беру, өйткені күн, апта, ай, жылдар ретімен келетіні дәлелдеуді қажет етпейді;
- № шартты белгісімен тіркесетін араб цифрлы сан есімдер де дефис арқылы ажыратылса: №82-mektep, №5-buıryǵy, №107-qaýly, №17-kiris.
ýeb сияқты w-келетін сөздерді v әрпімен жазу;
«процент» сөзін «пайыз» деп алу;
шеттілдік сөздерді жаппай үндесім заңына сай жазу немесе әліпби шегінде таңбалау, яғни не parashýt, absalýt, glýkoza, debýt, prodýser, lýks, salýt, valýta, býdjet, býrokratıa, sýjet, býleten, ansambl, dubl, rubl, parоl, аsfalt деп жуан жазу, болмаса páráshút, ábsálút деп бірыңғай дыбыс үндестігіне сай жазу;
ё әрпін барлық позицияда біркелкі ио таңбасымен беру;
ц әрпін сөз басында с-мен, сөз ортасында тс-мен беру.
ое, ея әріп тіркесімен келетін сөздерде ı (й) әрпін қосып жазу: epopeıa, poıetıka;
нг әріп тіркесін сақтап жазу. Бірақ бұл қатар емле жобасына енгізілмеді
Қазіргі уақытта Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық және Әдістемелік жұмыс тобы мүшелерімен бірлесе отырып, «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттары және емле ережелерін көпшілік талқылау» тақырыбында түрлі әлеуметтік топ өкілдерінің арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ондағы мақсат – емле жаңалықтарын түсіндіру, жаңа әліпбимен жазу, оқуға бой үйрету, жұртшылықтың тілдік, әліпби санасын көтеру, көпшілікпен пікірлесу. Алғашқы нәтиже жаман емес. Әліпби реформасы оң қабылданған сыңайлы.
Тағы бір қызық: жаңа емлемен «Тіл-қазына» атты алғашқы газет шықты. Қысқа да, нұсқа қызықты ақпараттарымен оқырманын тауып алатын түрі бар. Ал қарашаның 14 күні жазатын жалпыхалықтық диктант Сіздің сауатыңызды тексермейді, тек әрқайсымызға жаңа жазуға өтетінімізді сезіндіреді. «Менің әліпбиім», «менің тілімнің жазуы» деген ой қалыптасуына түрткі болмақ.
Қ.Күдеринова
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық
ғылыми-практикалық орталығының
Орфография бөлімінің басшысы, ф.ғ.д., профессор
Қазақ үні