Шеттен келген қандастар "Оралман куәлігінсіз" де азаматтық ала алады
2018 ж. 01 қараша
7122
1
Астанадан қуанышты хабар келді!!! Оралмандардың куəлік мəселесі шешім табатын болды.
Естеріңізге сала кетейік, АТАЖҰРТ ЕРІКТІЛЕРІ өткен айда "Оралман куəлігі" өтіп кетіп, Азаматтық алаалмай жүрген қандастардың мəселесін шешу мақсатында, 3 мыңнан артық уақыты өткен куəліктерді жинап Астана қаласына барған еді, осы куəліктермен қоса Атажұрт еріктілерінің атынан хат дайындап, Еңбек жəне əлеуметтік қорғау министірлігінің көші-қон мəселесіне жауапты өкілі Дастан мырзаиен кездесіп, осы мəселені тез шешу бойынша жан-жақты талқылаған болатын, аталған министрлік өкілі бұл мəселенің кезек күттірмейтін маңызды мəселе екенін түсініп,алдағы уақытта дұрыс шешім етуге бар күшін салатынын айтқан.
Міне, бүгін Еңбек жəне əлеуметтік қорғау министірлігінен Атажұрт еріктілеріне арнаулы хаты келіп түсті.
Хатта: "Министрлік тарапынан «Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына тұжырымдама (бұдан әрі – Тұжырымдама) әзірленді.
Осы Тұжырымдаманың екінші бөлімімен Қазақстан Республикасына келген этникалық репатрианттар және қоныс аударушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау нормалары қарастырылып, соның ішінде бөлімнің 5-тармағымен, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-1 – бабы 1-тармағына сәйкес «тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын оралмандар» редакциясын, оралман мәртебесіне тәуелсіз этникалық қазақтарға Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен қабылдау туралы редакциясы қарастырылғанын қосымша хабарлаймыз.
Аталған өзгертулер барлық этникалық қазақтардың, сонымен қоса оралман мәртебесі өтіп кеткен этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу мүмкіндігін көздейді. Осы орайда, аталған Тұжырымдама қазіргі уақытта ҚР Әділет министрлігіне келісуге жолданды" - жазылыпты.
Қысқасы, алдағы уақытта шығатын заң бойынша, бұдан былай "шеттен келген қандастарымыз "Оралман куəлігінсіз" АЗАМАТТЫҚ ала алатын болады. Құтты болсын Қазағым!
Қыдырәлі Ораз, Қазақ үні