ЖАТТАП ӨСКЕН ҚАҒИДА ЖАЛҒАН ЕКЕН
2018 ж. 01 қараша
3687
0
(В.И. Лениннің «Жастар одағының міндеттері»
атты еңбегін қайта оқығанда)
Ұялу үшін ұят болуы керек. Бұл сөз жер-жерде Ленин комсомолының 100 жылдығын тойлап жатқандарға арналады. Мен 1993 жылы «Ақиқат» жураналында «Жаттап өскен қағида жалған екен» (В.И. Лениннің «Жастар одағының міндеттері» атты еңбегін қайта оқығанда) деген мақала жариялап едім. Мұнда Лениннің 1920 жылғы 2 қазандағы комсомолдардың ІІІ-съезіндегі сөйлеген сөзін нысанаға алып пікірімді білдірген болатынмын. Бүгінде осы мақаламды қайта оқысам, ескірмепті, керісінше, жастардың, көпшіліктің қайта танысуы қажет екен. Сол себепті осы мақаланы "Қазақ үні" газеті мен сайтына ұсынып, қайта жариялауды құба-құп санадым.
Ғарифолла Есім
Мораль. Адамгершілік заңдылықтарын зерттейтін осы бір білім саласын Еуропада этика десе, Шәкәрім қазақшалап «Ар білімі» деген екен.
Кеңес өкіметі мен коммунистік партия өктемдік құрып тұрған заманда бұл мәселе жөнінде көптеген кітаптар жазылып, зерттеулер жасалды. Оның бәрінде пролетариаттың ұлы көсемі мораль мәселесінде судан таза, сүттен ақ болып көрсетілді, жазылды, баяндалды.
Әрине, Лениннің мораль мәселесіндегі қайшылығын сол кезде таныған ешкім болған жоқ деуге аузымыз бармайды. Зиялы қауымның бәрі Ленин туралы шындықты әлдеқашан білетін. Бірақ көсем туралы ғайбат сөз айтуға тыйым салған. Ол туралы қағида біреу-ақ, Ленин – данышпан. Бар мақсат оның данышпандығын дәріптеу еді.
Көпшілікке аян Ленин-Ульянов өзінің көздеген мақсатына жету үшін аянбай еңбек еткен адам. Лениннің қазір жарыққа шыққан шығармаларының ұзын саны 55 том, демек, оның мораль хақындағы барлық пікіріне біз талдау жасай алмаймыз. Бұл мәселе туралы оның арнайы жазған еңбегі бар, соған тоқталайық, ол 1920 жылғы 2 қазандағы «Жастар Одағының міндеттері» деп аталатын комсомолдардың ІІІ-съезіндегі сөйлеген сөзі.
Кейінірек, бұл сөз тасқа басылып, ел ішіне өте кеңінен таратылды. Оны білу әрбір пионерге, комсомол мүшесіне, студентке міндет болатын.
Миллиондаған адамдар жаттап өскен осы еңбекте Ленин мораль проблемасын егжей-тегжей түсіндірген. Ол жастарды коммунистік мораль рухына тәрбиелеуді жастар одағының ең басты міндеттерінің бірі деп санаған.
Сонда коммунистік мораль деген не? Бұл сұраққа өте тиянақты жауап берген ол Маркс іліміне сүйене отырып, екі нәрсені басшылыққа алған. Бірі моральға таптық тұрғыдан келу де, екіншісі моральды жеке адамның қасиетінен тыс белгілі бір тапқа дәлме-дәл келетін саяси принцип ретінде пайымдау. Бұл тұрғыда мораль өзінің бастапқы мәнінен айрылып, саяси феноменге айналған. Сондықтан Лениннің моральды саяси тұрғыда түсіндіргеніне таңдануға болмас. Себебі, адамдарды таптық қасиеттерімен бөлшектеген кезде, сөзсіз, бірінші орынға саясат шығып, ол адам, қоғам болмысына өз билігін жүргізе бастайды.
Ленин моральға осы тұрғыдан келген. Сондықтан ол моральды буржуазиялық және коммунистік (пролетарлық) деп бөлшектеген. Ол буржуазиялық моральды жоққа шығарады. Дәлелі, ол құдайға сенуге, адамды қанауға негізделген. «Біз, - дейді Ленин, - құдайға сенбейміз, қанауға жол бермейміз». Ленин буржуазиялық моральды жоққа шығара берсін, онысы мүмкін дұрыс, мүмкін теріс. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Бұл мәселені аттап өткелі отырғанымыз, оның қазақтар үшін қажеті шамалы,
бізде буржуазия деген тап болмаған, олай болса ондай мораль да болмаған. Жоқ нәрсені жоққа шығару бос әурешілік.
Менің айтпағым, Лениннің «біз құдайға сенбейміз» деп діни моральды үзілді-кесілді теріске шығарғаны туралы.
Жалпы біз құдайға сенбейміз деп жария ету көне тәсіл. Бағзы заманда дүниеге христиан діні келгенде, оның идеологтері де осыны айтқан. Дінсіздер қатаң жазаланған. Енді осы тәсілді большевизм идеологі Ленин қайталап отыр. Бұрын дінсіздер, кәпірлер моралі жоққа шығарылса, енді сенушілер моралі терістеліп отыр.
Осы арада бір ғана мәселе еске мүлдем алынбай, ескерілмей тұр. Адам атеист болсын, діндәр христианин, мұсылман болсын, қысқасы, қандай болмасын дінге сенсін-сенбесін, бәрібір адам. Африканың кейбір тайпаларына Христан, Ислам, Будда діндерінің ықпалы болмаған, бірақ ондағылар адам болып өмір сүріп жатыр. Сонда олардың моралінің өлшемі не болмақ? Лениннің айтуынша, оларды құдай жолына түсірмеу керек, сонда дұрыс адамгершілік болмақ. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер құдай жолына түсіп кетсе, онда оларда татымды адамгершілік болмағаны. Бұл адамзат баласының ғасырлар бойы тәжірибесінен қорытып шығарған ақыл-санасымен қиюласпайтын түсінік.
Адамның өлшемі адам деп көне гректер айтқандай, адамның дініне, тіліне, түсіне, байлығына қарамай оны табиғаттың өте озық жемісі, нәтижесі деп қарайтын ілім бар, оның аты – гуманизм. Адамның өлшемі – адам дегенді айтып отырғанымыз осы гуманизмді мойындағандық: Ленин сияқты адамды құдайға (қай дінге болмасын) сенеді екенсің деп, оның адамгершілігін жоққа шығаруға болмайды. Онда жаңаша ешнәрсе ойлап таппағанымыз. Ортодоксиялық діндәрлар мақсаты халықты «кәпірлер» және «мұсылмандар», «шоқынғандар» және «шоқынбағандар» деп бөліп, бір-бірімен қырылыстыру.
Неге дінге сенген адамда тартымды адамгершілік қасиеттер болмасқа? Неге құдайға сенген адамды теріске шығаруымыз керек? Мақсат неде? Бұл жерде мынандай мән бар. Большевизм шын мәнінде ешқандай өзгеше тың идеология емес, ол да жаңа дін, жаңа діни идеология. Дәстүрлі діни идеологиядан айырмасы құдайды жоққа шығару. Бұл құдайсыз дін, тобырдың діні. Бірақ бұлайша іс өнбейтінін большевиктер өкімет билігін жеңіп алған соң бірден ұқты. Құдайдың орнын толтыру қажет болды. Сонда большевиктік үгіт және насихат күшейтілді. Ленин құдай орнына пролетариат көсемі Марксті итермеледі, Сталин болса Ленин өлісімен, одан жаңа құдай жасауға тырысып бақты, мақсатына жетті. Ленин беделі осы жетпіс жыл ішінде бұрынғы өткен пайғамбарлардан әлдеқайда асып түсті. Егер Ленин кезінде құдайға сенуді түп-тамырымен жоймағанда мұндай жеңіске жету мүмкін емес-ті. Осындай саяси идеологиялық күрес заманында гуманизм шаңға көміліп қала берді.
Бүгін ойлап отырсақ, қарапайым адамдардың құдайға сенгені не, болмаса Ленинге сеніп ергені не? Олар не ұтты? Ештеме ұтқан жоқ, бастары азан-қазан далбаса ойларға толды. Дұрысы қайсы, терісі қайсы, әлі анықталмаған күдік. Біреулер Ленинді жер-көкке сыйғызбайды, біреулер бар пәлені содан көреді. Мұның бәрі ертең-ақ орнына түсер сөздер, ойлар. Мәселе онда емес, әңгіме жалған дінге (большевизмді айтамын) еріп қырылған халық, бүгінгі тауқыметті тұрмыс, жол таппай дағдарысқа түскен ел басшылары. Осының бәріне кім және кімдер кінәлі?
Жаңа адамгершілік туралы айтқанда Ленин ескі мораль жоғарыда айтылғандай, құдайға сенуге, әрі қанауға негізделген деген дәлелдер келтірген. Қанау болу үшін Ленин айтқандай, буржуазия және пролетариат болуы керек еді. Олар қазақта болмаған. Тіптен, Қазақстанда феодализм болмаған (Ғарифолла Есім. Сана болмысы. 1-кітап, екінші басылым. 79-б.).
Тағы да әңгіме жоқ нәрсе туралы болып отыр. Қанау болмаса Қазақстанда тап күресі қайдан келген. 1926-27 жылдан басталып байларды тәркілеп, күштеп коллективтендіру жүргізген жылдарға шейінгі Қазақстандағы қан-төгіс соғыстар, қақтығыстар мазмұны таптық емес, ұлт-азаттық қозғалыс болатын. Сол кездегі бандылар, басмашылар деп жүргеніміздің дені ұлт-азаттық қозғалыстың қаһармандары.
Ғайса кім деп сұрақ беріп, оған жауап табылмай, осы күндегідей ол кезде де адасушылық, ұдай-ұдай пікірлер молынан болды. Сондықтан қазақ азаматтарының кейбір әрекеттері бізге бүгінгі күн көзімен қарағанда оғаш болуы да заңды.
Қазақстан жағдайында тап күресіне негізделген адамгершілік шындыққа қабыспайтын қағида. Бұл адамгершілік емес, көпе-көрінеу жасалған зорлық тап күресі жоқ елден тап жауын табу керек болды. Ол жоспарланды, орындамасаң қатаң революция заңымен жазаланасын. Міне, осындай жағдайда қазақ халқының ғасырлар бойы іріктеліп, сұрыпталып келген адамгершілік жүйесінің быт-шыты шықты. Пролетариаттың тап күресінің мүддесіне сай адамгершілік қалыптастыру ісіне ұлт большевиктері бел шешіп кірісті. Бұл ұлы адасу болатын. Жоқ нәрсені бар деп, бар нәрсені жоққа шығарып, қосақ ортасында қазақ халқы кете барды.
Адамгершіліктің өлшемі – пролетариаттың тап күресіне сай келетін мүдде. Демек, пролетариаттың тап күресіне қарсы күштердің адамгершілігі қабылданбайды, олардың адам екені ескерілмейді. Оларды сондықтан тап жауы ретінде жою міндеті қойылды.
Бұл гуманизмге қарама-қарсы қанішерлер қағидасы. Бір тап бақытты болуы үшін қарсы тапты құрту керек. Мәселені өзгеше қоюға болмас па еді? Ешкімді жоймай бүкіл халықты азат етсе ше? Онда Маркс, Ленин ілімінің еш қажеті болмас еді. Себебі, бұл ілім қарама-қарсы күштердің ымыраға, мәмлеге келуі емес, олардың бірін-бірі жоюына бағытталған. Бұл тәсілді Маркс революция деп атаған, кейін Ленин социалистік революция деп толықтырған.
Россияда болған революцияға жауап бере алмаймын, ал Қазақстанда социалистік революция дегеніміз Люмпендер, Мырқымбайлар, Шоқпыттар революциясы болды. Олар ешқашан төңкеріс жасауға даяр емес күштер еді, оларды зорлап атқа мінгізіп, қолына қару беріп, есін шығарып, есірік еткен большевиктер болатын. Сөйтіп кедейлер, люмпендер төңкерісі мақсатына жетті. Бүкіл қазақ кедей болып өмір сүріп келді. Осы халімізді енді-енді түсіне бастадық.
Лениннің пролетариаттық тап күресіне сай келетін моралі (адамгершілігі) негізінен кекке негізделген. Өзінде жоқты өзгеден тартып алуға құрылған идеология, әрине, гуманизмнен тыс.
Өзінде жоқты өзгеден тартып алып барша жұртқа бөліп беріп отыру социализм заманында жатып-ішер жалқаулыққа, арамтамақтыққа, парақорлыққа, әкімшілдікке жеткізді. Бұл жерде ескерілмеген проблема байлықты жасаудың тәсілі. «Мал – байдікі, жан құдайдікі» деген қазақ люмпенінің, яғни сіңірі шыққан жалқау, кедейдің мораліне (дүниетанымына) мүмкіндігінше жол ашылды.
Пролетариат моралі ұлттық дамуға орасан зор тежеуші күш болған. Оны зорлап Қазақстанға енгізген лениншілдер халқымызды ондаған жылдарға кейін шегіндіріп тастады. Халықтың дүниетанымы азып-тозды. Бір ұлт екіге бөлінді. Бірі жалған утопиядан шыға алмай Ленин бабасының соңынан еруде, екіншісі, ұлттық дамудың объективтік заңдылығы туралы толғанып, қазақты адасқан жолдан алып шығуға тырысуда. Бірақ, Абай айтқан адасқан көптің атының басын бұратын ерлер аздау екенін мойындамасқа болмас.
Пролетариат көсемі айтқан мораль туралы түсінік санамызға сіңіп өзгеше ойлауды дұшпандық деп қабылдау әдетке айналған. Осы әдеттен туыстарымыздың біршамасы шыға алмай отырғанына қынжыласың.
Лениннің ар білімі (мораль, этика) туралы айтқан ойлары адам баласын бір-біріне жауықтырып, екі қарама-қарсы лагерьге бөлу. Күні кешегі бүкіл әлем халықтарының капиталистік және социалистік болып бөлінгені осындай саяси әрекеттің нәтижесі.
Қазір ойланып отырсақ, әлем халықтарының осылай бөлінуінің объективтік негізі бар. Ол шын мәнінде бай елдер мен кедей елдер арасындағы түсінбестік. «Бай» және «кедей» деген ұғымдар таптық сипаттан өрбіп, бүкіл халықтың бітім-болмысын білдіретін ұғымға айналған. Мысалы капитализмде өмір сүріп жатқан ағылшын, неміс, француз, жапон т.б. байлар, ал социализмде өмір сүрген қазақтар, қырғыздар, орыстар, поляктар т.б. кедейлер болғаны анық.
Сондықтан Лениннің айтып отырған пролетарлық коммунистік моралі кедейлердің дүниетанымына лайықталып, өлшеніп-пішілген кереғар, қолдан жасалған жалған қағида.
Мораль адамға ортақ. Ол қандай халық өкілі болмасын, бәріне қатаң моральдық детерминизм бар. Олардың көріну формалары ерекше сипатта, ұлттық мінезбен өрнектелінуі, салт-дәстүрде нақтылануы тағы да заңды.
Аристотель адам болмысын анықтай келе, оны қоғамдық жануар деп еді, осы рас. Адам болмысы қоғамда. Бірақ ол саяси жануар емес. Саясат өте құбылмалы құбылыс. Ол ұстараның екі жүзі тәріздес. Кімдердің қолына түссе, соған орай қызмет етеді. Кезінде саясат большевиктер қолына мықтап түсті. Ұстара-саясат оңды-солды қырғын салды. Бұл моральға жат еді. Оны анықтау үшін Ленин моральды таптық тұрғыда ғана (яғни тек саяси мәнде) түсіндіріп, халықты адастырды. Мораль тек саясат арқылы анықталмақ емес. Айталық, осыдан екі мың жыл бұрынғы мораль бүгінгі күні өте түбегейлі өзгеріске түсті деп айта алмаймын. Екі мың жыл ішінде адам табиғаты көп өзгерген жоқ. Оған әлем халқының жартысына жуығы Христиан дінінде болып, олардың екі мың жыл бұрын Ғайса жазды деген діни қағидаларға табынуы дәлел. Немесе алты жүз жыл кейін дүниеге келген мұсылмандық туралы айтсақ, Құран сөзі, пайғамбар хадисінен мораль туралы дәл бүгінгі күнге қажет қағидалар тауып, соған таңданып жатқанымызды қайда қоямыз. Одан бертінгі адам табиғаты ілгері дамып, діни сананы теріске шығара алмағандығы, тіптен дінді мүлдем тәркілеген елдердің халі мүшкіл болғанын қайда қоямыз?
Ленин діни мораль мен пролетарлық моральды бір-біріне қарсы қойып, саясат жүргізген. Ол өз жемісін берді. КСРО-деп аталған телегей теңіз мемлекет дінсіздер, құдайсыздар елі болды. Бірақ, одан өнімді іс шықпады. Асылы, мораль мен дінді бір-біріне қарсы қоюдан дұрыс іс шықпайды. Себебі, мораль өз даму барысында дінді (діндерді) қажет еткен, туғызған. Дін моральдың бір көріну формасы. Бірақ, мораль діндік деңгейде ешқашан қалмақ емес, ол өсіп, өзгере беретін адамның асыл қасиеттерінің жиынтығы. Сондықтан адамның дамуына құрсау құру гуманизм принциптсріне жат болғандықтан, Лениннің коммунистік мораль туралы айтқан ойларына бүгінде сын көзбен қарап, санамызды саралайық демекпін.
Ғарифолла Есім, Қазақ үні