Өмірдің өзегін еңбектен тапқан Аружан

Мемлекеттің және ұлттың әлеуметтік - экономикалық дамуында білім және ғылым аясында қызмет істейтін педагог-ғалым қыз-келіншектердің ерекше орын алатыны белгілі. Олар өздеріне тән ерекше жан жылуымен, сезімталдығымен, білім алушыларға деген риясыз көңілі және қамқорлығымен жастардың азаматтық, мәдени және кәсіби тұрғыдан қалыптасуына ерекше әсер етеді.Сонымен қатар, елеулі еңбегінің нәтижесінде ғылым және білім саласында өшпес із қалдырып, келер ұрпаққа таусылмас қазына қорын жинайтыны белгілі.

Сондай тұлғалардың бірі де бірегейі Қазақстанның жоғары білімі мен ғылымының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан, білімді, білікті мамандар даярлауда қажыр-қайратын жұмсап келе жатқан экономика ғылымдарының докторы, профессор Аружан Мұқатайқызының еңбек жолына көз жүгіртсек, оның педагог-ғалым, жоғары білім жүйесін ұйымдастырудың белгілі маманы болып қалыптасуы үлкенге өнеге, кішіге үлгі боларлықтай. Жастайынан оқу, білімге құштар Аружан 1975 жылы Алматы халық шаруашылық институтының (қазіргі Нархоз университеті) «Өндірістегі жоспарлау» мамандығына оқуға түседі. Оқуды үздік оқып, қоғамдық жұмысқа да белсенді араласты. Оқу-білімге құштар, сезімтал, қабілетті жас қыздың болашағынан үлкен үміт күткен университет басшылығы, оны оқу бітіргеннен кейін (1979 ж.), оқытушылық жұмысқа қалдырды. Бұл жағдай ол жылдары жоғары оқу орындарында өте сирек кездесетін.

Оның ұстаздық және ғылым ізденісте жолы еліміздің экономика жүйесінде жоғары білім және ғылым саласында өзіндік қалыптасқан дәстүрі бар, творчестволық жағынан жемісті жұмыс атқарып келе жатқан, Нархоздың «Өндірістегі жоспарлау» кафедрасынан басталуы да Аружанның еңбек жолының мәнді де мағыналы болуына үлкен әсер еткені ақиқат. Өйткені бұл ұжымда еліміздің жоғары экономикалық мектебінің қалыптасуы мен дамуында ерекше еңбек сіңірген, атақты тәлімгер ұстаз, экономика ғылымдарының докторы, профессор Қаби Оқаевтың басшылығымен, республикада өндірісті ұтымды тұрғыдан дамыту жүйесінің концептуалдық бағыттарын зерттеп, оны оқып үйрену және жоғары білімді мамандар даярлау бағыттарында күрделі және игілікті жұмыстар атқарылып жатқан болатын. Осы ұжымда Аружан Мұқатайқызы оқытушылық жұмыспен қатар, творчестволық ізденістің қиындығы мен қыр-сырына да тез бейімделді және олардың тұнық бастауымен сусындады.

Экономикалық ілімнің өте күрделі бағыттарының бірі , елінің бірінің «тісі» батпайтын өндіріске инвестиция салу және оның тиімділігін жақсарту проблемалары аясында экономика ғылымдарының кандидаты (1998 ж.) және докторы (2002 ж) ғылыми дәрежесіне диссертациялар қорғады. Оның докторлық диссертациясы кезінде Қазақстанның Жоғары Аттестациялық

комиссиясы тарапынан экономикалық ғылымдар аясындағы ең үздік ғылыми жұмыс деген жоғары баға алды.

Аружан Мұқатайқызының білім мен ғылымға деген құштарлығы, таудай талабы оның алыс шет елдердің (АҚШ, Еуропа елдерінде, Австралия) оқу орындарында білімін жетілдіруіне, ой-өрісін, парасат-пайымын кеңейтуге мүмкіндік берді. Алған білімін, оқу әдістемелік тәжиребісін жастарды оқытуға, оларды ғылыми жұмыстарға тартып, білім мен ғылымға деген құштарлығы мен ынтасын арттыруға үлкен үлес қосты.

Профессор А.М. Сейтказиеваның тікелей басшылығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі мамандары және Нархоз Университетінің оқытушы-ғалымдары бірлесіп «MBA бағдарламасы бойынша магистратура» жобасы әзірленіп жоғары білікті мамандар даярлау жүзеге асырылды. Оның бастамашылығымен қазақстандық нарықтағы бизнес-білім аясында Executive MBA және DBA тәжірибелік бағдарламасы жүзеге асты. Оларда қазақстандық орта және ірі компаниялардың топ-менеджерлері білімін жетілдірді.

Ол Қазақстанның экономикалық білім беру жүйесінде үлкен ғылыми, әдістемелік, ұйымдастырушылық жұмыстарды заманауи талаптарға сәйкес инновациялық тұрғыдан үздіксіз жүргізіп келеді. Мысалы, нарықтың экономика талаптарына сәйкес келетін озық үлгіде экономикалық мамандықтар бойынша бакалавр, магистрант және докторларды (PhD) дайындаудың бағдарламалары әзірленіп, оның жаңа моделін жасауға, қалыптастыруға ерекше үлес қосты.

Жоғары білікті маман ретінде профессор Сейтказиева А.М. республикалық және жергілікті басқару деңгейлерде экономиканы индустриалдық-инновациялық тұрғыдан дамыту үшін әзірленген іргелі және қолданбалы бағдарламаларға сапалы сараптамалар жүргізу жұмыстарына да елеулі үлес қатысты.

Профессор А.Сейтказиеваның экономикалық ғылым саласындағы еңбегі оның студент кезінен басталған және жемісті ғылыми ізденістері 40 жылға жуық жалғасып келеді. Оның 160 астам ғылыми, әдістемелік еңбектерінде ұлтық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі, өндірісті кешенді дамыту, кәсіпорындарды нарықтық жағдайға сәйкес қайта құру, еліміздің инновациялық-инвестициялық даму үдерістері аясындағы еңбектері жоғары білікті мамандарды даярлауда кеңінен қолданылуда.

Ол еліміздің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыру мен дамыту барысында да, ғылыми және педагогикалық кадрларды дайындау тұрғысынан да елеулі табысқа жеткен ғалым-ұстаз ретінде елімізге кеңінен танымал. Оның басшылығымен 8 экономика ғылымдарының кандидаты дайындалған және 3 ғылым докторына (PhD) теориялық, методологиялық көмек көрсетілген.

Профессор А.М.Сейтказиеваның еліміздің экономикалық тұрғыдан дамуына және білікті мамандарды дайындауға арналған еңбектері де ерекше деп айтсақ ақиқаттан алыс кете қоймаймыз. Мысалы: Шағын кәсіпорындардың экономикасы, Өндірісті басқарудың негіздері, Кәсіпорын

экономикасы және кәсіпкерлік, Қазақстан Республикасының қаржылық институттары атты оқу құралдары мен Қазақстан Республикасының кәсіпорындарының инвестициялық тартымдылығы, Қазақстан Республикасының инвестициялық белсенділігі: қазақстандық модельдің түзілуінің ұйымдастырушылық-экономикалық механизмі монографиялары еліміздің жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институтарында, студенттер, магистранттар, докторанттар арасында кеңінен қолдануда. Ақиқатын айтсақ аталған еңбектер нәзік жанды қазақтың қызы тұрмақ, атпал азаматтардың қолынан да келуі оңай емес. Осы орайда, «Мен қазақ қыздарына қайран қалам!» деген өлең жолдары тегін айтылмағанын, терең адами-философиялық мәні бар екенін түсінгендей боламын.

Профессор А.М.Сейтказиева 40 жылға жуық бір орында үздіксіз, жемісті еңбек етуде. Осы жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі MBA бағдарламасы бойынша магистратурасының директорының орынбасары, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің (қазіргі Нархоз Университеті) бірінші проректоры, ҚазЭУ-дің Халықаралық бизнес мектебі директорының орынбасары, директоры (2007-2014 жж.) болып жемісті еңбек етті. Ал 2014 жылдан бастап университеттің негізгі оқу құрылымдарының бірі «Экономика» кафедрасының меңгерушісі болып жемісті жұмыс істеуде. Осы уақыт аралығында Ұлттық аккредиттеу орталығының сараптамасы бойынша «Экономика» мамандығы білікті кадрлар даярлау нәтижесі жағынан елімізде 1-3 орынды иеленуде. Бұл жетістіктерге оның қажырлы еңбек, білікті басқару үдерісі және ұстаздардың еңбегін ұтымды үйлестіру нәтижесінде жеткені белгілі.

Профессор А.М. Сейтказиеваның ғылыми, ұстаздық және қоғамдық қызметтегі жемісті еңбектері үшін Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» деген атақ берілген, ҚР-ның білім және ғылым министрілігінің, жоғарыоқу орындарының Құрмет грамоталарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталған.

Осы орайда профессор А.М.Сейтказиеваның ұлы философ И.Канттың «Өмірден ляззат алудың бірден-бір жолы - еңбек» деген қағидасын мұрат тұтқан сияқты. Қазіргі кезде өз ұшқан ұясында, творчествалық ізденіс үстінде және жетісті еңбек етуде. Елі мен жұртының бергенінен берері көп, атқаратын игілікті істері бар, арманы асқақ, талабы зор, өмірдің өзегін адал еңбегімен өрген қазақтың қасиетті қызы – Аружан көпшіліктің құрметіне бөленуде.

Нархоз Университетінің

«Экономика» кафедрасының 

профессорлары

Сейдахметов А.С., Елшібаев Р.Қ.