5 мың адам жиналған митинг билікке қатаң талаптар қойды

2-қазанда (жексенбі күні) Алматы қаласындағы «Сарыарқа» кинотеатрының маңындағы алаңда  мемлекеттік тілді қолдау мақсатында үлкен жиын өтті. Митингіге 5 мыңға жуық адам қатысты. Бұрын-соңды бұл алаңда мұншалықты көп адам жиналмаған болса, бұл жолы ұлт зиялылары, ақын-жазушылар, партия жетекшілері, мәдениет қайраткерлері, негізінен тіл жанашырлары көп келді. Жиынды ашып, жүргізіп отырған ұлтымыздың көрнекті ақыны, «Мемлкеттік тіл» және «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалыстарының төрағасы Мұхтар Шаханов қазақ тілінің мемлкеттік мәртебе иеленген соңғы жиырма жылдағы мүшкіл халіне тоқтала келе: «Қазақстан Республикасы Конституциясының» 7-бабының 2-тармағы елді шатастырып бітті. Алғашында «Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылса, кейіннен оған «Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тармақ тіркелген. Кейбір шала қазақтарымыз қазір осы екі тілдің қайсысы мемлекеттік тіл екенін біле алмай дал болуда. Көп жыл бұрын республикамызда орыс тілі екінші мемлекеттік тіл емес екендігін Қазақстан Республикасының Коституциялық Кеңесі дәлелдеп берсе де, 7-баптың 2-тармағы жұртты әлі шатастырумен келеді. Әрине, орыс тілі этносаралық, халықаралық тіл ретінде өз биігінде қала береді. Міне, біз осы мәселе төңірегінде ашық хат жариялағанбыз. Соның жалғасы ретінде бүгін қалалық әкімшіліктен рұқсат алып, митинг өткізуге қол жеткіздік»,– деді.  Одан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Ғылым Акамдемиясының Академигі, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішов, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік  сыйлығының лауреаты, Қабдеш Жұмаділов, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Дулат Исабеков, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұрсынәлі Рыскелдиев, белгілі тіл жанашыры Смағұл Елубай, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар атынан Құрманғазы Айтмырза, Бейсенғазы Сәдуұлы, Астана, Семей, Павлодар өңірлерінен делегация басқарып келген Дәметкен Нұрғалиева, Руза Бейсенбайтегі, Жұмамұрат Шәмші сынды тіл жанашырлары биліктің тіл саясатындағы салақтығын сынады.  «Азат» ЖСДП–ның тең төрағасы Болат Әбілов, «Руханият» жасылдар партиясының төрағасы Серікжан Мәмбетәлин, «Ақжол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Бөріхан Нұрмұхаммедов өз сөздерінде мемлкеттік тіл мүддесімен әрқашанда бірге болатындығын мәлімдеді. «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса, «Жұмадағы жүздесу» газетінің бас редакторы Қажымұқан Ғабдолла тіл мүддесіне қарсы шыққандарды сын садағына ілді. «Мен Қыдырәлі Болмановтың  қазақ тілді қуыршақ жасағанын қолдаймын, ал биліктің қуыршағына айналғанын қолдамаймын», – деді Қазыбек Иса. Сондай-ақ, жиында «Болашақ» жастар қозғалысының төрағасы Дәурен Бабамұратов бастаған жастар тобы ерекше белсенділік танытты.

    Митинг сәтті өтіп, 5000-ға жуық адам жиынның соңына дейін аяғынан тік тұрып, көтеріліп отырған тілдік, ұлттық мүддеге ерекше ыждағаттық танытса да орыстілді ақпарат құралдары «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясының нәтижесін шамасы келгенше бұрмалап, ұйымдастырушыларды мұқатып бағуда. «Интерфакс», «Тенгриньюс.кз» сияқты орыстілді сайттар митингіге 500-ақ адам қатысты деп жар салуда. Көрінеу көзге жасалған мұндай бұрмалаушылық не үшін керек болды екен? Егер университет ректорлары жапа тармағай  студенттерге тосқауыл жасап, оларды жатақханадан шығармай қоймаса, «Автопарк» басшылары митингі өтетін «Сарыарқа» кинотеатры маңайына қарай жүретін автобустарды тежемегенде жиынға қатысушылардың қарасы 15-20 мыңнан асып жығылатын еді. Бірақ осындай қарсылыққа қарамастан, егер Шахановтың сөзімен айтатын болсақ, «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігі қызметкерлерін қоса санағанда 5 мыңға жуық адам жиналды». Акцияға қарсылық көрсетушілер де болмай қалған жоқ. Мәселен, желтоқсан көтерілісіне қатысушы, қазіргі кезеңде Мұхтар Әбләзовтің ықпалымен жүретін Хасен Қожахмет «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына өзінше «крест жорығын» жариялады. Ол орыс тілінде шығатын «Взгляд» газетінің 2011жылғы №33 санында: «Шаханов сейчас «напугает» все русскоязычные население своими псевдопатриотическими выступлениями (смысл таков: не дай бог, придут к власти национал-патриоты и начнут политику вытеснения всех русских), и оно потянется к действующему президенту, который таких высказываний  никогда не допускает. Вкупе с этим Шаханов дискредитирует и саму едею развития казахского языка как государственного. Да, определиться со статусом русского и казахского языков на законодательном уровне необходимо, но не такими методами, как он предлагает»,– деп көрінеу көзге мемлкеттік тілді қолдаушыларға жала жапқан болатын. Көзіміз алдымен Хасен Қожахмет таратып жүрген үнпарақтарға түсті. Оқып қарасақ Хасен Қожахметтің «Егер мен Президент болсам...» деп басталатын президенттік бағдарламасы екен. Біз оның мұнысын  қалың жұрт арасында өзіне саяси акция жасап жүр екен деп түсінсек, ойы мүлдем басқада екен. Жиынның алдын-ала бекіткен ережесін бұзып, сахнаға шығып сөйлеуге екі рет ұмтылған әрекетінен түк өнбеген соң, қасындағы 5-6 адаммен бірге маңайдағылардың назарын өзіне аударып: «Бұл нағыз ұлтшылдық. Мемлекеттік тілді бұлай мадақтауға болмайды»,–деп жұртты алаңға, «Нұротан» партиясы ғимаратының алдына барып бүлік шығаруға үндеді. Олар митинг шырқын бұзуға қанша жанталасса да онысынан түк шыққан жоқ. Композитор Қалдыбек Құрманәлі «Ел серкелері бас қосып келелі жиын өткізіп жатқанда ешкілердің арандатуына ермеңіздер» деп халықты сабырға шақырды. Осы арада мінбеде сөйлеп тұрғандардың бірі «Әбләзовтен бастап мына Хасен Қожахметке дейін ұлттық мүддемізге, тілімізге қарсы жұмыс істеп жатыр»,– деп ашынды. «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына қатысушылар тіл мүддесі төңірегінде Қазақстан Республикасының Президентіне,  Парламентіне, Үкіметіне 8 талаптан тұратын арнайы мәлімдеме қабылдады. Егер бұл мәлімдеме орындалмаған жағдайда 2011 жылдың 17-желтоқсанында, яғни желтоқсан көтерілісіне 25 жыл толған күні олар Республика алаңына шығып, билікке ауыр талаптар қоятындарын ескертті.

Баян Тобайдар

Саян Сейдахмет

 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОЛДАМАУ  – ЕЛ БІРЛІГІН ҚОРҒАМАУ

2011 жылғы 2-қазанда Алматы қаласындағы  «Сарыарқа»

кинотеатры  маңындағы алаңда өткен,  рұхсат етілген

«Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына қатысушылардың 

Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламетіне,Үкіметіне

 

м ә л і м д е м е с і

 

«Мемлекеттік тілді қолдау» акциясында, тіл төңірегінде көтерілген қадау-қадау мәселелерді саралай келе билікке, жалпы халыққа мына жәйттерді мәлімдейміз. Қазақ тілі Мемлекеттік тіл мәртебесін алған 1989 жылдың 22-қыркүйегінен бері арада 22 жыл өтсе де, есте қаларлықтай 22 айшықты қадам жасалған жоқ. Қоғамдық ұйымдар Парламентте, Үкіметте қаншама рет дауыс көтергенімен, билік күні бүгінге дейін Мемлекеттік тіл туралы арнайы заң ендіруге қарсылық жасаудан танар емес. Кейбір қабылданған Бағдарламалар қазақ тілінің өзіндік орнын айқындау былай тұрсын мемлекеттік тілді республикамыздағы өзге этностар тіліне теңестірумен келеді. Тіпті, мемлекеттік тіл конституциялық құзыры жоқ, «ресми тілдің» тасасанда қалып қойды. Оған биліктің «қазақ тілі өзге тілдерді басып кетпеуі керек» деген жымысқы саясаты жол беруде. Сондықтан да Конституцияның 7-бабында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» – деп бадырайып жазылып тұрса да, 2-тармаққа «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тіркес ендірілді. Елімізде орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі бірнеше дүркін дәлелдеп берсе де, сол бір 7-баптың 2-тармағы жұртты әлі шатастырумен келеді. Біз елімізде орыс тілінің және барлық этностар тілінің, олардың салт-санасының, рухани құндылықтарының салтанат құруын, өркен жаюын бар кезде қолдаймыз және қуаттаймыз. Орыс тілі этносаралық, халықаралық тіл ретінде өз тұғырында қала береді. Алайда біздің бұл ойымызды кейбір орыс тілді басылымдар мен ғаламтор сайттары көпе-көрінеу бұрмалап, жала жабуда. Олар тіл жанашырларын әсіре ұлтшыл етіп көрсетіп, республикамыздағы өзге ұлт өкілдерін бізге қарсы айдап салуға тырысып бағуда. Кейінгі жылдары кейбір министрліктер мен кәсіпорындарда, өзге де мемлекеттік мекемелерде, қоғамдық орындарда мемлекеттік тіл мәртебесін кемсітіп, оның қолданыс аясын қасақана тарылту фактілері айқын көрініс беруде. Мәселен, медициналық оқу орындарында биыл орыс сыныбын бітірген түлектердің арасында 90 балл жинаған талапкер мемлекеттік грантқа түсті де, қазақ сыныбын бітірген оқушы 97 балл жинаса да грантқа іліге алмады. Сол себепті де кейбір ата-аналар ұл-қыздарын орыс мектептеріне ауыстырып жатыр. Өйткені оқу ақысы жыл сайын шарықтап барады. Тіл төңірегінде біз көтеріп отырған мәселелер – тікелей мемлекеттің атқарар шаруалары. Демек, оның бүгінгі қордаланып қалған мәселелерінің шешімін таппауына да тек билік жауапты. Сондықтан біз бүгінгі «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына қатысушылар атынан жоғары билікке қаншама жылдардан бері көтеріп келе жатқан төмендегі талаптарымызды тағы да қоюға мәжбүрміз: 1. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына «2012 жылдан бастап бірте-бірте мемлекеттік органдарда мемлекеттік тіл пайдаланылып, іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізілсін» деген норма қосылсын; 2. ҚР Конституциясының 7-бабының орыс тіліне байланысты екінші тармағы алынып тасталып, оның орнына «орыс тілі этносаралық, халықаралық тіл» деп жазылсын; 3. Қазақстанның кейбір саяси күштері мен қоғамдық ұйымдарының қатыстырылуымен жасалып жатқан Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы Парламенттің биылғы күзгі сессиясында қаралып, 2012 жылға дейін қабылдануын талап етеміз; 4. Осыдан үш жылдай уақыт бұрын билік Қазақстан Халқы Ассамблеясы арқылы бастауын «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлтты» ендірмекші болғанда, қоғамдық ұйымдардың үдере қарсы тұрғаны белгілі. Бірақ билік үстіміздегі жылы «Қазақстандық ұлтқа» қайта көшуіміз мүмкін екендігін әйгіледі. Олай болған жағдайда «Мен қазақпын», «Мен ұйғырмын», «Мен орыспын» деп айтсаңыз жауапқа тартыласыз. Ұлттық, тілдік мүдделерді тікелей жоюға алып баратын, бұл қадамға үзілді-кесілді қарсы екенімізді тағы да ескертеміз; 5. Соңғы жылдары билік «Үш тұғырлы тіл» саясатын қайта-қайта мадақтаумен келеді. Сонда осы «Үш тұғырлы тілдің» қайсысы мемлекеттік тіл? Бұл да негізінен орыс тілін мемлекеттік тіл жасау саясатынан туған шара. Республикамызда жас жеткіншектеге үш тілді бірдей үйрету аясында қызмет ете бастаған балабақшалар, мектептер, жоғарғы және арнаулы оқу орындары ашыла бастады. Мәселен, Жапонияда бала 12 жасқа дейін тек өзінің ана тілінде тәрбиеленіп, бірінші кезекте ана қуатын бойына сіңіреді. Мұнан кейін 100 тіл меңгерсе де өз еркі. Осылай еткен жағдайда ғана бүлдіршін санасында елдік, ұлттық, патриоттық сезімдер берік орын тебеді екен. Ал біз оң қолы мен сол қолын анық ажырата білмейтін 2 жасар сәбиге бірден үш тіл үйретпекпіз. Бұл әпербақан шара педагогика заңдылықтарына мүлде қайшы болғандықтан, біз де оған қарсылығымызды білдіреміз; 4. Бөгде ел және отандық ақпарат құралдарының шектен шыққан арандатушылық тұрғыдағы мақалалары Тәуелсіз Қазақстанның ішкі ісіне нұқсан келтірушілік деп танылсын! Мемлекеттік жоғарғы билік органдары (Үкімет) тарапынан мұндай басылымдар қаржыландырылмасын. Қазақстанның Ұлттық ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар тез арада іске қосылсын; 5. Мәдениет министрлігінің қарамағында Тіл комитеті қызмет етіп келеді. Турасын айтсақ, министрлік аясындағы комитеттің құзыры қордаланып қалған Мемлекеттік тіл проблемаларын шешуге дәрменсіз. Сондықтан «Мемлекеттік тіл агенттігін» құруды ұсынамыз; 6. Еліміздегі қалалар мен елді-мекендерде түгелдей дерлік алабажақ жарнамалардан аяқ алып жүре алмайсыз. Олар орысша, ағылшынша, тіпті басқа тілдерде көрініс табады. Қазақшасы сауатсыз, сақау жарнамалардан көз сүрінеді. Мұндай мәнсіздікті және басқа да проблемаларды реттеу үшін «Тіл инспекциясын» құру қажет деп білеміз; 7. Қазір әрбір мектеп бітіруші түлек қай тілде оқығанына қарамастан қазақ тілінен тест тапсырады. Алайда, орыс мектебін бітірген оқушылар үшін ол тестің көрсеткіші есепке алынбайды. Сондықтан мемлекеттік тілден тапсырылған тест барлық жағдайда Ұлттық бірыңғай тест нәтижесінде ескерілуі тиіс; 8. Мемлекет басшылары мен лауазымды қызмет иелері барлық отандық, шетелдік ресми кездесулерде мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттеліп, республика көлеміндегі мемлекеттік іс-шаралар, мемлекеттік тілде жүргізілсін. Мемлекеттік тілді білмейтіндер ілеспе аударма қызметін пайдаланатын болсын. Мемлекеттік тілді мойындамайтындар, оны оқып, үйренуге тырыспайтындар – мемлекеттік қызметке алынбасын. «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына қатысушы қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар елдегі тілдік ахуалды үнемі назарда ұстайтындығымызды, егер билік жоғарыдағы талаптарды кезең-кезеңімен орындауға ниет танытпаған жағдайда немесе «2012 жылдың екінші жартысына дейін орындаймыз» деп уәде бермесе, бүкіл республика көлемінде басқа да саяси мәселелермен ұштасқан бірлескен іс-шаралар өткізетінімізді, 2011 жылдың 17-желтоқсанында, яғни Желтоқсан көтерілісіне 25 жыл толған күні Республика алаңына шығып, билікке бұдан да ауыр талап қоятынымызды және әділетті шешімге қол жеткізгенімізше бұл рухани күресті тоқтатпайтынымызды мәлімдейміз.  

(Мәлімдеме «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясында бірауыздан қабылданды.)