Мемлекеттік туды тағы қорлады
2018 ж. 12 қазан
15736
2
Мемлекеттік туды қадірлеу - әр қазақстандықтың парызы. Десе де, соңғы жылдары туымызды аяқ астына тастап, қоқыс таситын жағдайлар орын алатын болды. Әлеуметтік желіде тағы да Қазақстанның туымен қоқыс шығарып жатқан сурет тарады.
Бұл туралы abai.kz хабарлады.Суретте жерде жатқан тудың үстінде бір азаматтың жүргені анық көрінеді. Жанында қоқыс пен құлап жатқан қоқыс жәшігі берілген. Әрине, бұл суреттің қандай жағдайда, кімнің түсіргені белгісіз. Десе ден Мемлекеттік рәміздер туралы заң аясында кінәлі адамдар жазасын алу керек деп ойлаймыз.
Бұған дейін Шымкентте де дәл осындай оқиға болды. Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының 08.07.2015 жылғы үкімімен Талғат Биболат пен Гауһар Калдыбаева Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 372-бабымен кінәлі деп танылып, екі азаматқа осы бап бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 198 200 теңге мөлшерде айыппұл салу жазасы тағайындалған еді.
2016 жылы Ольга Шумилова атты Қостанайлық әйел мемлекеттік туды қоқысқа тастағаны үшін қоғам сынына түсті. Қостанайлық әйел халықтан кешірім сұрап, қатаң сөгіспен жазадан құтылды.
Мұндай жайдың бәрін тізіп отыруға пейілді емеспіз. Десе де, 2015 жылы Астана қаласының тұрғыны Жандос Құрманбаев Геннадий Головкин жеңісінің құрметіне балконына көк туымыз желбіретіп іліп қойғаны үшін 400 мың теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болғанын ел ұмыта қойған жоқ.
Көк тумен қоқыс тасығандар қатаң сөгіспен һәм 198 мың айыппұлмен құтылып жатқанда балконына қастерлеп ілген азамат 400 мың теңгесінен қағылған еді.
Ту – қай заманда да қасиетті дүние. Ол ұлттық намыс, мемлекеттік нышан. Тудың биік тұрғаны халық абройының символы. Сондықтан да, бүгінгі жағдайды құзіретті органдар тексеріп, кінәлілердің жазасын беруі керек. Ол жаза шынайы патриот Жандос Құрманбаевтың жазасынан ауыр болмағы ләзім.