Елімізде пәтер иелері кооперативі мүлдем жойылмақ
2018 ж. 12 қазан
2544
1
Қазақстанда пәтер иелері кооперативі алынып тасталуы мүмкін. Оның орнына мүлік иегерлерінің бірлестігі құрылады, деп хабарлайды КТК.
Тұрғын үйлерге көрсетілетін қызмет түрі осылай өзгермек. Алайда бұған кооператив қызметкерлері қарсылық танытып отыр.
Пәтер иелері кооперативінің жұмысына көп тұрғынның көңілі толмайды. Шағым көп түскен. Жөндеу жұмысынан бастап тазалықтың дұрыс сақталмайтыны айтылып келеді.
“Мысалы бізде 19 қабатты үй. Қаншама подезд, қаншама пәтер бар. Ал ақша қайда? білмейміз. Ол жөндеу мен әкетеп-сырлауға жұмсалуы керек қой”, – дейді Астана таласының тұрғыны Светлана Иманбаева.
Сондықтан бұл істі басқарушы компания қолына алмақ. Бұл туралы заң жобасы мәжілісте таныстырылды. Ол бойынша, жаңадан құрылатын бірлестік бір ғана үйге қызмет көрсетеді.
“Мынау кооперативтер жинап жатқан ақшаның қайда екенін ешкім білмейді. Негізі оны бір жерде жинап, сол ақшаға жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады. Сол механизмдерді қазір қарап жатырмыз. Оны қолдайтын болса, мына 1-3 жылдың ішінде көптеген үйлер жөнделіп қалады”, – дейді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.
Жаңа сервистік компаниялар ақшаның қайда жұмсалғаны жайлы есеп береді. Тұрғындар ұялы телефон арқылы бақылап, дауыс беру жұмыстарын жүргізе алады.
“Керісінше, кооперативтің жұмысын жетілдіру керек. Өйткені, бұл ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жүйе. Енді оны өзгерту ақылға қонбайды. Оның үстіне біздің жұмысымыз ашық. Үш ай сайын жазбаша есеп дайындаймыз. Бірақ, тұрғындардың өздері оны керек қылмайды”, – дейді Пәтер иелері кооперативінің төрайымы Элмира Николаенко.
Бұл заң тек жоба түрінде. Әлі де талқылану үстінде. Шенеуніктер әр қала тұрғынадары төлеуі тиіс тарифтердік бекітпек.