Қадірлі Ғалымқайыр Мұтанұлы!

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ректоры Ғ.М.Мұтанов мырзаға 2011 жылдың 2-қазаны күні сағат 11-де, Сары-Арқа кинотеатрының маңындағы алаңда, Алматы қалалық әкімшілігінің рұхсатымен, дәстүрлі «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясы өткізіледі. (Әкімшіліктің рұхсат қағазының көшірмесін жолдап отырмыз). Өткен жылы қалалық әкімшіліктің жасырын тапсырмасына орай жоғарғы және арнаулы оқу орындары елдік, ұлттық мүддеге сатқындық жасап, жатақханаларға ұстаздардан арнайы күзетші қойып және «кім де кім «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына қатысса, сол студент оқудан босатылады» деген әңгіме аясында қатаң жұмыс жүргізілді. (Бірнеше баспасөзде жарық көрген менің «Ұлтын сатқан ұстаздар» атты өлеңім осы оқиғаға арналып еді.) Қалалық әкімшілік бізді биылғы жылы ешқандай жасырын тапсырма бермейтініне сендірді. Егер білім ордаларының басшылары тіл мүддесін дамытуға қорқақтық, рухани сатқындық жасап, өз тарапынан жасырын тапсырма берсе, ол басшының есімі «Мемлекеттік тілге қарсы жұмыс жасаушылардың» тізіміне ендіріліп, баспасөзде, ғаламторда бүкілхалықтық талқылауға түседі. Мемлекеттік тілге қарсы үн көтеремін деп, қартайған шағында беделі бес тиынға дейін құлдыраған Бибігүл Төлегенованың күйін кешуі әбден мүмкін. Бұл бейбіт, мемлекеттік тіл мүддесі төңірегінде өтетін рухани жиынға туған тілінің, ұлтының тағдырына жаны ауыратын әрбір басшы өз жеткіншектерін өзі бастап келсе несі айып? (Оқу орындарындағы жағдайды арнайы бақылайтын қоғамдық топ құрылды.) Мұны ескертуді азаматтық борышым деп санадым. Егер осыдан үш жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасындағы, түпкі бастауын «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлтты» біздер, қоғамдық күштер, бірлесе қарсы шығып, доктринадан алдырып тастама-ғанымызда, бәріміз тұтас бір ұлтқа айналып, «мен қазақпын», «мен ұйғырмын», «мен өзбекпін» десеңіз жауапқа тартылып, бірте-бірте республикамыздағы өзге этностар тіліндегі оқу ошақтарымен қатар, қазақ мектептері, қазақ тілді оқу орындары жұмысын доғарар еді. Сонда мынадай қызметте сіздің де салтанат құруыңыз неғайбыл болатын. Мұны ескерту себебім, ел мүддесін көздеген қоғамдық, рухани күштерге үрке қарамаған жөн.

Құрметпен, Мұхтар Шаханов, Республикалық «Мемлекеттік тіл» және «Тәуелсіздікті қорғау» қоғамдық қозғалыстарының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы PS. Осы мазмұндас хаттар Алматы қаласындағы жоғарғы және арнаулы оқу орындарының басшыларына жіберілді. Енді кімнің кім екенін уақыт көрсетеді.