Ұйғырларлар қазақ жер-су атауларын неге жекешелендіре бастады?
2018 ж. 09 қазан
8587
0
Соңғы жылдары жер-су атауларымен белгілі тарихи тұлғаларға, ру-ұлыстар мен ұлттық ерекшеліктерге байланысты ат-атаулар жөнінде бір-біріне мүлде қарама-қарсы әрі ғылымыи ұғым-түсініктер мен талаптарға жауап бере алмайтын ауажайылулар белең алып, жұртты шатастыра бастады. Ал, кейбір жағдайларда жершілдікпен тар ұлтшылдыққа бейім саяси қателіктер де бой көрсетіп жатады.
Бұл ретте менің қолыма қалам алғызған себептің бірі «Ұйғыр авази» газетінің 2018 жылдың 19 апрелінде жарияланған Абдуллажан Самсақовтың «Ұйғырчэ йер-су намлери һаққидә» деген мақаласында айтылған ой-топшылаулары мен сыңаржақ болжалдары болатын.
Автор өз мақаласында баспасөз этикасын сақтап: «...Газет оқырмандары назарына ұсынылған топонимдермен гидронимдер зерттеулерімнің жеке бөлімдері болып, оларды бұлжымастай айқындалған, жоққа шығаруға мүлде болмайтын атаулар деуден аулақпын. Құрметті газетшілер осы мақаламды газеттеріңізде жариялау арқылы сіздердің де ой-пікірлеріңізді ортаға салуларыңызды үміт етемін», - деген тілегін ескеріп өз ойымды білдіргім келді.
Баршаға белгілі болғанындай, жер-су атаулары мен елді мекен атаулары отаршыл империялар қасиетті түркі жұртына сұғынып кірмей тұрғанда ғасырлар бойы өзгеріссіз, мән-мағынасымен ұрпаққа мұра ретінде сақталып келген болатын.
Топонимикалық және ономастикалық атауларды өктемдікпен саясиландыруды әсіресе моңғол жортуылы мен араб, парсы, орыс, қытай империяларының шапқыншылықтарынан кейін басталды. Әсілі түрік халықтары әсіресе табиғат құшағында өмір сүрген қазақ халқы жер-су атауларын тек табиғаттың өз жаратылысы бойынша атап келгені белгілі.
Абдуллажан Самсақов «Ұйғыр жер-су атаулары» деп айдар таққан көптеген топонимдерге фонотикалық, лингвистикалық талдау жасар болсақ, онда ғылымилықтарынан гөрі көңіл-күй, өзіне бұра тарту ындыны анық байқалады. Дәстүр жалғастылығын қолмен үзіп-жұлу кемел ойлылыққа жатпайды. Тілші ғалымдар мен түркологтар түрік халықтары тілін «жокающий және иокающий» деп жіктейді. Егер де осындағы «ж» мен «и» дыбыстарының орнын ауыстыра қойсаң әлгі тілдік айырма дегеніңіз, әсіресе мың жылдық байырғы түбір сөздердің айтылуы мен қолданысында пәлендей өзгеріс жоқ екеніне көзіңіз жетеді. Оның нақты мысалын М.Қашқаридың «Түрік сөздігі мен Ж.Баласағұнидың «Құтты білігінен» молынан таба аламыз.
Мен ежелгі түркілер тарихын зерттеу барысында аталмыш қазыналы жәдігерлерді әлденеше рет ақтарыстырып зерделей келе Х-ХІІ ғасырлардағы түрік тілі дегеніміздің бүгінгі қазақ тіліндегі түбір сөздері мен 70-80 процент бірдей екеніне көзім жетті. Егер Абдуллажан сияқты тіл тарихымен айналысқысы келген адамдар ғылымға, тарихқа адал болуды қаласа түрік халықтары, соның ішінде бай дәстүрі бар ұйғыр халқының үш мың жылдан бергі ата-мекенін, көші-қон барысын былайша айтқанда қайдан қайда келіп орныққанын білуге әрі басқаларға білгізуге міндетті болар еді.
Абдуллажан (ол бір ғана адам емес екенін белгілі) аталмыш мақаласында өзінің «қорытынды шығарар алдында «түркий тилар дивани» мен ұйғур тилиниң изиһлық луғитиилни» пайдаланып отырғанын жазады. Алайда, мысалға алған топонимдердің мағынасын аталған сөздіктердегі түсіндірмелерді елемей, өзінше, бүгінгі ұйғыр сөйлеу тілі мәнеріне ойыса кетеді.
Аталмыш қастерлі «Түрік тілі» сөздігінде ұйғырларды өзі бастан-аяқ аралап шыққан күллі түрік ру-тайпаларынан бөлектей «ұйғыр Бес шаһарлы бір елдің аты» дей келе «...Ол елдің тұрғындары кәпірлер мен үздік мерген атқыштар. ...Оқты алдыға қарай қалай атса арқасына қарай да сондай шеберлікпен ататын еді» (142-143 б.), - деп жазғанына қарағанда М.Қашқари өмір сүрген заманда ұйғырлар Тәңіртаудың батысы мен Жетісу өңіріне аяқ баспағаны анық көрініп тұр. Бұл сөзімізге дәлел ретінде қосымшалап айтарымыз «Түрік сөздігінің» 1-том, 402 бетінде М.Қашқари «Сел секілді ақтық, қалаларын шаптық, бұтхана үйін жықтық, Бурханына тыштық» деген өлең жолдарына берген анықтамасында «ұйғырға қарсы соғысты дәріптейді» дегенді ескертеміз. Аталмыш сөздіктің 3 –том, 318 бетінде (Кеме ішіне отырып, Іле суын кештік біз) деген жолдарды да назардан тыс қалдыра алмаймыз.
А.Самсақов 1072-1078 жылдар аралығында жазылған делінетін «Түрік сөздігіне» жүгінгенін айтқанда басқаны қойып «Шелек – Челек» топонимінің - Құлжа жолында, «Челэк» дариясының сол жағалауына орналасқан Иза, «Челэк» сол жерде көп өсетін чиғ (ши) өсімдігіне байланысты пайда болған десек, қателеспейміз. Ши – шашақты өсімдік болып, ол негізінен өзен жағалауларында өседі. ... чилик-чиғлық сөзінің өзгерісі болып, ұйғырша «ши көп өсетін жер» деген мағынаны білдіреді. ...Енді Іле өңіріндегі үлкен елді мекеннің ұйғырша «челек», қазақша «шелек», (русча ведро) деп аталып жүруі сол өңірдің табиғатына мүлде сай келмейді» - деп тоқтайды.
Ал, 1985 жылы «Ұлттар баспасынан» Мөмін Абдолланың «Түрікше-ұйғырша лоғатының» 186 бетінде «Cilek - бүлдірген» десе, 1977 жылы Москвада шыққан «Түрікше-орысша сөздіктің» 186 бетінде «CiIek –землиеника-клубника» деп нақтыланған. Сонда бүгінгі қолданыстағы «шелектің» чиғ-шиге» қандай қатысы барлығына қай дерек көзіне жүгінді екен? Ши – өзеннің бойында ғана өседі дегенге кім сенеді. Ши – жер асты суы жақын кез-келген далада өсетіні, ол бүлдірген мағынасын беретін ежелгі түріктің челек атымен аталатын жеміс-жидек тұқымдас бүлдіргеннің тек су бойында, шілікті, қамысты жерде өсетіні кімге түсініксіз болғанына аң-таң болдық. Сөз болып отырған өсімдіктің бұдан мыңдаған жылдар бұрын, ұйғырлар сонау Орхон-Селеңге бойында өмір сүрген заманынан түркілерге мәлім екенін ескертеміз.
Қара жотаны «карииота» дегеннен «кетпенді – кетмен» т.б. дегеннен ол сөздер ұйғыршаланып кете қоймас. А.Самсақовтың келесі бір ойжотасы «Шонжы» атауынан көрінеді. Автор ол туралы былай көсіледі:
Чонжа Ұйғыр ауданының орталығы. «Чонжа» топонимінің пайда болуы жөнінде екі түрлі көзқарас бар. 1. Чонжа ұйғырша сөз болып, «Чоңжай» дегенді білдіреді, - дей келіп авторымыз, біресе «шоңжай – үлкен орын» десе, бірде «төрт жағынан жел есіп тұратын, үсті жабық, жүзім құрғатып кептіретін орын десе, бірде «төрт жағынан жел соғып тұратын маһалланың атауы деп құбылтса, енді бірде, «төрт жолдың торабына орналасқан мекен» деп оған Шығыс Түркістан мен Қазақстандағы «Шонжыларды» мысал қылады.
Біздің де білуімізше Үрімжінің шығыс солтүстігінде қазақтар шоғырланған Шонжы ауданы және Іле Қазақ облысының Нылқы ауданына қарасты Шонжы елді мекені де бар. Бұл елді мекендердің орналасуы мен жер жағдайы А.Сакмсақ келтірген анықтамаларға келе бермейді.
Оның үстіне Жетісу, Іле өңірі ғана емес, күллі Орталық Азиядағы жер-су атауларының қалыптасуының тарихи қатпарлары әлденеше қабатты екені зерттеушілер назарынан сырт қалмауы керек. Ғұлама М.Қашқари қаламына іліккен топонимикалық, ономостикалық атауларды айрықша атай отырып, ол заманда сол өңірде қандай ру-ұлыс, қандай халық өмір сүрген еді дегенді естен шығару тарихи білімімізбен азаматтық һәм имани қадір-қасиетімізге де сын боларын ұмытпауға тиіспіз. Орталық Азия тарихы, бізге мынаны естен шығармауды аманаттайды:
1. Арғы тарихты айтпағанда, эрамыздың 840 жылына дейінгі Көк түрік одан кейінгі Түркеш, Қарлұқ-Қарахан мемлекеттері тұсында ұйғырлар Орхон-Селеңге бойынан Тұрпан-Құмыл-Бесбалық өңірінен Батысқа қарай қоныстанбағанын М.Қашқар сөздігінде әлденеше рет нақтылай дәлелдеп жазған болатын. Сондықтан ол заманда аты бар елді мекендермен тау өзендерден ұйғыр атауларын іздеу бос әурешілік болмақ. Ал, Қазақстан мен Шығыс Түркістан, Тәжікстан мен Мауеренақырды 80 жыл билеп-төстеген қара қытай (Лиау 1132-1212) хандығы тұсынан қалған топонимикалық атаулар жөнінде бір нәрсе айта алмаймыз.
2. Әлемді жаулаушы Шыңғыс қаған мен оның төрт ұлы билеген Моңғол ұлыстық билігі дәуірінен былай қарай және қазақ хандығы тұсында қалыптаса бастаған топонимикалық атаулардан да ұйғырға меншіктеп айта қояр атауларды кезіктіре алмаймыз. Керісінше топонимдер мен ономастикалық атаулардың моңғолдасу дәуірі басталғанын білеміз. Оған мысал ретінде келтірер жер-су елді мекен, мансап, шен атаулары жеткілікті.
3. Жоңғар мемлекеті немесе Жоңғар хандығы (1635-1758) батыс моңғол тайпаларының, нақтылап айтқанда Ойраттардың саяси бірлестігі (Дорбіт, Шорос, Торғауыттардың) болатын. Ол Шыңғыс қаған империясы әскерінің сол қанатына негіз болды. Моңғолдың «зюнгар» яғни сол қанат – сол қол деген сөзінен жоңғар-жоңғария атауы пайда болған. Ойрат бірлестігіне кірген тайпалар Батыс Моңғолия мен Жоңғария далаларын мекендеп келген. 1635-1653 жылдар аралығында құрылған Жоңғар хандығы Қазақ хандығы жеріне үш дүркін жойқын шабуыл жасаған. Ондай шабуылдар 1681-86 жылдар аралығында, ал, 1711-12, 1714, 1718, 1723-25, 1742 жылдардағы сұрапыл соғыстар салдарынан қазақ ру-тайпалары солтүстік батысқа және Сырдария өңіріне ауа көшіп, ақтабан шұбырындыға ұшырағаны, олардың ата-мекенін ғасырға жуық жоңғар-моңғолдар иеленіп, жер-су, елді мекен атауларын моңғолдастырып жібергені, бұл күндері ешкімге белгісіз емес болар.
Біз бұларды неге тәптіштеп жазып отырмыз? 1756-1758 жылдары манжур қытайлардың жойқын шабуылы арқылы жер бетінен жоқ қылынған (миллион моңғолды қылыштан өткізген) ойраттар мен қазақтар да ғасырға жуық қанды соғыстар арқылы бүгінгі Қазақ мемлекетінің Шығыс шекарасынан қуып тастағаны тарихи шындық. Қазақ батырларының сүйегі шашылып жатқан қасиетті қазақ жерін қорғауға қазақтан басқа қай халық, атап айтқанда тараншы-ұйғырлардың қай батырының моласын көрсете алар екен?
Нақтылап айтқанда, А.Самсақов сияқты ағайындар осынау қанды тарихты, миллиондап құрбандықтар берген Жетісу мен Сыр бойындағы үш жүздің ержүрек батырларының аруағына шет болмағанын қалар едік.
Бұл күндері Ұйғыр атауы аталған Шонжы елді мекенін ұйғырша екенін дәлелдеуге тырысқан А.Самсақовтың ойжоталары тарихи һәм ғылыми жөн-жобаға мүлде үйлеспейді. Шонжы атауы Жетісуға ұйғыр тараншылар келуден әлде қайда бұрын пайда болған. Шыңғыс қаған тақ мұрагерлері салғызып әскери, әрі сауда жолының амандығын бақылайтын (бекет, өртең - Ленгер-Шонжы аталған) тоғыз жолдың торабындағы бекіністің соңғы топонимикалық атауы «Шонжы» ретінде бізге жетіп отыр.
«Шонжы» атауының нақты мағынасын арнайы зерттеген белгілі түрік-моңғолтанушы, моңғол тілін жетік білетін ғалым Нәпіл Базылхан былай зерделейді.
«Қазіргі моңғол тілінде: Conji > Чонжы, Цонж түрінде кездеседі. Қазақ тілінде «Шонжы» тұлғасында топоним ретінде кездеседі.
Моңғол тіліндегі «Чонжы-Цонж» сөзінің мағынасы:
1. Алысты қарауылдайтын биік жартас.
2. (Ауыспалы) Шекара аумақтарды қорғаушы қорған, бекініс.
3. Биік жартас. «Моңғол тілінің түсіндірме сөздігі». Ұлан баатар, 1966. 790-б. және Моңғол тілнің түбір сөздер сөздігі» Koke gota, 2261-б.
Кез-келген ғылыми зерттеу жұмысына қойылар қатаң академиялық талап деген болады. Ол, талдап, қарастырып отырған тақырыпқа байланысты тұжырымдар, бұл арада топонимикалық атаулардың мағынасы, сөзсіз әр түрлі сөздіктер мен тарихи жазба деректерге негізделуі, қияли (мен солай ойлаймын емес), шалықтаулардан аулақ болуды талап ететінін тағы бір қайталауға тура келеді.
Бұдан сырт «Шонжы» атауы жөнінде арнайы зерттеу жүргізген тарихшы, қытайтанушы ғалым Жанымхан Ошанның шығарған қорытынды пікіріне де назар аударуды ұсынар едік. Ғалым былай дейді: «Шонжы» (бекініс, бекет, қарауылшылар мекені) атауы 1750 жылдардан көп бұрын пайда болған. Ал, қытайлардың 1755-1758 жылдар аралығында жоңғарларға күйрете соққы беріп, мемлекеттілігін жойғаннан кейін 1767 жылы Абылай мен Цин империясының келісімдері негізінде Іле аймағы қазақтарға берілгені жөнінде де нақты құжаттық деректер бар. Сондықтан «Шонжы» топонимиіне ұйғыр тіліндегі ешбір мағынасы жоқ анықтамалар беруге ұрыну бекер әурешілік».
Енді архив материалдарындағы дерек көздеріне сүйене отырып Жетісу өңіріне ілелік тараншылардың қалай қоныс аударғаны туралы мәліметтерге жүгінелік:
Тарихтан белгілі болғанындай 1871-1881 жылдар аралығында Іле аймағы патшалық Ресейдің қоластында болды.
1881 жылы 12 ақпанда Қытай мен Ресей арасында «Петербург шартына» қол қойылды. Шарттағы 17 баптың алғашқылары келісімнің мәнін жан-жақты ашып көрсетті.
Шарттың 3-бабында «Іле аймағының тұрғындарына Қытай қоластындағы мекендерде қалу немесе Ресей жерлеріне көшіп, Ресей азаматтығын қабылдау ұсынылады» делінген. Ұйғырлар мен дүңгендерді Жетісуға қоныстандыру арқылы, оны жергілікті халықтың ұлт-азаттық көтерілісіне қарсы қолшоқпар ретінде пайдалануды көздеді. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып қоныс аударғандарды Шелек және Іле өзенінің аралығына орналастыру туралы шешім қабылдады. Ұйғырлар мен дүңгендердің Жетісуға қоныс аударуы 1881-1883 жылдар аралығында жүзеге асырылып 1884 жылдың басында 9 572 ұйғыр отбасы қоныс аударды, оның 24 682 ер адам болса, 20 745 әйелдер еді. Барлығы 45 373 адам болды. Сол жылдары Қазақстанға барлығы 5 055 дүнген қоныс аударған. Сөйтіп, қазіргі Алматы облысының аумағында алты ұйғыр болысы құрылды. Ұйғырлар негізінен егін шаруашылығына қолайлы Шелек, Талғар, Үсек (Өзек) Шарын өзендерінің бойына қоныстанды.
Қоныстанушылардан жаңадан 5 болыс: Жаркент, Ақсу-Шарын (қазіргі Ұйғыр ауданы), Малыбай (Шелек ауданында), Қарасу (Еңбекші қазақ ауданында), Кетпен болыстары құрылды. Жаңа құрылған болыстардың басшысы болып бұрынғы Іле аймағында болған басшылар тағайындалды. 1897 жылы Қазақстанда 56 мың ұйғыр, 14 мың дүнген болса, 1907 жылы ұйғырлар 64 мыңға, дүнгендер 20 мың адамға жетті.
Ұйғырлардың Іледегі кезінде басшылары болғандарды мансапқа қоюында да мән бар болатын.
Іленің қытайларға қайтарылатыны анық болғанда ондағы жергілікті халық үрей астында қалды. Жүздеген ел ағалары қол қойған арыздарын Ресейдің қатын патшасына жолдап былай деп зарланды: «...Жүз жылдан астам уақыт бойы біздің ата-бабаларымыздың тілі жоқ құл және көлік ретінде пайдаланылатын мал ретінде небір сұмдықты бастан кешірді... Міне, соңғы жеті жылда ғана тыныштықта өмір сүріп, жайбарақат тірлікке келіп едік. Аяқ астынан төбеден түскен найзағайдай болған жайсыз хабарды естіп халық есеңгіреп қалды. Біздер орыс патшасының, Құлжаның мұсылман халықтарын өз бодандығына қабылдауын сұраймыз». (Н.Алдабек. «Тарихы талқыға толы Шинжияң». Алматы. 2003, 232-б.)
Жетісуға қоныс аударған ұйғыр, дүнгендердің атынан сөз сөйлей алатын басшылар сол «Арызды» жазғандар болатын.
Адамзат тарихында ұлы қоныс аударулардың әлденеше түрі қайталанып отырушы еді. Қауымдық, ру-тайпалық қоныс аудару, тұтас бір халықтың ұлы қоныс аударулары барысында, жаңа мекенге келген халықтар өздерінің байырғы ата-мекендеріне деген сағынышы мен сүйіспеншілігінің естелігі ретінде жер-су елді мекендерге солардың атын беріп отырғанына тарих куә. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан мен Арқадан Түркияға қоныс аударған қаңлылар мен арғын-наймандар Түркияның оңтүстігіндегі байырғы византиялық топонимдерді өзгертіп, Келес, Қызыл өзен, Ұлы тау, Қара тау т.б. деп атады. Сол сияқты Манжур-Қытай отаршылдары Алты шаһардағы Шаруалар көтерілісін аяусыз жаныштағаннан кейін Оңтүстіктегі Ақсу, Үштұрпан, Жаркенттік ұйғырларды зорлықпен жер аударып Іле өңіріне айдап әкелді де, оларды жүз-жүз үйден әр жерге қоныстандырып, қатаң бақылау астында тары, жүгері, арпа-бидай еккізіп қытай әскері мен чиновниктерін астықпен қамтамасыз етті.
Уақыт өте келе шағын елді мекендер пайда болып, оларды өздері келген ата мекеніндегі атаулармен атауды әдетке айналдырды. Іле өңіріндегі Тұрпан иүзі, Кепек иүзі, Йелюз, Құдиярюз, Молтұқюз, Мәметюз, Тоқұшюз қатарлы топонимдер орнығып күні бүгінге дейін қолданылып келеді. Ілелік ұйғыр-тараншылар Жетісуға қоныс аударған тұста пайда болған кейбір елді мекендердің тарихына мән бермей мыңдаған, жүздеген жылдық топонимдерден ұйғырша мағына іздеп шаршаудың қай қисынға жататыны түсініксіз. Топонимдер мен ономастикалық атаулар қай ұлтқа, қай елге тән екенін анықтағысы келген адам, алдымен сол халық, сол өңірге қашан келіп орналасқан екен дейтін қарапайым сұраққа жауап іздеуі керек емес пе? Сол сияқты ұйғыр, дүнгендер ғана емес. Моңғолдар, қара қытайлар, араб, парсылар мен тәжіктер (сарттар) де, кеше ғана жерімізге баса көктеп келген казактар мен қара шекпенділер, ақ орыстар мен қызыл орыстар жер-су атауларымызды астан-кестен етіп өзгертіп жіберген жоқ па? Бір ғана В.И.Ленин атында Қазақстанда 700 елді мекен болғаны кеше ғана емес пе еді? Қаптаған «овкалар мен ский, пискилер» атындағы елді мекен атаулардың мағынасын қазбалап, жер-су, елді мекендерді сол халықтардың жері еді деп сандырақтасақ ономастика мен топонимика ғылымдарында не қасиет, не мән қалар еді?
Біз сондықтан да А.Самсақов тізбелеген ұйғырша топонимдер дегендерді бір-бірлеп, түп-тұқияндата талдап жатудың ешбір қажеті жоқ деп есептедік. Егер қазбалап, таңбалай берсек Самсақ аканың баласына тиесілі ешнәрсе қалмасына кәміл сенеміз.
Сөз соңында, арнайы тәптіштеп айтар бір қанша мәселе жөнінде тоқталғым келеді.
Отан тарихына адал қызмет етейік. Не жазсақ та өмір сүріп отырған Отанға, кеше ғана Тәуелсіздікке қол жеткізіп, тәй-тәй басқан Қазақстанның абырой-атағын асқақтатуға қызмет ететін болсын. Қазақстанды мекендеген пәленбай ұлттар мен этникалық топтардың байырғы отандары бар, қажет десе кез-келген уақытта, кез-келген елге, отанына кете алады. Ал, миллиард қытай айдың күннің аманында (тарихты айтпағанда) азғантай ұйғыр, қазақ, дүнгендерді, былайша айтқанда мұсылмандарды аяусыз жаныштап тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен жұрдай етуге құтырына кірісіп жатқанын көріп-біліп отырып қайдағы бір «Ұйғыр державасы, ұйғыр жер-су атаулары, ұйғыр автономиясы» жөнінде тыраштанып жер иесі қазақтармен үзеңгі қағыстырғандай болу кімге керек еді.
Осы арада, Қытайдың жымысқы саясатына саналы, санасыз түрде қызмет етіп келе жатқан бір шайтани топ бар ма деген қауіп, күмән ойға орала береді екен.
Мен ұйғыр халқын, оның бай мәдениеті мен тарихын ерекше сыйлайтын қазақтың бірімін. «Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық дәуірі әдебиеті» (1679-1949)дейтін монографияның және ондаған көлемді ғылыми зерттеу мақалаларының авторымын. Саналы ғұмырым, әсіресе жастық шағымды Шығыс Түркістанның Тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған адаммын.
Мені ешкім де ұйғыр халқының жауы немесе оларды сыйламайтын ұлтшыл деуге қақысы жоқ. Сондықтан кейбір тарихи білім-білігі жоқ, лап етпе көңіл күймен, ұлттық эгоистік ындынмен қолдан тарих жасағысы келетін жеңіл ойлы ағайындарға айтарым:
Биікке шығып алысқа көз тастауды, әсіресе адамзат үшін аса қатерлі, аса жойқын зардапты ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқанымызды, азғантай мұсылмандарды, азғантай туысқан түрік халықтарын қалай жұтып жоқ қылуды көксеп отырған, әрі оған ашық та, жасырын да кірісіп жатқан қытай, орыс, Америка және сионистік Израйль бастаған жойқын қара күштердің төніп тұрғанын танып-білуіміз керек.
Әккі жауларымыздың «бөлшекте де билей бер» дейтін аранына ұрынып қалмайық.
Ұйғыр ағайындар, ұсақ түйекпен әуреленбей қол ұстасып, ұжымдасып Қазақстанның жарқын болашағы үшін қызмет етейік! Ұйғырлардың болашағы қазақтың болашағынан басқаша болуы мүмкін емес.
Әлімғазы Дәулетхан, Тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz