МАМАШЕВ «ҰРҒАНЫМ БАР» ДЕГЕН СӨЗІ ҮШІН КЕШІРІМ СҰРАДЫ

мамшев

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев«ұрғаным бар» деген сөзі үшін оралмандардан кешірім сұрады. Естеріңізде болса 6 қыркүек күні Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында «Этникалық көші-қон: құрылтай шешімдері және жаңа заң» атты дөңгелек үстел өткен болатын. Сол отырыста Т.Мамашев: «Егер нақты ұсыныстарың болса, құдайға шүкір есігіміз ашық. Ал жөні жоқ ана жерге барып, мына жерге барып, телеарналарды айналып, журналистерді жағалап, біздің төңірегімізге су құйып жүрген ағайындар да бар. Біз оның бәрін білеміз. Мен әрі-беріден соң, қазақша айтқанда, ұрғаным бар. Турасын айтайын: әр нәрсенің орны бар. Сыйлап жүрміз бе – сыйластықпен жүріңдер адам сияқты. Ал жөні жоқ есіріп, құтырғанды қою керек» деген еді. Дәл, осы сөзі оралман бауырларымызға қанжардай қадалды. Бүкіл әлемдегі қазақтардың басын қосатын азаматымызды сөзі осы болса, қалғаны қайда барсын? Қойшы, не дерсің? Арада айға жуық уақыт өткенде ғана сөзінің дұрыс емес екендігі есіне түскен Мамашев мырза арнайы баспасөз міслихатын өткізіп, кешірім сұрады. Оның айтуынша бұл сөз бүкіл елге емес, «нақты адамдарға» бағытталып айтылған екен. – ... Әркім қазақтың сөзін өз деңгейіне қарай түсінеді. «Ұрғаным бар» деген сөз «сендердің у-шуларыңды, арыздарыңды, жала-өтіріктеріңді құлаққа ілмеймін, сендерге дауа жоқ» деген мағынада айтылған. Шу көтеріп, өре түрегелетіндей ештеңе де жоқ. Бүкіл оралман ағайындарға емес, сол жиналыста отырған мына Аут деген ағайын, Рақым деген ағайын - соларға қаратып айттым, – деді Талғат Мамашев. Тарыдай шашылып, енді қашан жиналамыз дегенде, мынандай сөз естіген қандастарымыз елге оралмақ түгілі, ондай ойдан ат тондарын ала қашары хақ. Өкінішті. Мамашевтың кешірімін бауырларымыз қабыл алар. Олай болмаған жағдайда шынында да елге ораламын деушілер саны азаяры анық... Ал Рақым, Ауттардың ойла­ғандары - оралман қамы екенін Мамашев мырза ның қаперіне кірер ме екен...  

Гүлнүр ДОСБОЛ