Мәңгүртстан

Ақтан ТӨКІШ (Жалғасы. Басы өткен санда) мангурт «Үй» деген нәрсе менде болмағаны қанша заман. Содан болса керек, бұл екі бөлме маған ерекше үлкен әрі әдемі болып көрінді, іші тап-таза, қажет деген дүниелердің бәрі бар: жиһаз, телевизор, телефон, көрпе-төсек, бәрімен жабдықталған ас үй. Кешкі сағат 7-е асханаға түстім. Тезірек біреумен танысып сөйлесуге асығып келемін. Әрине, өз қатарымнан болса жақсы болар еді. Ол жағынан мазасызданудың еш қажеті жоқ екен. Жас жағынан қатарлар ғана емес, колониядан босанғандар да бар екен. Кейін осы жәйттар есіме түскенде, не себептен мен сияқтыларды өз пікірлестерімен бір шаңырақтың астына жиған деген ой біраз ойлантты. Менің «жаңа адам» екенім бірден көрініп тұрса керек, үстел басында отырған үш ер кісі қастарына шақырды. Бүгін ғана бостандыққа шыққанымды естіген олар, өздерінің жағынан маған қажетті көмек көрсетуге, білгім келетін сұрақтарға жауаптары дайын екенін айтып жатыр. Бұл кісілердің босанғанына біраз уақыт болыпты (алды екі, арты бір жыл), елдегі жағдаймен танысып үлгіріпті. Ондаған жыл бұл өмірден оқшау болған адам үшін жаңа ортаға бейімделудің қаншалықты қиын екенін түсінетін адамдар. Алдымен өздерін қысқаша таныстырған соң, маған сұрақтарыңды қоя бер деді. Сұрақтарым бірінен соң бірі жапырлай бастағанын көргенде жаппай ішек-сілесі қатып күліп жатыр. Қасымызда жақындау үстелде отырған, себебін түсінгендер жымиып күледі. Атым Мұхтар деп таныстырған бір кісі, бүгін мен ертең бәріміз саған кезекпен Қазақстан жайлы түсіндіру әңгімесін жүргізейік, сосын ғана сенің сұрақтарыңа жауап берген дұрыс болар дегенді айтты. Маған ең бірінші білгім келетін сұрақтарға - елде «не бар», сосын «қалай», «неге», «қайдан пайда болдыға» жауап алу. Кешкі тамақтан соң бәріміз «сұқбаттасу» бөлмесіне барып әрқайсысы бірін бірі толықтыра отырып әңгімені бастадық. Әңгімені бастау оңай емес-ті, бұл кісілер оның оңай еместігін түсінген адамдар, талай рет осындай әңгімелерді жаңадан келгендерге айтып машықтанғандар. Кейбір кездерде олар менің көзқарасыма, әңгіменің маған қалай әсер етіп жатқанына күдікті қауіппен қарағандай көз тастайды. Мүмкін арнайы жіберілген адам болармын. Қаншалықты менімен ашық әңгіме, пікір бөлісуге болатынын анықтағысы келетіндей болып көрінді маған. Олардың бұл мінезінің сырын кейінірек, әңгіме барысында аңғара бастадым. Біздің қасымыздағы журнал үстелінде шағын аптечка және бұрын дәрігер болған Андрейдің «мүмкін бүгінге осы әңгіме жетіп қалар? Жағдайыңыз қалай?» деген сұрақтарынан кейін ғана түсіндім. Осы кеште естіген әңгіме маған ешқандай қисыны жоқ сөздер сияқты болып көрінді. Алғашында, осылар маған күліп, мені ойнатып отыр ма ( жаңа келгендермен ойнау, әзілдеу өмірде жиі кездеседі) деп қателесіп отыр екенмін, естігендерімнің бәрі ақиқатқа толы өмір шындығы екен. Қорқа бастадым. Түрлеріне қарасам, олардың өздері де әлі күнге дейін абдыраған, абыржыған, иықтарын зіл басқандай сезініп жүргендерін байқадым. Сүйтіп менің естігендерім, менің күлкіге теңеп жүргендерім бізді опық жегізетін, опат қылатын жағадайға апаруы мүмкін нәрселер екен. III Алғашқы таныстыру әңгімесі менің алдыма Қазақстанның картасын жайып қоюдан басталды. Оны «Қазақстанмен қысқаша таныстыру» деген тақырыппен атаса да болады. - Таныстыруды ұзаққа созбас үшін саған елдің жалпы сипаттамасын айтып берейін. Майда-шүйдаларды тәптіштей берсек, бұл бітпейтін әңгіме, олар сосын... - деді Мұхтар. Әңгімеміз бес сағатқа созылды. Тыңдап отырмын, бірақ оны естіген сайын денем тітіркеніп, олардың сөздері құлағыма күңгірлеп, ұйқы мен ояу арасындағы жағдайда отырмын. Жаңа ғана танысқан, бұрын танымайтын кісілердің маған осы айтқандары шындыққа жуыспайтын әңгімелер деген ой санамнан кетпей тұрып алды. Бірақ, өзімді өзім ұстап аяғына дейін тыңдауға көндірдім. Бірінші білгенім, Қазақстанның жері 11 елге жалға беріліпті. Олар елге 2015 пен 2020 жылдары аралығында кірген. Бірінші болып қытайлар «кіріпті». Олар Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарын жалға алған, қазір бұл аймақ «Қытай орда» деп аталады. Осы уақыт аралығында бұл аймаққа 7 миллион қытайлықтар келіпті (нақты цифрды ешкім білмейді). Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысатын жұмысшылар, саудагерлер, мекеме қызметкерлері. Айналысатын қызметтері - Қазақстан мен Ресейді арзан тауармен қамтамасыз ету, егістік өнімдерін Қытайға жіберіп тұрады. 20 жыл жалға берілген уақытта ресми дерек бойынша 6 миллион қытайдың баласы дүниеге келіпті. Қазақстанға ең соңғы болып кірген Өзбекстан Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарын жалға алған. Бұл аймақ «Өзбек орда» деп аталады. Бір ерекшелігі сол, жалға алған жерлерге өз адамдарын ең көп кіргізгендер, осы өзбектер мен қытайлар екен.Олар барлық жұмыс салаларына өздерінің топ-менеджерлерін алып келген, жұмыс істеуге қазақстандықтарды жалдайды. Жалға алған бес жыл уақыттан кейін өзбектер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласында Қытаймен бәсекеде олармен теңесіп Азия аймағының кеңістігін тауармен толтыра бастады. Өзбектердің шығарып жатқан өнімдері бүгін қытайлықтардікінен қымбат емес, олар Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина және басқа елдерде сұранысқа ие өнімдерді өсіріп сатып жатыр. Олардың көкөністері мен жемістері бүгін Батыс Европаға да жетті, өтімді, себебі экологиялық тұрғыдан алғанда таза әрі арзан. 3 миллион көшіп келген өзбектер жергілікті халықты ығыстыра бастады. Жапония Павлодар облысына келді. Олар уран кенін өндіруді көздеп келіп еді, енді соған қолын жеткізіп отыр. Уранға байланысты бірнеше халықаралық дау-жанжалға түскен Қазақстан әлемдік державалардың қойған шарттарын қабылдауға мәжбүр болып «таза жұмыс істейтін» жапондарды кіргізді. Бірнеше ірі жапон фирмалары электр приборларын құрастырумен айналысады, өнімдерін көрші елдерге сатады. Маңғыстау облысында - Иран. Бұл келісімдер көптеген елдердің наразылығын тудырды, бірақ одан ештеңе шықпай жалға беру процесі тоқтамай, керісінше Қазақстанның жерлерін жалға беру үдей түсті. Ресей Павлодар облысын өзіне алмақ болып Жапониямен таласта жеңіліп қалған соң, үлесіне Солтүстік Қазақстан облысы тиді, Байқоңырға қожайын болып қалды. Байқоңырды жалға берудің мерзімі 2040 жылда бітеді, енді оған иелік етуге - Қытай, Франция, АҚШ кезекте тұр. Кейінірек Германия Қостанай облысын, Франция - Атырауды, АҚШ - Батыс Қазақстанды алған соң Ресей неміс, француз, американдардың тықсыруын тоқтату мақсатында Ақтөбе облысына «кірді». Сүйтіп, өзінің оңтүстік шекарасын «қауіпсіздендіріп» отыр. Ресей жалға алған жерлерге өз отандастарын шақыруды белсене жүргізіп жатыр. АҚШ Ресеймен шекаралас аймағына 3 әскери базаны орналастырды, француздар мен немістер өз жеріндегі зиянды өндіріс орындарын жалға алған жерлерге көшіріп әкелді. Енді ол аймақтың топырағы, суы, ауасы - барлығы уланған. Бұл жерлердің жарамсыздануы енді бірнеше ондаған жылға созылмақ. Олардың бір ғана айырмашылығы - корейлер мен индустармен салыстырғанда зиянды өндірісте істейтін жергілікті жұмысшыларға еңбекақыны жақсы төлейді. Қырғызстан Жамбыл облысын жалға алды. Олар әскери база салу құрылысына, бірнеше кішігірім аэропорттар салуға қаржы салып оларды сұраныс жасаған елдерге жалға береді. Бұл аймақта Орталық Азиядағы ең жақсы үлгіде салынған халықаралық аэропорт орналасқан. Осыдан түскен пайда мен Қазақстанға төлейтін жалдық пұлының айырмасынан түскен табыстың арқасында қырғыздар өз экономикасын әжептәуір жақсы көтеріп алды. Бірнеше жаңа кәсіпорындар ашып, ол жерлерде алғашқы бес жылда шетелдік мамандар жұмыс істеп, кейін оларды өз адамдарымен ауыстырды. Мата өнеркәсібін дамытты, түскен табысқа туризмді дамытып оны халықаралық деңгейге дейін көтерді. Құрылыс өнеркәсібі жақсы дами бастады, жұмыс қолы жетпей жатқанын байқап, арнайы мемлекеттік бағдарлама жасап шетелдегі қырғыз гастарбайтерлерін елге қайтару жұмысын жүзеге асырды. Аз ғана халқы бар осы кішкентай ғана мемлекет өз халқының тұрмыстық деңгейін шығысевропалық дәрежеге көтерді, білім беру мен денсаулықты қамтамасыз етудің жағдайы Орталық Азиядағы ең тәуір елге айналды. Қарағанды облысының оңтүстігі мен солтүстігін индустар мен корейлер бөліп алды (мемлекеті емес, бізге баяғыдан таныс алпауыт компаниялар). Олар бұрын жабылып қалған ескі рудниктер мен шахталарды (Қоңырат, Саяке, Сарань, Абай, Сәтбаев, Қарсақбай мен Жезді) қайтадан ашты. Қарағанды, Жезқазған, Сарышаған, Ақтау, Мойынты, Қарқаралы, Атасу, Жарыке, Қаражал, Шет, Бектау-Ата шатқалынан жаңадан 27 кен орындарын ашты. Жерімізде қойнауы қазылмаған сау жер қалған жоқ. Еліміздің бар байлығы: көмір, түсті және қара руда, осмий, рений, мыс, алтын, күміс, уран, хром, молибден, гранит, күкірт және басқа байлықтарды жыртқыштық әдіспен сорып жатыр. Жерімізде табылмаған байлық жоқ! Бәрі де асығуда. 49 жылдық жалдық мерзімде олар барынша алып қалуға асығуда. Болжамдар бойынша олар бұл мақсатына 49 жылдан бұрын жетсе керек, себебі қор мөлшері жыл санап азаюда. Киік пен архар түгелімен құрыды. Аймақта адам өлімі көп. Бұл «бәсекеде» Абай, Сәтбаев шахталары, Балқаш атом әлектр стансасы және Балқаш мыс қорыту және цинк комбинаттары алдыңғы орындарда. Осыдан төрт жыл бұрын шахтада болған апат кезінде 537 адам өлімі орын алғаннан кейін жергілікті халық бұл жерден көше бастады. Олардың орнын түріктер мен индустар алды. Бірақ, олар біздің экологияға, жергілікті ауа райының қолайсыздығына бейімделе алмады. Амалсыздан, қайтып келер деген оймен жергілікті кеншілердің жалақысын 3 есеге көтерді. Денсаулығын көп ақшаға айырбастағандар да табылып жатыр. - Сонда бізге на қалды? – дедім шыдамай. - Бұл әңгімені ертеңге қалдырсақ қайтеді? Қазір өте кеш уақыт. - Жігіттер-ау, не деп тұрсыңдар? «Ертеңдерің» не? Мені бұлай қалдырмаңдар! - Жарайды, абыржыма. Бәрін айтамыз, бәрін түсіндіреміз. Сәбит үстелді қоршап отырғандарды көзімен шолып шықты да маған назарын тоқтатып: - Қазақстан негізінен алғанда қазіргі Ақмола облысының аймағында ғана қалған. Ол осыны айтты да, осы айтылғандарды ой елегіңнен өткізіп түсініп ал дегендей үндемей қалды. Мен болсам, қандай ойға тоқтарымды білмей отырмын. Түк түсінбеген күйіммен картаға қараймын, ештеңе көріп тұрған жоқпын. Андрей қолымды ұстап тамырымды басқысы келгендей болды. Қолымды жұлып алып, өзіме өзім келмек болып картадағы елімнен қалған бишара аймаққа көз салдым. Көзімнен үнсіз жас шықты. Мені таңдандырған не дейсіз ғой? Олар осы ұзын кеште жалға берілген облыстарды атап өтті. Сонда мен аңсаған үміт қайда қалды, мен нені аңсадым? Ақсақалдар мені басқа жағына қаншама бұрғысы келгенімен, мен ол әңгімеге дайын болмадым. Аяғыма тас байлағандай болып тұрдым да есікке қарай беттедім. Баратын жағымның жолын ұмытқандаймын. Мұхтар мен Сәбит мені шығарып салуға түрегелді. - Қатты уайымдама. Енді ештеңе істей алмайсың. Біз 20 жылға кеш қалдық. Үйренуге тура келеді, әйтпесе өмір сүре алмайсың. Қаласаң, бүгінгі түн біреуміз қасыңда болайық? - Жоқ, жоқ. Қажет емес. Мен жалғыз болғым келеді. Қоштасарда Сәбит: - Ертең қалаға шығамыз. Жан-жағыңа көз сал, мен қасыңда боламын. - Жоқ, бара алмаймын. Мен оған әлі дайын емеспін. - Тыңдашы, мені. Сен олардың өмірін көруге тиіссің, қорықпа. Күн асқан сайын қалаға шығуың қиындап кетеді. Осы үйдің ауласынан шықпағандар бар бізде. Олар «шығуға» ұзақ дайындалып ақыр соңында шыға алмай қалғандар. - Сәбит, менің естігендерім сендердің айтқандарыңнан ұққаным ғана, менің оған сенбеуге құқым бар. Ал, егер сендердің айтқандарың шын болса қайтемін? Мен сенгім келмейді, сенуге қорқамын! - Сол себептен де сен өз қорқынышыңды жеңіп қалаға шығуға тиіссің. Нағыз өмір шындығын көріп сол өмірде тұрмыс кешу үшін, қиял-арманыңның тұтқыны болып қалмау үшін. Әрекет жасап көр, сосын қалай өмір сүресің, оны өзің шешесің. «Қалай өмір сүруді өзің шешесің». Дәл осылай айтты. Ал, біз өз болашағымызды, қалай өмір сүртінімізді өзіміз шеше аламыз ба? Біз үшін бәрі шешіліп қойылған, бірнеше болашақ ұрпақтың өмірі де шешіліп қойылған. Таңертең ғана бақытты адам едім, бақыттымын деп қуанғаным рас па, осы? Түрмеде бекер өткен жылдарым үшін өз тағдырыма, әділетсіз сотқа барлық өкпемді, ренішімді қалдырып кетіп едім. Мен колониядан шыққанда жаңа туған адамдай сезініп шықтым, мен жаңа өмірді қабылдауға, жаңа өмір сүруге бел байлап шықтым. Неге солай ойлағанымды білмеймін, жаңа өмір мен үшін тек қана бақытты болады, енді тек жақсылық болады деп күттім. Тек қана жақсы өмір, басқаша емес.

Орысшадан аударған Сағат ЖҮСІП (Жалғасы бар)