САҒЫНТАЕВ ІШКІ ІСТЕР САЛАСЫ ЖҰМЫСЫН СЫНҒА АЛДЫ
2018 ж. 28 қыркүйек
2463
0
ҚР Ішкі істер министрлігі ақпараттық тұрғыдан ашық болуы қажет. Бұл туралы Үкіметтің кезекті селекторлық режімдегі отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев саладағы орын алған кемшіліктерге байланысты министр Қ.Қасымов пен департамент басшыларына баса айтты.
«Егер де біз халықтың алдына шығып, жасаған жұмысымыздағы кемшіліктердің негізі халықтың өсуінен, болмаса пәтерлердің көп салынуынан деп айтар болсақ, онда ешкім түсінбейді. Онда, алдын ала жоспарлайық. Мысалы, биыл 12 миллионнан астам текше метр үй салынды делік. Онда Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы тұрғызылатын үй саны 10 пайызға өсті, яғни қылмыстың саны пәленше пайызға өседі деп алдын ала жоспарлайды. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Пәтерді көп салдық, сондықтан, қылмыс көбейді, автокөлікті көп сатып алғандықтан, көлік ұрлығы өршіді деп қарап отыратын болсақ, онда біз не жұмыспен айналысамыз?» – деп атап өтті Үкімет басшысы. Сондықтан, Бақытжан Сағынтаев әкімдерге құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі салааралық комиссия отырыстарын өткізіп, өңірлердегі проблемаларды қарастыруды және қоғамдық қауіпсіздікті айтарлықтай нығайтуға ықпал ететін шараларды қабылдауды тапсырды.
«Ішкі істер министрлігі ақпараттық тұрғыдан ашық болуы қажет. Қылмысқа қарсы күрес, толқыныс тудырған қылмыстарды тергеп-тексеру, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша ІІМ-нің баспасөз орталығында жауапты тұлғалар жүйелі түрде брифинг өткізіп тұруы қажет. Сонымен қатар қоғамдық кеңес жұмысын жандандыруға тиіспіз. Осыны сізге тапсырамын. Келесі жолы бұл сұрақты қайта қарау үшін Үкімет отырысына шығаратын боламыз», – деді премьер-министр Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа.
Жиын барысында Үкімет басшысы 2018 жылдың сегіз айында Атырау облысында аса ауыр қылмыстар – 44, адам өлтіру – 6,7, тонау – 42,9, зорлық жасау – 6,1 және жол-көлік оқиғаларында мерт болғандар саны 43 пайызға артқанын айтты. Сонымен қатар, Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Аян Дүйсенбаевтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, Атырау облысында аса ауыр қылмыстар тек қана 1, 2 және 3 бірлікке ғана өскен. Дегенмен, пайызға шаққанда көп болып көрініп тұр. Мәселен, былтыр 25 адам өлімі, биыл 26 адам өлімі тіркелген.
«Облыс орталығында қылмыстың артуына себеп халық санының өсуі болып отыр. Мәселен, соңғы 5 жылда Атырау қаласының халық саны 100 мың адамға көбейген… Жол-көлік оқиғаларының өсуіне қатысты айтар болсам, Атырауда соңғы 5 жылда көлік саны 96 мыңнан 150 мыңға дейін өсті», – деді ол.
Бақытжан Сағынтаев сала бойынша бос тұрған 10 пайыз вакансия қысқартылып, үнемделген қаражат жалақыны көтеруге жұмсалатындығын атап өтті. Осы орайда «Ал, сіз кадр жетпейді дейсіз. Вакансияны қысқартса қалай жұмыс істейсіз?», – деп сұрады премьер-министр департамент басшысынан.
«Қысқарса, қызметкерлеріміздің жалақысы көбейеді ғой. Жүктеме нормасы шамалы өсетін болар. Істейміз, шамамыз бар, қадағалаймыз. Министрден қандай шешім болады, қолдаймыз», – деп жауап берді ол. Министр мен департамент басшысының бұл сөздері сыныққа айтар сылтау ғана. Халқының саны миллиардтап есептелетін көрші Қытай елінде неге қылмыс бізге қарағанда аз? Себебі ол елде тәртіп бар. Кез-келген заң мүлтіксіз орындалады. Ең бастысы құқық қорғаушылар өздері тәртіп бұзбайды. Ал бізде шенділердің өздері заңды аттап қылмыс жасап жатады. Одан кейін бұл саланың жұмысы қайтып оңалсын.
«Ақша берсе қылмысты тоқтатамыз. Ал айлық бермесе, айлықты көбейтпесе, қылмыспен күреспейміз. Сіздің жауабыңыз тура солай болды. Сіз адам өміріне қызық қарайсыз. Былтыр 25 адам, биыл 26 адам өлген дейсіз. Бір адам болса да ол адамның өмірі, оған жеңіл қарауға болмайды», – деп ескертті Бақытжан Сағынтаев.
Ішкі істер саласының жұмысы көпшіліктің көңілінен шықпай үнемі сынға ілініп келе жатқаны белгілі. Әсіресе, өткенде атақты спортшы Денис Тенді өлтіріп кеткен кезде халықтың ішкі істер министрлігіне деген наразылығын анық байқадық. Шенділердің қимылы қашан ширайды? Сала бойынша оң нәтиже беретін реформа қашан жасалады? Бұл сұрақтың басы әлі де ашық қалып отыр.
qazaquni.kz