Сағынтаев Ішкі істер министрінің жұмысын сынап тастады
2018 ж. 25 қыркүйек
3000
1
ҚР Ішкі істер министрлігі ақпараттық тұрғыдан ашық болуы қажет. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Егерде біз халықтың алдына шығып, жасаған жұмысымыздағы кемшіліктердің негізі халықтың өсуінен, болмаса пәтерлердің көп салынуынан деп айтар болсақ, онда ешкім түсінбейді. Онда, алдын ала жоспарлайық. Мысалы, биыл 12 миллионнан астам текше метр үй салынды делік. Онда Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы (Ішкі істер министрі - авт) тұрғызылатын үй саны 10 пайызға өсті, яғни қылмыстың саны пәленше пайызға өседі деп алдын ала жоспарлайды. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Пәтерді көп салдық, сондықтан қылмыс көбейді, автокөлікті көп сатып алғандықтан көлік ұрлығы өршіді дейтін болсақ, онда біз не жұмыспен айналысамыз?»,- деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сондықтан Бақытжан Сағынтаев әкімдерге құқықбұзушылықтардың профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырыстарын өткізіп, өңірлердегі проблемаларды қарастыруды және қоғамдық қауіпсіздікті айтарлықтай нығайтуға ықпал ететін шараларды қабылдауды тапсырды.
«Ішкі істер министрлігі ақпараттық тұрғыдан ашық болуы қажет. Қылмысқа қарсы күрес, толқыныс тудырған қылмыстарды тергеп-тексеру, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша ІІМ-нің баспасөз орталығында жауапты тұлғалар жүйелі түрде брифинг өткізіп тұруы қажет. Сонымен қатар қоғамдық кеңес жұмысын жандандыруымыз тиіс. Осыны сізге тапсырамын. Келесі жылы бұл сұрақты қайта қарау үшін Үкімет отырысына шығаратын боламыз»,- деді Премьер-Министр Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа қарата.