«Шанхайда» сөмкеден табылған әйел мәйіті: күйеуі жерлеуге қаражат таппаған
2018 ж. 21 қыркүйек
2359
0
Астана қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері әйел мәйітін сөмкеге салып, «Шанхай» базарына тастап кеткен ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
13 қыркүйек күні Астанадағы «Шанхай» базары маңында сөмке ішінен әйел мәйіті табылған еді. Сол күні полиция мәйіттің 26 жастағы Өзбекстан азаматшасы екенін анықтады. Департаменттің хабарлауынша, тергеу барысында тағайындалған сот-медициналық сараптама әйелдің ішкі органдардың туберкулезінен қайтыс болғанын көрсеткен. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында 30 жастағы ер адам ұсталды.
«Өз жауабында ер адам соңғы үш жылда марқұм әйелмен азаматтық некеде тұрғанын, 2 жасар ұлы бар екенін айтты. Әйел ауыр науқастан жалдамалы жатақхана бөлмесінде көз жұмған. Оның Өзбекстан азаматшасы болуынан және жерлеу рәсіміне қаражат болмағандықтан, азаматтық күйеуі мәйітті сөмкеге салып, базар маңына тастап кеткен. Сол күні Астана аумағынан шығып, ізін жасырған», - делінген ресми хабарламада.
Астана полициясы күдікті ер адамды Түркістан облысы аумағынан тапқан.
«Қайтыс болған әйелдің баласына да іздеу салынды. Сәби таныстарының қарауында болған. Бала Астана қаласының кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды», - деп хабарлады Астана ІІД баспасөз қызметі.