Шежірелі Ұлан ауданының 90 жылдық мерейтойы аталып өтеді (ВИДЕО)

Қыркүйектің 21-22 күндері Шығыс Қазақстан облысында Ұлан ауданының 90 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Ұйымдастыру комитетінің хабарлауынша, шара аясында ғылыми-танымдық конференциялар мен спорттық ойындар, шоу бағдарламалар өткізу көзделген.

Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшісі хабарлады.

Қыркүйектің 21-күні Өскемен қаласындағы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінде шежірелі ауданның тарихын зерделеуге арналған ғылыми конференция өтпек. Сол күні Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында Ұлан ауданының 90 жылдығына орай мерекелік кеш өтеді. Кешке елорданың Қ. Қуанышбаев атындағы театр тарландары, Бекболат Байсағатов, Естай Мұқашев секілді өнерпаздар қатысады.

Қыркүйектің 22-күні Өскемен атшабарында аламан бәйге, көкпар, аударыспақ секілді ұлттық спорт түрлерінен дүбірлі сайыстар өткізіледі. Аламан бәйгенің Бас жүлдесіне автокөлік тігілген. Сонымен қатар, Ұлан ауданының даңқты тұлғасы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мелс Нариманов атындағы еркін күрестен республикалық турнирдің ақтық кезеңдері өтеді. Тағы бір атап өтерлігі, алғаш рет Ұлан жерінде регби ойын үлгісі көрсетілмек.

Кешке дүйім жұртқа арналған мерекелік гала концерт өткізіледі. Аталмыш концертке Сейфуллин Жолбарыс, Айгүл Иманбаева, "Алашұлы" тобы секілді белгілі эстрада жұлдыздары қатысады.

[video width="640" height="384" mp4="http://qazaquni.kz/wp-content/uploads/2018/09/2018091411165718.mp4"][/video]