Қазақстан Президенті Түркістан қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Назарбаев: Түркістан – түркі халқының киелі мекені
2018 ж. 12 қыркүйек
5070
0
Жиын барысында Мемлекет басшысына Түркістан қаласын дамытудың жоспары мен перспективалары жөнінде мәлімделіп, облыс орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіруге қатысты тапсырмалардың орындалуы туралы баяндалды.
– Елімізде жаңадан Түркістан облысының пайда болғаны баршаға мәлім. Бұл орынды шешім деп санаймын. Облыс орталығы енді Түркістан қаласына көшеді. Бұл – барлық жағынан да күрделі үдеріс, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Қазақстан халқы үшін де, бүкіл түркі әлемі үшін де Түркістан қаласының тарихи әрі рухани мәні зор екеніне айрықша тоқталды.
– Бұл – түркі халықтарының киелі мекені. Сондықтан мұнда жұрт көп келеді. Бұл жерде көптеген танымал тұлғалар жерленген, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Маминнің Түркістан қаласының аумақтық даму тұжырымдамасы жөніндегі баяндамасы және Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың әкімшілік-аумақтық басқару органдарын жаңа облыс орталығына көшіру барысы жөніндегі баяндамасы тыңдалды. Атап айтқанда, Қазақстан Президентіне инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар салу жоспары, сондай-ақ қаланы энергиямен және сумен қамтамасыз етуге қатысты ұсынылған шешімдер жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді.
Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке және облыс басшылығына бірқатар нақты тапсырма жүктелді.