Елордада 71 жастағы әжей 34-қабатқа тоғыз минутта жүгіріп шықты
2018 ж. 10 қыркүйек
2404
0
300-ден аса елорда тұрғыны мен қонақтары биікті бағындырды. Спортқа жақын жандар Астанадағы «Хайвил» тұрғын үй кешенінің 34-қабатына дейін жүгіріп шықты, - деп хабарлады 24.kz.
Астанадағы ең әйгілі тұрғын үй кешені - «Хайвилдің» отыз төртінші қабатына жаяу жүгіруден жарыс өтті. Желаяқтардың ең кішісі 18 жаста. Ересегі 70-тен асқан. Таң қалмаңыз, 71-дегі спортшы бүгін жастарға үлгі көрсетіп, әйелдер арасында бірінші болып мәрені кесті.
- Жасым 71-де. Жас кезден жүгіремін. Ультрамарафонның ардагерімін. Азды-көпті үлгі болайын деп жүгіріп шықтым, - дейді жеңімпаз Әмегүлсін әже.
Бір қызығы, ерлер арасындағы бұл сайыстың жеңімпазы Нәдір есімжі жас жігіт 34-ші қабатқа 6 минутта жүгіріп шыққан, сонымен қатар, өзі кәсіби спортпен айналысады.
Ұйымдастырушы тараптың айтуынша, жарысқа қатысу үшін төленген қаражат көпбалалы отбасыларға, жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі балалардың еміне бағытталады.