«Ақ жол» депутаттары «7-20-25» бағдарламасының орындалу барысымен танысты
2018 ж. 07 қыркүйек
2408
0
Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелері – «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалыс кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов және Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов Шымкентке арнайы іс-сапармен келіп, аталған бағдарламаның орындалу барысымен танысты.
Республикалық кеңестің өкілдері «7-20-25» бағдарламасы бойынша ашылған «Бірегей ақпарат орталығына» барды. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін көрсетіп, тұрғын үйді сатып алғысы келетіндерге көмектесу үшін ашылған орталық Шымкент әкімдігінің Халықтық кеңсесінде орналасқан.
Мұнда тұрғындардың құжаттарын қабылдайды. Дегенмен, әзірге шаһарда 36 мың адам үй кезегінде тұрса да, небәрі 28 адамның өтініші қабылданған. Осындай төмен көрсеткішке көңілдері толмаған «Ақ жол» парламенттік фракциясының депутаттары жергілікті билік басшыларына көбірек үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, туындаған мәселелерді шешу керектігіне назар аударды.
«Кезекте тұрған 36 мың адаммен байланысқа шығып, оларға тікелей осы бағдарламаның шартын айту қажет. Үйлестіру жұмыстары да бар. Яғни осыны қолға алып кірісуіміз керек», – деп атап өтті Азат Перуашев. Өздеріңізге белгілі, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша тұрғын үйдің шекті құны белгіленген еді. Мәселен, Астана, Алматы, Ақтау және Атырау сияқты қалалар үшін тұрғын үйдің ең жоғары құны – 25 млн. теңге болса, өзге өңірлер үшін 15 млн. теңге.
Осы тұста А. Перуашев аталған бағдарлама бойынша салынған баспананың бағасын 15 млн. теңгемен шектемей, одан да жоғары көтеру жағын ұсынды. «Бұл бағдарлама, біріншіден, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қол созу болып табылады. Екіншіден, Шымкент қаласында негізінен көпбалалы отбасылардың тұратынын ескерсек, олар 1-2 бөлмеден гөрі 3 бөлмелі пәтер алғанды жөн көреді», – деді Мәжіліс депутаты. Сондай-ақ, мәжілісмендер бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті билік пен кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдады.
qazaquni.kz