Сот материалдарынан анықталғандай, кәсіпкер кедергісіз жұмыс істеуі үшін ай сайын Сүлейменовке 10 мың доллар беріп отырған екен. Егер бермесе оның отбасы мүшелерін өлтіремін деп қорқытқан.
«Е.Сүлейменов кәсіпкерге өз қызметін ұсынған, яғни оның отбасы мен бизнесін қорғап, «қамқорлығына» алмақ болған. Алайда, кәсіпкер келіспепті. Кейін, 2009 жылы оған қылмыс әлемінің өзге серкесі келіп, бопсалап, ақша талап етіп, бермеген жағдайда өзін де, отбасын да жайратып салатынын айтқан. Артынша Сүлейменов аталған кәсіпкерге қайта келіп, өз қызметін тағы ұсыныпты. Егер көнбеген жағдайда қызын немесе отбасындағы өзге мүшелердің бірін ұрлап кетуге уәде берген. Кәсіпкер амалсыз Е.Сүлейменовтің дегеніне көніпті», - деді судья үкімді оқымастан бұрын.
Сот анықтағандай, 2009 жылдың 30 желтоқсанынан бастап 2016 жылдың мамыр айына дейінгі аралықта Ерехан Сүлейменов кәсіпкерден 22 миллион теңге қолма-қол ақша алған. Сонымен қатар, ол құрылыс материалдары ретінде 85 миллион теңгенің тауарын заттай алыпты. Бұдан бөлек, Сүлейменовтің талабы бойынша кәсіпкер сауда кешені мен базар салыпты. Өзінің айтуынша, ол салықшылармен проблема болмасы үшін Сүлейменовке тағы 1 миллион доллар (147 млн теңге) санап берген.
«Е.Сүлейменов кәсіпкерден 147 миллион теңге алғанын мойындап отыр. Алған ақшаны ол А.Садықовқа (салық инспекциясы) апарып бергенін айтты. Алайда, Садықов ұсталып, сотталғандықтан өз міндетін орындай алмай, ақшаны қайтарып беруге уәде беріпті, тек ол үшін біршама уақыт сұрап отыр», - делінген сот материалында.
Судья Ерехан Сүлейменовті аса ірі көлемде бопсалағаны үшін және алаяқтығы үшін 11 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, Сүлейменов жәбірленген кәсіпкерге 213 миллион теңге өтемақы төлеуі тиіс.
Еске салайық, Ерехан Сүлейменов атышулы Исмаил Сүлейменовтің әкесі. Исмаил 2016 жылдың тамызында BMW көлігімен жол жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрген бір топ жұмысшыны қағып кеткен болатын. Салдарынан олардың бірі оқиға орнында қайтыс болды. Ал, Исмаил Сүлейменов болса қашып кетіп, ұзақ уақыт бойы ұсталған жоқ. Кейін сот оған рахымшылық танытып, бостандыққа жіберу туралы үкім шығарды.