ҚАЛА БИЛІГІ ӨНЕР ОРДАСЫНА ҚОЛ СҰҚТЫ
2018 ж. 21 тамыз
5066
0
Ойламаған жерден Алматы әкімдігі мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы арасында жер дауы бұрқ ете қалды. Алматы әкімдігі «Қазақфильм» киностудиясына тиесілі 5 жарым гектар жерін өз иелігіне алғалы жатыр. Әй-шайы жоқ басқыншылыққа бей-жай қарай алмаған «Қазақфильм» ұжымы мен кино өнерінің жанашырлары әкімдіктің бұл шұғыл шешіміне бірден қарсы шықты.
Атқамінерлер осы аумаққа «Ethnoland» ұлттық-мәдени кешенін тұрғызамыз деп өздерінше «салмақты» сылтау айтып отыр. Ал киностудия өкілдері бұл – біздегі жерге қатысты заңдарды өрескел бұзу, өнер ошағының отын өшіру дейді. «Қазақфильм» басшылығы белгілі актер, режиссерлер мен өнер адамдарын шақырып, солардың қолдауымен ұжымдық қорғанысқа көшкен сыңайлы. Алып Алматыда басқа жер таппғандай, «Қазақфильмге» келіп соқтыққан атқамінерлердің әрекетін жиналғандар билік тарапынан жасалған әлімжеттікке балап отыр. «Олардың айтуынша, біз құдды бір Астанадан жәрдем сұрап, осы жерді қамқорлығына алсын деген хат жазыппыз-мыс. Өтірік! Ондай хатты біз ешқашан жолдаған жоқпыз! «Қазақфильм» киностудиясы ұлттық құндылыққа жатпаса, онда опера және балет театрын да, Әуезов драма театрын да тартып алсын. 2010 жылы қабылданған жер актісінде киностудияға 50 жылға жалға берілген бұл жер телімі бөлінбейді деп көрсетілген. Ал 2017 жылдың 21-ші шілдесінде қалалық әкімдіктің шығарған қаулысында: Мәжбүрлі түрде тартып алсын деген талапты тайға таңба басқандай етіп жазыпты» – дейді белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов.
Әкімдіктің көкейіне құрт түсіріп, көз алартқан «Қазақфильм» учаскесінде «Қазақ хандығы» сериалының декорациясы тұрғанына бірнеше жыл болыпты. Мұндай алаңның киностудия аумағында орналасуының басты артықшылығы – алысқа кино түсіру алаңын іздеп сабылудың қажеті жоқ, онсыз да қысқа жібі күрмеуге келмейтін киностудияны артық шығыннан арылтады. Егер де Алматы әкімдігі жерді мәжбүрлі түрде тартып алатын болса, онда мұндағы қомақты қаржы жұмсап бірнеше жыл құрылған декорациялардың бәрі тып-типыл етіліп сүріледі. Осы аумақта жоспарланған «Томирис» тарихи фильміне арналған тағы бір күрделі декорацияның құрылысы жүріп жатыр. Қазақ үшін маңызы зор түсірілім осы күзде басталмақшы. Әкімдік өз дегенін істесе, оған жұмсалған миллиондар да желге ұшпақшы.
– Алматыда пайдаланылмай бос тұрған жерлер өте көп. Сол жерде тиін, аю мен барысын баға ма, өздері білсінші. Киношыларды жайына қалдырсыншы. Қалалық әкімдік аталған 5,5 гектар пайдасыз, бос жатыр дегенді алға тартады. Сол себептен, былтыр жалға алу келісім-шартын да бұзған. Енді бетке алған жобаларын жүзеге асырмай тынбақ емес, – деген қаупін ашық айтты белгілі режиссер Ермек Тұрсынов.
Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Мақсат Қиқымовтың айтуынша салынуға тиісті этноауыл қазақ тарихы, дәстүрінен сыр шертетін кешен болмақшы екен. «Осыған дейін «Қазақфильм» киностудиясы бірнеше рет бізге өтініштерін айтқан болатын. 5,5 гектар аумақты осындай жобаларға беруге қарсы емес екенін де жеткізген-ді. Әкімшілік мәжбүрлі түрде тартып алып жатыр дегендері шындыққа жанаспайды» – дейді шенеунік сүттен ақ, судан таза кейіп танытып. Олай болса үлкен өнер ұжымы неге бүгін талапты түрде қарсы шығып отыр? «Қазақфильм» мен әкімдіктің арасындағы даудың бұл басы ғана, одан әрі өрши түсетін түрі бар. Биліктің бет алысынан шошынған киностудия өкілдері өнерге жанашыр жандардың қолын жинап, хат жазып, оны Елбасына жолдап араша сұрауға бел буып отыр.
Ия, билікпен тартысу оңай емес, олардың ақ дегені – алғыс, қара дегені –қарғыс екенін жұрт жақсы біледі. Бұдан хабардар болған біздің оқырмандарымыз да алаңдаулы. Қазақ кино өнерінің қарашаңырағы, Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев сияқты белгілі тұлғалар еңбек еткен өнер ордасына бұлай қысым жасау қиянат екенін ашық білдіруде. Тау етегіндегі жерлердің қымбат болуына байланысты әкімдік оны өз қажетіне жаратпақшы деген күдік айтуда. Ол да мүмкін, олардың түпкі ойын кім тексеріп көріпті. Шынында киностудия театр емес, бүкіл декорацияны бір сахнаға сиғыза алмайсыз. Сондықтан, бұл буынсыз жерге пышақ ұрумен бірдей көрініс. Онсыз да тау баурайларын сатып-таратып болған әкімдік енді қазақ өнерінің қара шаңырағына қол сұққаны ма? Оның орнына кенже қалған осы бір өнерімізді дамытуға, қолдауға көңіл бөлгендері жөн еді ғой. Бес гектар жермен қалалық әкімдік қай жыртығын жамамақшы, есесіне үлкен бір өнердің өрісін тарылтады емес пе? Шенеуніктер алдымен осы жағын ойлағаны жөн.
Реті келгенде біздің оқырмандар тарапынан тегін ұсыныс айта кетелік. Жер керек болса Алматыдағы «Сақ қорғандары» кешені аумағында толып жатыр. Жүздеген гектар жер топырағы шығып, қурай басып қалған. Екіншіден, ол да тарихи нысан. Онсыз да ине шаншар жер қалмаған тау етегіне тықпалай бермей, олар айтқан этно-мәдени ғимаратты Құдайдың кең аймағы – «Сақ қорғандары» кешені аумағына орналастырса ежелгі тарихымызды толықтырып, мазмұны жағынан да үндесіп кетер еді. Үшіншіден, бәлен жылдан бері елеусіз қалып келген кешеннің жұмысы да жанданып сала береді. Қала тізгінін ұстағандар қазақ өнеріне жанашырлық танытып, екі жаққа да, тіпті бүкіл ұлтымызға тиімді бұл ұсынысымызды ескереді деп сенеміз...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz