Сенаттың жаңа депутаттары сайланды

4 19 тамызда Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес өткізілген сайлау жұмыстарының қорытындысымен таныстырған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Парламент Сенаты депутаттарының кезекті сайлауы өткендігін атап көрсетті. Онда Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Парламент Сенаты депутаттары сайлауының толық қорытындысын жария етіп, тиісті қаулы қабылдады. «Еліміздің Конституциясына және «Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, Парламенттің жоғарғы палатасына 16 депутат, яғни әр облыстан, Астана және Алматы қалаларынан бір-бір депутаттан сайланды. Қазақстан Республикасының Үкіметі және жергілікті атқарушы органдар Елбасының ұйымдастырушылық, қар­жылық, материалдық-тех­никалық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын уа­қытында орындады. Элек­торалдық науқан барысында Сенат депутаттығына барлығы 96 үміткер ұсынылды. 2008 жылы ұсынылған үміткерлер саны 88 болатын. Нәтижесінде, 39 адам Сенат депутаттығына кандидат болып тіркелді және олардың аты-жөндері мен тегі жасырын дауыс беру бюллетеньдеріне енгізілді. 2008 жылы дауыс 37 кандидатқа берілген болатын», – деген ОСК төрағасы тізімге енгізілген 3 мың 283 таңдаушының 3 мың 172-сі немесе олардың жалпы санының 96,6 пайызы дауыс беруге қатысқанын мәлім етті. 2008 жылғы Сенат сайлауында 213 бюллетень жарамсыз деп танылса, осы жолы 26 сайлау бюллетені жарамсыз деп танылыпты. «Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларының дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттамалар негізінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 2011 жылғы 19 тамызда Парламент Сенатының депутаттары болып Астана қаласынан Владимир Редкокашин, Алматы қаласынан Ақан Бижанов, Ақмола облысынан Жабал Ерғалиев, Ақтөбе облысынан Елеусін Сағындықов, Алматы облысынан Ләззат Тұрлашов, Атырау облысынан Қайрат Ищанов, Шығыс Қазақстан облысынан Талғатбек Абайділдин, Жамбыл облысынан Ертарғын Астаев, Батыс Қазақстан облысынан Рашид Ахметов, Қарағанды облысынан Серік Ақылбай, Қостанай облысынан Жеңіс Нұрғалиев, Қызылорда облысынан Мұрат Мұхамедов, Маңғыстау облысынан Бақтыбай Шелпеков, Павлодар облысынан Асхат Күзеков, Солтүстік Қазақстан облысынан Самат Ескендіров, Оңтүстік Қазақстан облысынан Қуаныш Айтаханов сайланғанын анықтады», – деді Қ.Тұрғанқұлов.ОСК Төрағасы келтірген деректер бойынша, жаңа сайланған Сенат депутаттарының орташа жасы 50-ден асады. Мамандықтары бойынша 7-уі инженер, 3-і экономист, 1-і заңгер, 5-і өзге мамандық иелері. Қ.Тұрғанқұлов олардың жетеуі қазіргі депутаттар екенін, барлық сайланған депутаттар «Нұр Отан» ХДП мүшелері екенін айтып өтті. Жаңадан сайланған Парламент Сенатының депутаттарының алты мемлекеттік органда­рдың қызметкерлері, екеуі коммерциялық құрылым­дар­дың өкілдері, ал біреуі уақытша жұмыссыз.