Президент Қызылордадағы көпірдің ашылуына қатысты

55 Қызылорда облысында жұмыс сапарымен жүрген Елбасы қала шетіндегі темір жол үстіндегі көпірдің ашылу рәсіміне қатысты. Аталмыш шара барысында ҚР Президенті халық игілігі үшін жасалып жатқан мұндай ауқымды шаралардың ел аумақтарында жалғасын таба беретіндігін тілге тиек етті. Бұдан соң теміржол арқылы өтетін көпірдің құрылысымен танысты. Өткелдің сметалық құны 1 642,0 млн. теңге тұрады. Оның ішінде 1 356,0 млн. теңгенің құрылыс-құрастыру жұмыстары атқарылды. Ал жалпы ұзындығы 887 метрге тең. Болжам бойынша, тәулігіне 12 562 автокөлікті өткізе алады. Жол айрығы арқылы автокөлік қозғалысын өткізу жылдамдығы артады, сондай-ақ қауіпсіздікті күшейту және темір жолдарды пайдалануда қалыпты жағдайға мүмкіндік ашылады. Сонымен қатар, қала мен қалаға іргелес елді мекендер үздіксіз автокөліктік байланыспен қамтамасыз етіледі және Қызылорда қаласы арқылы өтетін транзиттік автокөліктерге қолайлы жағдай туады. Жобаның қала орталығы мен шет аймағы аралығындағы жүк және жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету жағынан маңызы өте зор екен.